Перейти к содержимому

ҚҰЛМАМБЕТТІҢ ҚҰЛЫНЫ

101 қаралым

Адам ғұмырының ұзақтығы жылмен өлшенбейді екен. Оның шын өлшемі – соңында қалдырған ізі, ел жүрегіндегі орны. Біреу ұзақ жасап, ұмыт қалады. Енді бірі қамшының сабындай қысқа ғұмырында тұтас бір дәуірдің жүгін арқалап кетеді. Менің бала күнгі досым, оқушы кезде айтыс сахнасында сан рет сөз таластырған құрдасым Оразалы Досбосынов сондай сирек жаратылған жанның бірі еді.

Оразалы десе, көз алдыма ең алдымен бала күнгі бейнесі келеді. Отты жанары, жарқын жүзі, ұшқыр сөзі, орташа ғана бойы, теңіздей терең ойы, шынайы бар болмысы күні кешегідей жадымда сақтаулы. Қатарластарының арасында қашанда оқ бойы озық жүретін. Біз әлі балалықтың бал дәуренін кешіп жүргенде, ол сөздің салмағын сезініп үлгерген екен. Қарапайым әңгіменің өзін құбылтып айтатын. Ойламаған жерден тауып сөйлейтін. Қалжыңының өзінде қадір, әзілінің астарында ақыл жататын. Болашақта қазақ айтысының маңдайына біткен жарық жұлдызына айналатынын сол кезде-ақ көрсетіп еді жарықтық.
Оразалының бойындағы ақындық қасиет ерте оянды. Сөз өнеріне деген құштарлығы мектеп қабырғасында-ақ байқалды. Оның табиғи талантын танып, өнердің өріне жетелеген жанның бірі – ұстазы Хасенәлі Саматыров. Ол кісі бала Оразға айтыстың сан түрлі мақамын үйретті. Сөз саптаудың сырын ұқтырды. Домбыра мен жүректің үндестігін сезіндірді. Сол тәлім Оразалының өнер жолындағы алғашқы баспалдағы болды. Екінші ұстазы Хасен ағамыздың ізіндегі іні досы Даубай Әбдісаев та Орекемнің айтыс аспанында еркін қанат қағуына зор үлес қосты. Жақында ғана бақилық болған қарасаздық Дариға Саламатова апайымыздың да аналық мейірімі мен ұстаздық тәлімі Ораздың бойына қуат бергені рас. Ал өзінен бірер көйлек бұрын тоздырған қанаттас аға досы Кемелбай Сағымбеков екеуі бір ауылдың қос ақыны атанғанын ұмыта қоймаспыз.
Бірақ Оразалының ақындығын тек табиғи дарынмен түсіндіру аздық етеді. Ол көп оқитын. Кітапты жанына серік етті. Халық ауыз әдебиетінің тұнығынан қанып ішті. Бұрынғы өткен ақындардың жырларын зердесіне тоқыды. Қазақ сөзінің құнарын, тілінің тереңдігін бойына сіңірді. Сондықтан оның айтыстағы әрбір теңеуі тың естілетін. Әрбір жауабының астарында білім жататын. Қарсыласын құр айқаймен емес, ойдың қуатымен жеңетін. Сөздің киесін білетін. Сөзге тоқтайтын. Сөзді тоқтататын.
Оның сахнаға шығуының өзі бір бөлек әңгіме еді. Домбырасын қолына алып, қалың жұрттың алдына жайғасқан сәттен-ақ елдің назары Оразға ауатын. Отырысының өзінде өрлік бар еді. Жүзінен сенім шуағы сезілетін. Алғашқы мақамын бастағаннан-ақ айтыс алаңы жанданып сала беретін. Тыңдаушының жүрегіне жол табатын ерекше бір қуаты болатын. Алғаш «Құлмамбеттің құлынымын!» деп құлдыраңдап шыққан сол бала кейін қазақ айтысының ақтаңгеріне айналды. Бұл сөз оның сахналық ұраны ғана емес, баба рухына адалдықтың белгісі еді. Бұл – айтыс өнерінің алдындағы перзенттік парыздың көрінісі іспетті.
Құлмамбеттей дүлдүлдің ізін жалғау оңай ма?! Бір күнде 9 ақынға тосқауыл қойған бабасының өнердегі өрлігін Оразалы да бойына дарытты, тарих қайталанды. Оның бір күнде 5 ақынмен айтысқанын ел әлі күнге сүйсініп айтады, Оразын сағынып айтады. Бұл жай ғана жүйріктік емес, ақындық қуаттың, зерде тереңдігінің, жүректегі оттың айғағы. Оразалының өзгелерге ұқсамайтын өз әлемі болды. Ол айтысқа жаңа леп әкелді. Сөздің бұрын байқалмаған бояуын ашты. Тың теңеулер тапты. Көнеден жеткен көркем тіркестерді жаңаша сөйлетті. Қарсыласының бір ауыз сөзінен тұтас бір ой өрбітетін. Айтыстың аламанын нағыз өнер мерекесіне айналдыратын.
Әттең, өнер адамының тағдыры қашанда жеңіл бола бермейді ғой. Оразалы да талай қуанышты күнді бастан өткерді. Халықтың ыстық ықыласына бөленді. Зал толы жұрттың тік тұрып құрмет көрсеткен сәттері аз болған жоқ. Бірақ сол қошеметтің көлеңкесінде көңілге қаяу түсірген әрекеттер де жатты. Аяқтан шалу да болды. Шетқақпай да жасалды. Ақынның нәзік жүрегіне түскен салмақты сырт көз қайдан білсін?! Кейде бәрінен баз кешкісі келетін. Айтыстың аламанынан біржола кетуді ойлайтын. Ондай сәттерде оның көңіліндегі құлазуды сезінетінбіз. Бірақ Оразалы өнерден алыстай алмады. Өйткені айтыс оның таңдаған кәсібі ғана емес, жаратылысы еді. Домбыраның қос ішегінде оның жүрегі соғатын. Қалың елдің қошеметінде оның жаны тыныстайтын. Ол сахнаға қайта оралғанда бәрі ұмытылатын. Баяғы отты жанар, баяғы өр мінез, баяғы құйқылжыған мақам… Халық тағы да дүр сілкінетін. Оразалы тағы да өз биігіне көтерілетін.
Жалпы Оразалының бойында ақынға тән асқақтықпен қатар балаға тән аңғалдық та бар еді. Ол өнерге есеппен келген жоқ. Жырды жүрегінің әмірімен айтты. Атақ үшін емес, ақиқат үшін сөйледі. Сол мінезі оны биікке көтерді. Сол мінезі кейде өзіне ауыр тиді. Тағдыр оның маңдайына ұзақ ғұмыр жазбапты. Орда бұзар отыздың қақпасын енді ашатын тұста айтып келмейтін ажал орақ тілді Оразалыны ортамыздан алды да кетті. Жыладық! Қалдық! Осылайша айтыстың аспанында еркін самғаған қыранның қанаты ерте қайырылды. Бірге өскен досынан айырылу кімге болса да оңай емес! Кеше ғана қатар жүрген құрдасыңның енді естелікке айналғанына сенгің келмейді. Көңіл оны әлі іздейді. Құлақ таныс мақамын аңсайды. Көз сахнадағы отты бейнесін күтеді. Осындайда Мұқағали ақынның «Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы» деген сөзі еске түседі. Оразалы да өнердегі бар мүмкіндігін сарқып үлгермеген жүйрік еді. Айтылмаған жыры қалды. Ашылмаған қыры қалды. Қазаққа берері әлі көп еді. Алайда шын ақынның ғұмыры тәнімен бірге тоқтамайды екен. Данышпан Абай атамның: «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дегені осындайда еріксіз ойға оралады. Оразалының жыр ғұмыры жалғасып келеді. Оның мақамы халық жадында сақталды. Тапқыр сөздері ел аузында жүр. Өнердегі өр мінезі жас ақындарға өнеге болып қалды. Дегенмен көңілде бір алаң бар еді. Жылдар жылжып, уақыт алыстаған сайын Оразалының есімі сирек атала бастағандай көрінетін. Ара-тұра еске алу кештері өтетін. Сағынышқа толы сөздер айтылатын. Бірақ оның өнерін жас ұрпақтың жүрегіне жеткізетін тұрақты дәстүр қажет еді. Сол игі істің алғашқы қадамы ақынның 50 жылдығында жасалды. Оразалы Досбосынов атындағы республикалық оқушылар айтысы бастау алды. Бұл – ақын рухына көрсетілген құрмет қана емес, үзілгендей көрінген өнер сабақтастығын қайта жалғаған тағылымды іс болды. Қуанарлығы, сол бастама жалғасын тауып келеді. Райымбек ауданының әкімі Дастан Құдабаевтың қолдауымен биыл да Аспантаулар аясында жас ақындардың жыр додасы өтті. Кеше ғана Оразалы құлдыраңдап шыққан сахнаға енді бүгінгі жеткіншектер көтерілді. Олардың әрқайсысының жүрегінде өнерге деген құштарлық бар. Әрқайсысының арманында үлкен айтыстың биігі тұр. Осы көріністің өзі көңілге медеу.
Ақынын ардақтаған елдің рухы биік болады. Өрен жүйрігін ұлықтаған жұрттың ертеңі еңселі келеді. Дастан Құдабаевтың бұл айтысты жыл сайын өткізуге ниет білдіруі – құптарлық қадам. Себебі Оразалының есімі бір күндік естелікпен шектелмеуі керек. Оның өнері ұрпақтан-ұрпаққа жетуге тиіс. Мен үшін осы айтыстың орны ерекше. Жас ақындардың жүзінен баяғы Оразалының балалық бейнесін іздеймін. Олардың тапқырлығынан досымның ұшқыр ойын көргім келеді. Домбыраның күмбірінен таныс мақамын естігендей боламын. Сондай сәтте Мұқағалидың «Сәл ғана мызғып ап, қайтадан тұрармын» деген жыр жолдары ойыма оралады. Иә, Оразалы қайта тұрғандай. Ол бүгін жас ақындардың жырында, домбыраның қос ішегінде жүр. Құлмамбет бабасының рухы қалықтаған қасиетті өлкеде жүр. Ең бастысы, оны ұмытпаған халқының жүрегінде жүр. Уақыт бәрін өз орнына қояды. Кешегі өкпе де, өнер жолындағы кедергілер де ұмытылады. Ал шынайы талант ұмытылмайды. Өнердің алдында пенделік тартыстың бәрі аласарып қалады. Биікте тек ақынның сөзі, халыққа қалдырған мұрасы тұрады. Оразалының тағдырына аз ғана дәурен бұйырды. Бірақ сол қысқа ғұмырдың әр сәті жырға айналды. Ол қазақ айтысының тарихына өз қолтаңбасын қалдырды. Құлмамбеттен жеткен қасиетті өнердің шырағын биік ұстады. Бүгінде сол шырақ жас жүректерде қайта маздап келеді. Бала күнгі досымды ойласам, көңілімде сағынышпен бірге мақтаныш та оянады. Біз бір дәуірдің балалары едік. Бір кездері Аспантау мен Қарадала арасын қара өлеңмен жалғастырған белгілі ақын Бақыт Беделхан, «Шалқар» радиосының редакторы Бақыт Жағыпарұлы үшеуіміз бас қосқан сәтте Оразымыз ортамызға оралғандай күй кешеміз. Қайталанбас күндер мен қайта оралмас сәттер санамызға сәуле құйып, жадымыздағы Ораз жанымызда тұрғандай әсерленеміз. Өйткені біз бір топырақтың перзенттері едік. Оразалы сол ортадан суырылып шығып, күллі қазақтың Оразына айналды. Енді оның ғұмыры жылмен емес, жырмен өлшенеді.
Құлмамбеттің құлыны еді. Қазақ­тың тұлпары болды. Ғұмыры қысқа болғанымен, жырының жолы ұзаққа созылды. Жатқан жерің жарық, жырдағы жолың мәңгілік болсын, Оразалы! Сенің орның айтыстың төрінде, бейнең біздің жүрегімізде!

Жұматай ОСПАНҰЛЫ,
«Құрмет» орденінің иегері

Халықтың жүрегіндесің…

Аспантаудың талантты түлегі едің,
Өлеңнің тұғырында түлен едің,
Жүз жылда ел бағына бір туылар,
Көдектің қайта соққан жүрегі едің.

Бүршік атып бұла жыр жүрегіңнен,
Ақын едің жігеріне жыр егілген.
Пəни дүниенің босанып шідерінен,
Бақилық боп кеттің-ау бұл өмірден.

Мен туған жер алыстан мұнартады,
Сен туған жер жаныма мұң артады.
Дел-сал бір түсініксіз күй кешемін,
Үзіліп үмітімнің қыл арқаны.

Сен айтыссаң, тұрушы ем: «А, Құдайлап!»
Жауға жалғыз шапқандай «Абылайлап!»
Халықтың қамын жейтін қарғам едің,
Пеш айналмай, тірліктің қамын ойлап.

Топқа қосып жүруші ем құлыныңнан,
Теріңді алып ұзатпай құрығымнан.
Қанатың қатайғанда томағасыз,
Ұшырып жіберіп ем тұғырыңнан.

Хантəңірі қыранындай самғап едің,
«Қолдай гөр бір құлыңды, Алла!» – дедім.
Кешегі Қойдым, Шарғын, Құлмамбеттің,
Жаңғыртып жалын жырын жалғап едің.

Жалғап едің, биікке самғап едің,
Самғап едің, алаулап жанған едің.
Жас қырандай жарқ етіп мерт болдың-ау,
Іші өртеніп артыңда қалды-ау елің.

Жігіт едің жолдастың жолында өлер,
Жомарт едің жалғыз ат, тонын берер.
Құдайдың сүйген құлы болсаң егер,
Пейіштің дəл төрінен орын берер.

Бір Құдай ұл-қызыңның тілеуін берсін,
Тілеуімдесің, сен мəңгі жыр еліндесің.
Бағыштасам, баталы Құранымдасың,
Өнер сүйген халықтың жүрегіндесің.

Даубай Мамытұлы,
ақын

↑