Бесағаш ауылының Мәдениет үйінде сұрапыл соғыстағы ерлігі, бейбіт өмірдегі ел үшін еткен өнегелі еңбегімен есте қалған Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, табан астында тауып айтатын шешендік қасиет ата қанымен бойына сіңген қара сөздің хас шебері Қасенбай Бөлтірікұлының 100 жылдығына арналған еске алу шарасы болып өтті.
Шара басында «Бөлтірік-Қасенбай» қорының президенті Бөлтірік шешен немересі Бақтыгүл Қасенбайқызы сөз алып, жиынға келген жұртқа өз тілегін арнады. Алдымен осындай бейбіт күнде бас қосып, ағайын-туыс, көзкөрген жұрт жиналғанына шүкіршілік білдірген ол:
– «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дегендей, бүгін өзіміз туып-өскен Кеген ауданы Қарабұлақ ауылынан бастап, Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл, Іле, Талғар аудандары, Алматы, Қонаев қалаларынан ағайын-туыс, бауырлар, әкемнің көзін көрген жандар жиналып, әкем тіріліп келгендей күй кешіп отырмын. Сондықтан баршаңызға шын жүректен мың-мың алғыс айтамын. Сіздер де менің әкем Қасенбай туралы, оның ел үшін еткен игі істері туралы жақсы естеліктеріңізбен бөлісіп, бүгінгі шара жас ұрпақ жақсы тәрбие алатындай тағылымды да тартымды өтуіне белсенді атсалысады деп үміттенемін, – деді.
Ғасырлар бойы қалыптасқан ата салтымызға сай, талай жыл Кеген ауданының мәдениет саласында басшылық қызмет атқарған, әрі ақын, әрі сазгер Жақсылық Әбдіраманов ағамыз ақсақал ретінде ел-жұртымыздың амандығын, іс-шараның табысты өтуін тілегіне қосып, бата жасап, халық жиналған шараны бастап берді.
Алдымен шара қатысушылары оркестрдің орындауында Бөлтірік шешен Атыханұлы атамыздың «Толғау» күйін тыңдады. Бойдағы рухты оятып, денедегі делебені қоздырған құдіретті күй күмбірі халқымыздың басынан өткен небір қиын сәттер мен шуақты шақтарды көз алдымызға елестетті. Одан соң жыраулық өнерді насихаттап жүрген Нарынқол жыршы-термешілер орталығының жетекшісі Серік Сүйіндікұлы Қасенбай Бөлтірікұлының 100 жылдығына арнаған арнауын орындады.
Қыран бір құстай қияқты,
Тұлпардан қалған тұяқ-ты.
Бөлтірік ақын баласы
Қасенбайдай атаның
100 жылдық мына асында
Арнау жыр айту кезегі
Маған бір келген сияқты, –
деп бастаған арқалы ақын іс-шараға себепші болған мерейтой иесінің барлық адами қасиеттері мен елге еткен еңбегін домбыраның қоңыр үніне қосып, отты жырымен есте қалардай ұғынықты толғады. Зейініңді ашатын, тұла бойыңда бабалардың бағасыз істері үшін мақтаныш сезімін оятып, қаныңды тасытатын, терме, толғау, жыр десе, рухыңды көтеретін, күмбірлеген күй десе ішкен асын жерге қойып, бір жасап қалатын ағайын ақынның аузынан шыққан әрбір сөз үшін қуана қол соғып, арнауды аса ықыласпен тыңдады.
Ал Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмас Нұғыман:
– Қазақ халқы өзінің тарихымен мақтанады. Өткенімізді білмейінше, қазіргімізді нақтылай алмаймыз, болашаққа жол сала алмаймыз. «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» дейді қазақ. Әкенің орны қандай екенін бәріміз білеміз. Кеген ауданында Бөлтірік Атыханұлы атындағы жыршы-жыраулар мектебін ашқан кезде біз атамызды өзіміз үшін зерттедік, түсіндік, ұғындық. Ол кісінің қалдырған мол мұрасы бүгінгі және келешек ұрпаққа үлкен өнеге, баға жетпес өсиет. Әкенің қандай болғанын оның ұрпағынан көруге болады. Өзінің ұрпағын қалай тәрбиелегенін Қасенбай атамыздан көру қиын емес. Ол кісінің соғыс жылдары елді қорғаған ерлік істері, қан майданнан оралған соң туған жерге келіп еткен еңбегі, айтқан сөзі, істеген әрбір ісі бәрімізге үлгі-өнеге. Біз ол кісінің есімін әлі де тірілтуіміз керек. Бүгінгі жиын барысында шешім қабылданып, Кеген ауданындағы әрбір баланың Қасенбай Бөлтірікұлы атындағы олимпиадаларға, әртүрлі игі шараларға қатысуына ықпал етуіміз керек. Оның бәрін сіз бен біз болып шешеміз. Сондай ұлы дүниелер бүгіннен басталса екен деген ниеттеміз. Қасенбай бабамыз өлген жоқ, ол кісі мәңгі жасайды, – деді.
Одан соң сөз алған Қасенбай Бөлтірікұлының көзін көрген, шәкірті болған Талдыбек Әліұлы, Әліп Сыбанбаев, Жақыпжан Нұрғожаев және басқалар да тектіден қалған тұяқтың Кеген ауданының мектептері мен білім бөлімінде ұзақ жыл жемісті еңбек етіп, ауылдарда мектептердің салынуына, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың мамандық иеленуіне сіңірген еңбегі жайлы сүйсіне әңгімелеп, естеліктерімен бөлісті. Олар, әсіресе, Қасенбай Бөлтірікұлының әділетсіздікке шыдамайтын турашыл, ешкімнен қаймықпай бетке айтатын батыр мінезін, астарлы әзіл-қалжыңға бейім, табан астында тауып сөйлейтін шешен адам болғанын баса жеткізді.
Осылай асқар Алатауды ежелден ен жайлаған қазақ-қырғызға аты кең жайылған, бір бойына ақындық, жыршылық, күйшілік өнерді тең сыйғызған Бөлтірік шешен Атыханұлы атамыздан туған асылдың сынығы, тектінің тұяғына тағзым етіліп, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, жиынға жиылған жұрт Қасенбай атамыз туралы жылы лебізін білдіріп, жақсы естеліктерімен бөлісті. Жыршы-термешілер айналасы теп-тегіс жұмыр келген әр шумақта тәрбиелік мәні терең өнегелі өсиеттерін толғаса, туып-өскен ел мен жер, оның әсем табиғаты туралы жаныңды жадыратып, қиялыңды көкке өрлетіп, сағыныш шөлін баса шырқаған өнерпаздардың әуезді әндері бір сәт баршаға туған ауылдарын аралап жүргендей сезім сыйлады.
Бір сөзбен айтсақ, батыр мінезі, жоғары адамгершілік қасиеті, соғыста елін жаудан, бейбіт күнде ел ішін даудан қорғап, әділ сөзін айтқан, ұрпақ тәрбиесі, ұлт болашағы жолында тынымсыз да табысты еңбек еткен асыл азаматтың 100 жылдығы лайықты атап өтілді. Арнайы ас беріліп, рухына Құран бағышталды. Ләйім, көпшіліктің тілек-дұғасы қабыл болғай!
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы