Жылнаманы парақтасақ, қозғап көрсек арғыны, Түркеш, Қарлұқ, Қарахандар қағанаты, хандығы, мемлекеті ұйысқанда, ту ұстарда барлығы – Суяб, Құлан, Тараз және Баласағұн дейтұғын бас қаладан таралыпты көшелі елдің жарлығы!
Қыпшақ, Қазақ даласының ұлы ордасы тігілген Сығанақ пен Сарайшыққа төрт тараптан жүгінген кездер де өткен күні кеше Түркістанға тәу етіп, Семейге де Алаш Орда сенім артып үңілген. Әлихан мен Міржақыптың, Ахметтің зиялы аруағын қалай ғана айтпай кетем бүгін мен!
Арпалысқан Алаш ұлы талай жерде дес берді, қарымды мен қарулыдан қайта-қайта сес көрді. Өмір-ағын шаңырағын бір түзеткен жылдары ұлы төрім Орынбордан Ақмешітке көшкен-ді. Етек-жеңін және түзеп, Алатаудай төскейді бетке алғанда енді мұрат орындалар деп сенді. Расында, Алматыда орындалып арманы, қазағымның қара орманы өркен жайып өскен-ді.
Жетпіс жылдай желкілдеген Совет низам ескіріп, «Тәуелсіздік!» деген тәтті сөз де жылы естіліп, ақырында азат таңы атқан кезде хош күліп, сағым дала – Сарыарқаның сауырына көш жүріп, Ақмоланы астана етіп, бас қала етті есті жұрт!
Бұл Астана күмбіріне құлақ түрсек не естілер? Сесті бабам сары далада салқам ғұмыр кешті дер. Дешті Қыпшақ байтағында, Бозоқ деген шаһарда, боз жусанның арасында өркен жайып өсті дер.
Ерте көне ғасырларда көшпелі елді билеген, қарсы келген қас дұшпанын саз балшықтай илеген Жошы, Бату, Орда Ежен, Тайбұғының елесі қалған кеше қасиетті атамекен жер осы!
Шүбәлансаң, таңбаланған тарихыңды қарап көр, шым-шытырық шежіреге үңіледі санатты ер. Он жетінші ғасыр келіп, орыс еніп ішкері, бірте-бірте бекініске айналды бұл Қараөткел.
Басынғанға бағынбады көкжал бөрі ер Кене, шамырқанып ерге қонды, бас иеді ол неге?! Атой салып Ақмолаға кірді бірде қаймықпай, қаһарланып қамалды өртеп, ат ойнатты кермеде.
Тілекті Алла бермеді әттең, болды бұл бір ауыр күн – 1838, 26-сы мамырдың! Сетер қылыш серпілді де майдан шебі майырылды, содан кейін ғазиз елім қаншама ерден айырылды.
Кемел жұрттың кетілген сол кенересі толғанша, дәуір көші жүріп өтер сынақ толы жол қанша? Жүз алпыс жыл керек болды әлі арада азапты, бұл Ақмола әз қазақтың Астанасы болғанша.
Жиырмасыншы ғасыр келді, жасыл белді қусырған. Тасыр келді биліктегі арам ойлы қу-сұмнан. Сұр саясат зұлмат салып, зәрін шашты баршаға, құба жонды түнек басты, зар естілді қаншама! ҚарЛаг, АЛЖИР, Долинкада орнағанда қара күн, жиырма мыңдай әйел заты жасқа малды жанарын.
«Тың өлкесін құрамыз» деп шығарды да бір кесім, аямай-ақ жұлмалады кең даланың жүлгесін, тілден, ділден бірте-бірте алыстатып қазақты, өктемдікпен бөліп алмақ болып елдің іргесін ұмтылғандар ұмытылды, заманы өтті озбырдың. Сарыарқадан самал есті, жарқырады бозғыл күн!
Енді, міне, Ғазиз кеше ән шырқаған Қараөткел, қалай-қалай түрленді екен қарап көр! Сұлу ару сылаң қағып, сыр аңдар, ертеңіне сенімді ерен Санатты ер!
Тең тұтып ем тәуекел мен сабырды, сыйлады Алла сары алтындай бағымды, Астанасын көреміз деп Алаштың, алты құрлық ат сабылтып ағылды.
Енді, міне, дала да өлең, көк те өлең, отыз жылда өрістеген, көктеген, алаңдамай мұратына беттеген ел-жұртымның көкжиегі көгілдір. Өркениет өрнектеген өңір бұл. Талай ғасыр арманына жетпеген халық едік, отыз жылда лағыл нұр… Сабыр, сабыр, және тағы сабыр қыл!
Символындай әділет пен құқықтың, ел мен елдің, ұлық пенен кішіктің, ер мен әйел, билік пенен бұқара, бәрі дағы Ұлы Күннен күш ала, игілікке, жаңаруға ұмтылған, теңдік елі – біздің өлке жыр тұнған.
«Болашағы баянды елдің бекем болар бірлігі!» деген датқа жиі-жиі жүгінеміз бұл күні. Алдағы асқақ арманына жету үшін әз қазақ, ең алдымен өз бірлігін шыңдау керек, шындығы.
Іргемізден үн қатқанда жаһандану үрдісі, ірі болу үшін-дағы ұйысудың үлгісі керектігін жатыр күнде қайта-қайта дәлелдеп, бекем бірлік биігіне жеткен елдер тұрмысы.
Іңкәрлігі шын ғашықтай, бір-біріне бауырмал болса, шіркін, туған-туыс, жақын-жегжат қауым бар. «Отан!» десе от жүрегін жалындатса, маздатса, санасына сымбаты сай нәркес қыздар, нар ұлдар.
«Мәңгілік Ел» боламыз деп ғасырлардан асатын, бабалардың өнегесі бізге сабақтасатын ұлы істерді жасампаздық ізденіспен жалғаған, мәртебелі Қазақстан халқы мәңгі жасасын!
Құдіреті күшті Алла, рақым етіп пендесінің қателігін кешірген, сақта дәйім апаттардан сұрапыл, қастандықтан, дұшпандықтан, мың бір атты, жүз бір атты пәле, жала, кесірден!
Бұл Астана – Отанымның жүрегі, саясат пен парасаттың тірегі, ғылым-білім өрістеген елімді алыс пенен жақын түгел біледі.
Бұл Астана – Сарыарқаның самалы, жасыл белдеу орман-тоғай алабы – бас қаланың қолқасы мен өкпесі, келешектің жарқыраған жанары!
Бұл Астана – бейбітшілік бесігі, ырысты елдің еш ортаймас нәсібі!
Бұл Астана – тоғыз жолдың торабы, кешегі өткен Ұлы Жібек сорабы. Бізді әлі әуемен де, жермен де, ғарышпен де үндескен һәм жалғасқан келешекке жетелейді жол әлі.
Бұл Астана – жасампаздық өрісі, ниеті ізгі дарқан көңіл халқымның отыз жылдық еңбегінің жеңісі!
Бұл Астана – ән мен күйдің ордасы, әдебиет, мәдениет ортасы, рухымның қорғаны мен қалқасы, тәуелсіздік тарту еткен алқасы!
Бұл Астана – желбіреген Көк Туым, Арым және Намысым! Онда менің ибалы қыз, текті ұлым өркен жайса еселенер табысым. Болашақтың жемісі, болмысымның кепілі, бүгін және шабыттанам сол үшін!
Рәтбек САҒИД-УАҺАС