Перейти к содержимому

Кітап оқитын ұлт – озық ұлт

173 қаралым

       Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Кітап оқу арқылы адамның дүниетанымы кеңейіп, ойлау қабілеті дамиды, сөздік қоры молаяды.

     «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында кітапханаларда оқырмандармен түрлі жұмыстар жүргізілуде. Алматы облысы Балқаш ауданының Бірлік ауылдық кітапханасында осы марафон аясында кітапхананың тұрақты оқырманы Сағынбек Өмешовтың қатысуымен кітап оқу мәдениетіне байланысты тағылымды сұхбат өтті. Кездесу барысында тұрақты оқырман өзі оқыған кітаптары туралы айтып, алған әсерімен бөлісті. Оның пікірінше, әрбір оқылған шығарма оқырманға жаңа ой салып, рухани дүниесін байытады.  Сондай – ақ, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға әрбір азамат өз үлесін қосуы қажеттігін атап өтті. Осындай кездесулер оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының мақсаты да – кітаптың қадірін ұғындырып, оқырман санын арттыру.

      Кітап оқу – тек білім алудың жолы емес, рухани кемелденудің де негізі.  Ендеше, кітапты өмірлік серігімізге айналдырып, жас ұрпақты кітап оқуға бірге баулиық! Кітап оқитын ұлттың болашағы жарқын, рухани әлемі бай болмақ!

 Алмагүл МӘДИЕВА,

Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы

Балқаш ауданы

↑