Облыс орталығы Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары Президент әкімшілігімен келісіліп, Үкіметтің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы №1087 қаулысымен қабылданған болатын. Кешенді жоспар аясында 2027 жылға дейін жалпы құны 3 990 895 млн теңгені құрайтын 187 шараны жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналып, 2024 жылға жалпы құны 4 млрд 310 миллион теңгені құрайтын 51 жоба бойынша сметалық құжаттаманы дайындауға да қаржы қарастырылған.
Мұның сыртында ««Самал» және «Ардагер» ықшамаудандарындағы жекеменшік тұрғын үйлер құрылысына арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды абаттандыру және дамыту» жобасы жүзеге асуда. Бұл жоба бойынша сумен және электр қуатымен қамтамасыз ету желілерін жаңғырту бірінші кезектегі міндет ретінде қарастырылған. Құрылыс жұмысы өткен жылғы желтоқсанның 26-сы күні басталған болатын. Пайдалануға беру мерзімі 2025 жылғы қаңтардың 26-сы деп көрсетілген. Жалпы құны 2 915,9 млн теңге деп белгіленген. Қонаев қаласының жылу желісінің жалпы ұзындығы 58,4 шақырым болса, соның 51,49 шақырымы жер астымен, ал 6,87 шақырымы жер үстімен жүргізілген. Қала бойынша жылумен қамтамасыз ету жүйесінің тозу деңгейі 42 пайызды көрсетіп отыр. Былтыр қаладағы 2, 4, 5-ықшамаудандардың жылу жүйесінің құрылысы басталған еді. Қазіргі таңда жұмыстың 74 пайызы орындалды, ал нысанды аяқтау уақыты – биылғы жылдың желтоқсан айы.
Былтырдан бастап «Қарлығаш», «Гүлдер», 8-ші және 10-шы ықшамаудандардағы сумен қамту және су жеткізу желілері қайта қалпына келтірілуде.
Ендігі бір өзекті мәселе – қаланың кәріздік-тазарту құрылғыларының толығымен тозғандығы. Кәріз жүйесінің тазарту құрылғыларының мәселесі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасына енгізілген. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылмақ. Ол бойынша «Daur capital» ЖШС-ның құжаттары ұсынылғаны белгілі болды. 2024 жылға арнап облыстық бюджеттен сұралған ақшаның 10 пайыздық көлемі, яғни 3 286,5 млн теңге бөлінген.
Қала жолдарының ұзындығы 213,81 шақырымды құрайды, соның 85 пайызы, яғни 181,7 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық күйде екені анықталып отыр.
Ал Қонаев қаласындағы электр желісінің ұзындығы 293,5 шақырым болса, соның 40 пайызының әбден тозығы жеткен. 2023 жылы «Строитель» саяжайындағы электр тасымалдау желісінің құрылысы басталып, 11 трансформаторлық шағын станса және 800-ден астам баған орнатылды. Сондай-ақ «Алтын алма» саяжайында 3 трансформаторлық шағын станса, 510 бағана орнатылып, 47 шақырымға кабель жүргізілді.
Бейбіт МЕКЕЕВ