Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Отбасы амандығы – қоғам тұрақтылығының негізі

Отбасы амандығы – қоғам тұрақтылығының негізі

55 қаралым

Президенттің биылғы Жолдауында халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылғаны көңіл қуантады. Өйткені бұл бастамалардың барлығы, ең алдымен қарапайым отбасылардың өміріне, балаларымыздың болашағына тікелей әсер етеді.


Аналар кеңесінің мүшесі ретінде мені, әсіресе, балалардың сапалы білім алуына, медициналық қызметтің қолжетімді болуына және ауылдық жерлерде қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға қатысты мәселелер толғандырады. Бала тәрбиесі – тек ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан мектеп, отбасы және қоғамдық ұйымдар арасындағы байланысты нығайтуымыз қажет.
Президенттің инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау және мұғалімдердің артық әкімшілік жүктемесін азайту жөніндегі ұстанымы да өте маңызды. Әр баланың қабілетін ашуға мүмкіндік беретін орта қалыптасуы керек. Баланың дені сау, білімі сапалы, тәрбиесі өнегелі болуы – кез келген ананың арманы.
Еңбекшіқазақ ауданында ауылдық елдімекендер көп. Сондықтан жаңа мектептер мен медициналық нысандар салу, сапалы ауызсу мен жол мәселесін шешу секілді бастамалар аудан тұрғындары үшін де өзекті. Ауылдағы аналар мен балалардың қажеттіліктері назардан тыс қалмауы тиіс.
Жолдауда айтылған «Заң мен тәртіп» қағидаты да отбасындағы тәрбиеден басталады деп ойлаймын. Балаға кішкентайынан жауапкершілікті, адалдықты, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті үйретсек, ертең қоғамда да осы құндылықтарды ұстанатын азаматтар қалыптасады.
Біздің тілегіміз – әр шаңырақта тыныштық, әр отбасында береке болсын. Мемлекет тарапынан қолға алынған игі бастамалар халықтың әл-ауқатын арттырып, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашсын!

Роза ИСАТАЕВА, Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы

↑