Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / СӘТБАЕВТІҢ ШАПАНЫ – БИІК ОЙДЫҢ СИМВОЛЫ

СӘТБАЕВТІҢ ШАПАНЫ – БИІК ОЙДЫҢ СИМВОЛЫ

113 қаралым

Алматы қаласындағы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемориалдық музейінде ұлы ғалымның өмірі мен қызметіне қатысты сақталған жәдігерлердің ішінде ерекше назар аударатын бұйымдардың бірі – оның шапаны. Бұл шапан Қаныш Имантайұлына 50 жасқа толуына орай экономика секторының ұжымы тарапынан сыйға тартылған. Бұл жай ғана ұлттық киім емес, сонымен қатар өз дәуірінің куәсіндей болып, көрген адамға көрнекті ғалымның сыртқы келбетін, тұлғалық болмысын елестетуге мүмкіндік беретін құнды мұра.
Шапан өзінің үлкендігімен ерекшеленеді. Оған қарап тұрып, бойы биік, дене бітімі мығым, сымбатты Қаныш Имантайұлының кескін-келбетін, тік ұстаған тұлғасын, байсалды жанарын көз алдыңа елестетесің. Арада қаншама жыл өтсе де, бұл жәдігер өзінің иесін әлі күнге дейін көз алдымызға әкелгендей әсер қалдырады. Музейге келген әрбір адам осы бұйым арқылы ұлы геологтың өмір жолымен ғана емес, қазақ халқының абыройы мен ұлттық мақтанышына айналған тұлғаның адамдық болмысымен де танысады.
Қазақ мәдениетінде шапанның орны ерекше. Ежелден ол құрмет пен сыйластықтың, береке мен мәртебенің белгісі саналған. Шапан сыйлы адамдарға, қадірлі қонақтарға, батырларға және елге еңбегі сіңген тұлғаларға тарту етілген. Сондықтан музейдегі бұл жәдігердің де символдық мәні зор. Ол есімі Қазақстаннан тысқары жерлерге де танылған ұлы ғалымның ұлттық дәстүрмен, туған халқының мәдениетімен тығыз байланысын танытады.
1947 жылдың наурыз айында Қаныш Сәтбаев Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің делегациясы құрамында Ұлыбританияда болды. Лондон қаласында жүрген кезінде ол Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Уинстон Черчилльмен кездескен.
Қазақ ғалымының биік бойы мен еңселі тұлғасы Черчилльдің назарын аударған екен. Оның бойына таңғалған Черчилль:
– Қазақтардың бәрі сіздей ұзын бойлы ма? – деп сұрапты.
Сонда Қаныш Имантайұлы өзіне тән тапқырлықпен:
– Жоқ, мистер Черчилль, қазақтардың ішінде мен, сірә, ең кішкентайымын. Менің халқым менен де биік! – деп жауап берген екен.
Бұл жауаптан ғалымның қарапайымдылығы, даналығы және туған халқына деген шексіз сүйіспеншілігі айқын көрінеді. Сәтбаев өзінің бойын немесе жеке басының жетістіктерін алға тартқан жоқ. Керісінше, осы сәтті пайдаланып, өз халқының ұлылығын таныта білді.
Оның жауабындағы «биік» сөзі терең мағынаға ие болды. Бұл жерде әңгіме адамның бой өлшемі немесе дене бітімі туралы ғана емес, халықтың рухани күші, қадір-қасиеті, бай тарихы мен ішкі биіктігі туралы еді.
Бүгінде музей экспозициясындағы үлкен шапанға қарап тұрып, Қаныш Имантайұлының айналасындағыларға қандай әсер қалдырғанын еріксіз елестетесің. Оның биік бойы сыртқы келбетінің бір ерекшелігі болғанымен, Сәтбаевтың шынайы ұлылығы мүлде басқа қырынан көрінді.
Ол тек көрнекті геолог, академик және Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті ғана емес, бүкіл өмірін ғылымның дамуына, туған жерінің табиғи байлықтарын зерттеуге және Қазақстанның өркендеуіне арнаған біртуар тұлға еді.
Оның Жезқазған кен орнын зерттеуге қосқан үлесі, ұйымдастырушылық қабілеті мен отандық ғылымның қалыптасуындағы еңбегі еліміздің тарихында ерекше орын алады.
Музей экспозициясындағы шапан бірнеше маңызды тарихи құндылықты бір арнаға тоғыстырғандай: ұлттық дәстүр, ұлы ғалымның тұлғасы және оның Черчилльмен кездесуінде айтылған әйгілі жауабы.
Сондықтан да бұл жәдігер ерекше құрмет сезімін тудырады. Біздің алдымызда жай ғана үлкен өлшемді киім тұрған жоқ. Бұл бойы биік болса да, өзін ешқашан халқынан жоғары қоймаған, қарапайымдылығын сақтаған ұлы адамның өмірінен сыр шертетін тарихи мұра.
«Менің халқым менен де биік!» – деген сөз бүгінгі ұрпаққа да өсиет болып жеткендей.
Қаныш Сәтбаевтың биіктігі тек бойымен өлшенбейді. Оның биіктігі – терең білімімен, ерен еңбегімен, туған жеріне деген адалдығымен және халқына деген шексіз сүйіспеншілігімен өлшенеді.
Ұлы ғалымның жеке заттары музейлерде көздің қарашығындай сақталып, кейінгі ұрпақ оның өмір жолымен танысып отырған кезде, Қаныш Сәтбаевтың рухани биіктігі де халқымызға үлгі болып қала бермек.

Дариға КИРБАЕВА,
академик, Қ.И. Сәтпаев мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері

↑