Перейти к содержимому

Жыр арқауы – Тәуелсіздік

209 қаралым

Ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай Талғар қаласында «Тәуелсіздік –тұғырым» атты жас ақындар мүшәйрасы өтті.  Аталған жыр додасы  небәрі 23 жасында өмірден өткен ақын Бағжан Бақбергенұлының рухына арналды. Мүшәйраға аудандағы колледждер бен мектеп оқушылары қатысты.

Бағжан Бақбергенұлы  Талғар ауданы Кеңдала ауылындағы № 36 мектепте білім алған.  Оқушы кезінен-ақ  өлең жазуға ден қойып, аудандық, облыстық және республикалық мүшәйрада жүлдегер атанған. Қазақтың көрнекті ақындары Мұхтар Шаханов пен Исрайл Сапарбайдың батасын алған. 18 жасында «Тағылым тамшылары» аты жыр кітабын жарыққа шығарып, өлеңсүйер қауымның  ықыласына бөленген. Оның  өлеңдерінде  патриоттық рухта жазылған жырлар аз емес. Отан, туған ел, Тәуелсіздік тақырыптарына кеңінен қалам тербеген. Амал не, талантты жастың өмірі тым қысқа болды.

Мүшәйраға 12-22 жас аралығындағы жас ақындар қатысты.  Олар Тәуелсіздік тақырыбын арқау еткен және еркін тақырыптағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Қатысушылардың дені 8-11-сынып оқушылары болғанымен, жыр додасында жас мұғалім де бақ сынады.

Өлеңдерді қазылар алқасы бағалап, үздіктерді анықтады. Нәтижесінде бірінші орын Айғаным ауылындағы №50 мектептің мұғалімі Тынышбай Әділғазыға бұйырды. Ал екінші орынды №36 мектеп оқушысы Мұңғылжан Нұрислам  мен  №50 мектептен келген Еділжан Тоқтарбай өзара бөлісті.

Бауыржан Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясының  9-сынып оқушысы  Нәсілбек Жансерік пен Ыбырай Алтынсарин атындағы №49 мектептің 11-сынып оқушысы Ғайни Түзелбек бағалы сыйлықпен марапатталды.  Жыр бәйгесіне қатысқан барлық оқушыға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт  бөлімінің Алғыс хаты мен  Бағжан Бақбергенұлының  «Тағылым тамшылары», «Өлеңім, мені әлдиле» атты жыр кітаптары табысталды.

– Мен Бағжанды жақсы білемін. Жас та болса Талғар ауданы әкімнің «Жыл үздігі», «Самғау» жастар сыйлығының және үздік «Жас әдебиетші» сыйлығын иеленгені тегін емес. Сондай-ақ Тұманбай Молдағалиевтің  90 жылдығына  орай  өткен республикалық  жыр мүшәйрасының жүлдегері атанды. Бүгінгі жыр додасы Бағжан сияқты таланттарды көру, елге таныту болды.  Күні ертең осы жастардың арасынан  Бағжан сияқты ақындар шығуы мүмкін, – деді қазылар алқасының төрағасы, ақын Камнұр Тәлімұлы.

Жексен САҒЫМБЕКҰЛЫ

Талғар ауданы

↑