Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жүйесіндегі әлеуметтік қызметкерлердің маңызы

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жүйесіндегі әлеуметтік қызметкерлердің маңызы

97 қаралым

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету жүйесінде әлеуметтік жұмыс халық денсаулығын сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі саналады. МСАК емханаларында қызмет ететін әлеуметтік қызметкерлер медициналық көмек пен әлеуметтік қолдауды өзара байланыстыра отырып, пациенттердің өмірлік қиын жағдайларын еңсеруіне ықпал етеді.
Әлеуметтік қызметкерлердің негізгі міндеті – аталуы көмекті қажет ететін топтарға жататын азаматтарды дер кезінде анықтау және оларға қажетті қолдау көрсету. Олардың қатарына қарттар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, жалғызбасты азаматтар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылар, сондай-ақ созылмалы аурулары бар пациенттер жатады. Әлеуметтік қызметкер әрбір пациенттің әлеуметтік жағдайын бағалап, тиісті мемлекеттік және қоғамдық ресурстарға бағыттайды.
МСАК деңгейінде әлеуметтік жұмыс отбасылық дәрігерлермен, мейірбикелермен және психологтармен тығыз байланыста жүргізіледі. Командалық тәсіл пациенттің медициналық қана емес, әлеуметтік және психологиялық мәселелерін де кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде емдеу тиімділігін арттырып, аурудың асқыну қаупін төмендетеді. Сонымен қатар, әлеуметтік қызметкерлер профилактикалық бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысады. Олар отбасындағы әлеуметтік шиеленістердің алдын алу, медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру, әлеуметтік қолдау шаралары туралы халықты ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді. Мұндай қызмет тұрғындардың медициналық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Қазіргі таңда МСАК емханаларындағы әлеуметтік жұмыстың маңызы артып келеді. Әлеуметтік қызметкер – пациент пен медициналық ұйым, сондай-ақ әлеуметтік қорғау жүйесі арасындағы байланыстырушы буын ретінде өз міндетін атқарып келеді. Олардың кәсіби қызметі қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға және халықтың өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қосуда.


Юсупбек МҰСАБАЕВ,
әлеуметтік қызметкер
Еңбекшіқазақ ауданы

↑