Ұлы даланың әуезді әндері құлаққа кіріп, бойды алады. Ал сұлу сазды одан әрі сәнді ете түсетін қос ішекті қасиетті аспап екені етенеден белгілі. Күмбірлеген үнімен мұң-қайғыны да, қуаныш пен шаттықты да сездіріп, тұла бойыңды тербейтін қазақтың қасиетті домбырасы өнердің өрісін кеңейтіп келеді. Атадан балаға мирас болған аспапқа деген асқақ құрметтің күн санап күшейе түскенін тағы байқадық. Қонаев қаласының орталық алаңында 1500 күйші көкжиекті күмбірлетіп, ұлт бойтұмарының беделін асқақтата түсті.
Шілде айының алғашқы жексенбісі – ұлт мұрасы ұлықталып, қазақтың қара домбырасының қасиеті айшықтала түсетін айрықша мереке. Осы орайда жылдағы дәстүр бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты шара ұйымдастырылып, қос ішекті қасиетті аспаптың киесі насихатталады. «Домбыра-дастан» тақырыбын арқау еткен бұл жолғы шарада аудандық, қалалық Мәдениет үйлерінің жанынан құрылған домбыра үйірмелерінің қатысушылары, өнер мектептерінің жас күйшілері мен жетекшілерін қосқанда мыңдаған музыкант жұртшылыққа айрықша әсер сыйлады. Ұлттық құндылықты ұлықтауға облыс әкімдігі ұйытқы болды.
Айтулы жиынға арнайы келген қонақтар композитор, танымал домбырашы Секен Тұрысбеков пен танымал әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі Мейрамбек Беспаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Нұркен Әшіров салтанатты шараның шымылдығын ашты. Домбыраны жанына серік еткен жас күйшілермен қосылып, Қонаев аспанын асқақ күймен тербеді. Қала тұрғындары мен қонақтарға халық арасында кеңінен танымал Құрманғазы Сағырбайұлының «Балбырауын», «Адай», күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйлері көрермендердің құлақ құрышын қандырып, қошеметіне ие болды.
Мерекеде көпшілікке құттықтауын жеткізген облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, ұлттық домбыра күнінің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде:
– Баршаңызды елдің еңсесін көтеріп, рухын оятқан халықтық мереке – Ұлттық Домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2018 жылдан бері Ұлттық домбыра күні аталып өтіліп келеді. Содан бергі уақытта бұл мереке ұлт руханияты төрінен лайықты орын алды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Домбыра күніне орай өзінің бір құттықтауында: «Бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз», – деген болатын.
Домбыра – қазақтың жаны, тарихы мен бүкіл болмыс-бітімі. Қос ішекті қара домбыраның үнінде Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасын ен жайлаған халқымыздың сан ғасырлық шежіресі, ішкі жандүниесі жатыр. Құрманғазы мен Тәттімбеттей алыптардың, Жетісу мен Алатау алқабына аты танымал Байсеркедей күйшінің ізін жалғаушылар – Қожеке Назарұлы, Мергенбай Ерденеұлы, Қосдәулет Нұрмағанбетұлы, Елемес Таласбайдай күйшілер толғаған өлкеде күйшілік дәстүрі қазіргі заманда жаңа серпінмен жалғасын тапты. Жаңа таланттармен толықты. Нұрғиса Тілендиевтей, Ермұрат Үсеновтей тұлғалар туған жерде он саусағынан күй тамған көптеген дарын дүниеге келері сөзсіз.
Бүгінгі 1500 өнерпаз қатысып отырған күй-думан – осы сөзіміздің айнымас айғағы. Қазақтың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрген облысымыздың барша өнерпазына алғыс айтамын!
Отандық мәдениет майталмандарының күшімен басты аспабымыз дүние жүзінің сахнасында халқымыздың өнерін танытуға үлкен үлес қосып келеді. Біз оның бүкіл әлем мойындаған мәдени құндылыққа айналғанын мақтан етеміз. Бұл жолда бағындырар биіктеріміз көп болсын, – деп домбыраның өміршеңдігін тебірене тарқатты. Киелі құндылығымызға деген құрмет жоғары болуы керектігін айтқан Марат Елеусізұлы халқымыз домбыраға үкі тағып, төріне ілгенін, күйшілерді төредей күтіп, төбесіне көтергенін де тілге тиек етті.
Салтанатты шара Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасына ұласып, талантты өнерпаздардың тарапынан күй күмбірлеп, ән төгілді. Осылайша тасқа қашалған тарихымыздан сыр шерткен күй-толғау, сыңғырлы сұлу әуен әспеттеліп, домбырамыздың ұрпақтан-ұрпаққа ұлы мұра ретінде жете беретініне тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Құралбек СӘБИТОВ