Талғар ауданындағы «CLOTWELL» компаниясы – отандық брендке айналған және өңірдің экономикалық жетістіктеріне салмақты үлес қосып келе жатқан үздік тігін өндірістерінің бірі. Оның басты мақтанышы – «DonCano» брендімен белсенді демалыс үшін киімдер үлгісін әзірлеу және тігу.
Бұл кәсіпорын туралы айтқанда, ең алдымен, мұндағы өндіріс мұнай, құрылыс, тамақ өнеркәсібі, әскер, медицина үшін және экономиканың түрлі салаларына арналған басқа да әртүрлі арнайы корпоративті киімдер тігуге негізделгенін баса айтқан жөн. Сондай-ақ мұнда дәмханалар мен мейрамханалар, қонақүйлер мен демалыс орындары, жарнама компанияларында еңбек ететін қызметкерлер үшін униформалар мен басқа да киім үлгілері тігіледі. Компания киім тігуде тұтынушылардың кез келген талабын қанағаттандыруға мүмкіндік беретін заманауи құрал-жабдықтарды қолданады. Негізгі артықшылығы – әлемдік өндірушілердің ең жақсы материалдарын пайдаланады және жоғары сапалы өнім мен жақсы баға ұсынады. Оған көпжылдық тәжірибеге ие және біліктілігін үздіксіз асырып келе жатқан кәсіби тігіншілер командасы толық мүмкіндік береді.
1991 жылы Олег және Валерия Кулешовтар оқуларын бітіріп, Қазақстанға келеді. Жас мамандар ә дегенде мұнда әйелдер және балалар костюмдерін тігіп-сатуға мол мүмкіндік бар екенін көреді. Бірақ өз кәсіптері және жаппай өнім шығару тәжірибелері болмағандықтан, қосалқы мердігерлік келісімшартын жасап, іске кіріседі. Өкінішке қарай, аутсорсинг бойынша жұмыс істеу тәжірибесінің жоқтығынан «Жаппай өнім өндіру» жобасы сәтсіздікке ұшырайды. Десе де Валерия біраз тоқыма жіптерін сатып алып, балаларға арналған біршама үлгі әзірлеп, барлығын өз машинасында тігіп шығады. Жас кәсіпкерлердің қуанышына орай, барлық өнім базарда табысты сатылып кетеді.
Осылай бірнеше жыл өздерін сынап көрген олар 1995 жылы өз өндірісін ашуға шешім қабылдап, «CLOTWELL» компаниясының негізі қаланады. Алғашында 70 шаршы метр жерде орналасып, төрт адам алты тігу машинасында түйе жүнінен көрпе жасайтын шағын цех ашады.
2000 жылғы ауыр дағдарыс кезінде жас компания аумағы 1972 шаршы метр жеке өндірістік ғимаратын сатып алады. Жұмысшылар саны да артып, 12 адамға жетеді. 2003 жылы алғаш рет өнімдерін экспортқа шығарып, түйе жүнінен тігілген жылы көрпелер Ресей Федерациясына жөнелтіледі. 2004 жылы компания жаңа жоба бастап, негізгі күшті түрлі өнеркәсіп салалары үшін арнайы киім тігуге бағыттайды. Сөйтіп, құрылыс компаниялары тұрақты тұтынушыға айналады. 2006 жылды компанияның әбден аяққа тұрып, жетілген кезі деуге болады. Осы кезден бастап «CLOTWELL» өз тұтынушыларына көрпе, төсек, ұйықтау қапшықтары, арнайы киім сияқты кең түрлі өнімдер ұсына бастайды. 2009 жылы компания мемлекет мұқтаждығы үшін әскери униформа жеткізіп берушіге айналады. Осылай бұл компания отандық тауар өндіруші мәртебесін алады. Өндірілетін барлық өнім сертификациялаудан өтеді. Олардың қатарына күштік құрылымдарға арналған арнайы киім де кіреді.
2011 жылы компанияның жоғары басқару құрамы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бағдарламасы бойынша толықтай біліктілігін арттырудан өтеді. Ал 2012 жылы «CLOTWELL» мемлекеттік сатып алуларға табысты қатысады. Дәл осы жайт компанияның әрі қарай дамуына жол ашып, өндірістік мүмкіндіктер кеңейеді. Өндірілетін өнім түрлері де көбейіп, олардың қатарына аңшылық және балық аулауда қажетті заттар, заманауи ұйықтау қапшықтары қосылады. Осы жылдан бастап, компания шетелдік өндірушілермен заманауи жіптер сатып алу жөнінде келісім жасасады. Сондай-ақ өндірістік үдерісті автоматтандыру басталады. Осыған орай автоматты машинкалар, бағдарламалар, кеңсе техникалары сатып алынады. Кәсіби кеңсе аппараты қалыптастырылып, Сапа менеджменті және Қоршаған ортаны қорғау жүйелері енгізіліп, ИСО 9001:2009, ИСО 14001:2006 сертификаттары алынады.
2013 жылы көрпе және төсек бұйымдарын тігу қайта басталып, «Даму» қорының шағын және орта кәсіпкерлік топ-менеджментін оқыту бағдарламасы бойынша тиісті мамандар біліктіліктерін арттырады. 2015 жылы «Даму» қорымен бірге «Үлкен мырзалар» бағдарламасы бойынша компанияның менеджменті және стратегиясы үстінде тиянақты жұмыс жүргізіліп, ол үшін «Сала үздігі» сыйлығымен марапатталады. Сондай-ақ жаңа өндірістік модульдің құрылысы және автоматтандырылған жабдықтар сатып алу үшін ШОБ бағдарламасы бойынша 6 пайыздық үстеме мөлшерімен қаржыландыру мақұлданады. Соның арқасында 2016 жылы аумағы 920 шаршы метр болатын жаңа өндірістік модуль мен автоматтандырылған заманауи құрал-жабдықтар іске қосылады. Компания отандық тауар өндірушілердің «Жасампаз» консорциумының құрамына енеді. Өнім сапасын арттыру мақсатында құрал-жабдықтар паркі жаңартылады.
2017 жылы «Даму» қорының бағдарламасы бойынша талдау жүргізіліп, компанияның 2020 жылға дейінгі даму құжаты жасалады. Еуропалық қайта құру және даму банкімен әріптестік орнап, KAIZEN философиясының негізінде өндірістік үдерістердің тиімділігін арттыру жүйесін енгізуге қол жетеді.
«CLOTWELL» тоқыма өнеркәсібі тарихы бір ғасырдан асатын АҚШ, Англия, Германия, Қытай, Ресей сияқты елдерден шикізат жеткізетін ең үздік компаниялармен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Өндірілетін өнімдер халықаралық және Қазақстан Республикасының Ұлттық стандарттарына толық жауап береді. Сапа және міндетті қызметтің маңыздылығына мән бере отырып, компания Geiba Kaizen, ISO9001 Ұлттық сапа сертификаты жүйелерін енгізген. Арнайы команда ең күрделі сұраныстарды қанағаттандыру мақсатында жеңіл өнеркәсіптегі әлемдік әзірлемелерді күнделікті бақылап отыр. 2018 жылы өндірістік және менеджмент үдерістерін халықаралық стандарттар деңгейіне дейін жақсарту және дамыту мақсатында шетелдік мамандардың қатысуымен «Халықаралық консультанттар» жобасы, сондай-ақ автоматтандырылған заманауи жабдықтар сатып алу басталыпты. 2019 жылы құрал-жабдықтар жаңартылып, аумағы 1000 шаршы метр қосымша өндірістік қуат іске қосылған және тоқыма өнеркәсібіндегі халықаралық көшбасшылар – «Polartec», «Westex» компанияларының кездемелерінен өнімдер өндіруге эксклюзивті құқық берілетіні жөнінде келісім жасалған.
«Polartec» маталары әуел баста АҚШ армиясы үшін шығарылған. Зертханаларда және нақты жағдайларда сынақтан өткен соң ол жаппай өндіріске жіберіледі. Бұл матаның басты ерекшелігі – тез тозбайды, салмағы өте жеңіл және барлық жағдайда АҚШ, Еуропа, Азия елдерінің заманауи тоқыма өнеркәсібі технологиясында қолдана беруге болады.
Ал Westex – жоғары температура, артық жүктеме, химиялық әсерден қорғайтын ірі арнайы маталар өндірушілердің алғашқы бестігіне кіреді. Бұл компанияның материалдары әскери құрылымдардың, өрт сөндіру қызметтерінің, химия және тау-кен өнеркәсібінің мұқтаждықтары үшін пайдаланылады. Келісімшарт жасаудағы мақсат – агрессивті ортада пайдаланған жағдайда қорғану үшін барынша халықаралық стандарттарға сай келетін сапалы киім шығару. «Westex» материалдарынан тігілген киім – сыртқы әсерлерден қорғаудың кепілдігі.
«CLOTWELL», сондай-ақ, аса ірі «Milican» тоқыма холдингінің әріптесі. Бұл холдингтің негізгі бағыты – АҚШ армиясының мұқтаждығы үшін материалдар әзірлеу. Бұл холдингтің әскерилер үшін материалдар дайындау тарихы бір ғасырдан асады, өзінің арнайы зертханасы бар, Американың экспедициялық қызметтерімен де тығыз байланыс орнатқан. 20 жылдан аса уақыт ішінде «CLOTWELL» ЖШС өнімдер түрін айтарлықтай көбейтті. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының шекара қызметі, ҰҚК Шекара институты, «Қазтрансойл», «Қазмұнайгаз», «Рахат» фабрикасы, «Алина», «Coca-Cola» және басқа компаниялар оның тұрақты тапсырыс берушілеріне айналды.
Компания жыл сайын Қазақстанда, ТМД және алыс шетелдерде өтетін көрмелерге қатысып келеді. 2015 жылы «CLOTWELL» инвестициялық мақсатта 85 миллион теңгеге қаржыландырылды. Несие қаржыларының есебінен компания қосымша тігу машиналарын сатып алып, жаңа цехтар құрды. 2017-2019 жылдары негізгі өндірістік ғимаратта жөндеу жұмыстарын жүргізсе, 2019-2020 жылдары өз қаржысы есебінен қосымша қойма салды. Жаңа құрал-жабдықтар мен қосымша өндірістік ғимараттардың арқасында компания 2018 жылдан бастап өндіріс көлемін анағұрлым ұлғайтты. Сол жылдан бастап бұл кәсіпорын айналым қаржыларын толықтыруда тұрақты түрде несиелік лимитті пайдаланып келеді. Ол қаржы келісімшарттарда көрсетілген тапсырыстарды орындау үшін шикізат, материалдар сатып алуға пайдаланылады.
Қазір «CLOTWELL» ЖШС Алматы қаласы және Алматы облысында арнайы киімдер тігетін ірі компаниялардың қатарына кіреді. Қалыптасқан тәжірибе, жоғары сапа және сенімді жеткізіп берудің арқасында оның тұрақты сатып алушылары да көп. Компания жақында ғана Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында мамандарды оқытатын өз орталығын ашып, алғашқы түлектерін де шығарды. Алдағы қысқа мерзімде Өнеркәсіпті дамыту қоры есебінен 3 пайыздық мөлшерлемемен құрал-жабдықтар лизингін қаржыландыруға қол жеткізіп, тігін өндірісін одан әрі жаңғырту және автоматтандыру көзделіп отыр.
Қандай қиын кезде де өз істерінен қол үзбей, кәсіпкерлікті дамыту бойынша мемлекет қолдауын тиімді пайдалана отырып, тығырықтан шыққан, өнімдерін отандық брендке айналдырған кәсіпкер Кулешовтардың бұл мақсатқа жететініне күмән жоқ!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы