Қоғам тынысы, халықтың тыныс-тіршілігінің тасасында қалың бұқараның көпшілігі назар аудара бермейтін өзгерістер қалып кетіп яки қолданысқа еніп жатады. Бір аңғарғанымыз, ҰБТ өткізу, бала денсаулығы төлқұжатын электронды форматқа ауыстыру, ел мектептеріне құжаттар қабылдаудың аяқталуы – биылғы тамызда халықтың сарыла күтетін өзгерістерінің бір парасы ғана.
Біз сол өзгерістерге жеке-жеке тоқталып өтсек дейміз. Соның бірі – сағат белдеулері наурыздың 1-нен бастап елімізде UTC+5 бірыңғай сағаттық белдеуі енгізілгені баршаға мәлім. Сөйтіп, бұған дейін ел аймақтарындағы әртүрлі сағат айырмашылығы бірыңғай көрсеткішке бағындырылды. Алайда Үкіметтің бұл шешімі халық арасында бірқатар даулар мен пікірталастар туғызғаны тағы да белгілі. Қазақстан үшін бірыңғай сағат белдеуін енгізуді жақтаушылар мен қарсылардың пікірталастарының нәтижесінде уақыт өзгерісін алып тастауды талап еткен петиция пайда болды. Ол қысқа мерзім ішінде 50 мың дауыс жинап үлгерді. Бұл Үкіметтің мәселені талқылауына заңды негіз беруге қажетті мөлшер еді. Қорыта келгенде, жұмыс тобы құрылып, оның құрамына кірген сарапшылар бірыңғай сағаттық белдеудің қаншалықты дұрыс-бұрыстығын қарастырады. Петицияны қарап, талқылауға 40 күн беріледі. Осы тамыз айының бас кезінде аталған комиссия құжаттың мазмұнына қатысты алдын ала шешімін жариялап, бұрынғы уақыт белдеуін қайтару талабын орындаудан бас тартты.
Ендігі бір көңіл бөлгізер жаңалық – Астана мен Алматының қоғамдық көліктеріндегі жол- ақысы қымбаттады. Айталық, Астана қаласында ол 20 теңгеге көтеріліп, 1 тамыздан бастап жетер жеріне автобуспен қатынап жүрген астаналықтар енді бір сапарға 110 теңгеден төлейтін болады. Автобуспен, троллейбуспен және метромен жүретін алматылықтар да қалта шығынына 20 теңге қосуға мәжбүр болды. Тамыз айынан бастап картамен немесе банк қосымшасы арқылы жасалатын төлем алматылықтар үшін 120 теңгені құрады. Бұған қоса Алматының қоғамдық көлік жүргізушілеріне жол ақысын қолмақол ақшамен алуға толық тыйым салынды. Қоғамдық көлікте жүру құны өткен жылдың тамызында көтерілген болатын. Ол кезде де жол ақысына 20 теңге қосылып, 80 теңгеден 100 теңгеге артып, қолмақол төлем құны 200 теңге болып бекітілген еді.
Еліміздің бас қаласына демалуға, қыдыруға яки жұмыс бабымен баратын отандастарымыз үшін біршама жағымды жаңалық – Астана теміржол вокзалындағы автотұрақ құны 5 тамыздан бастап арзандатылды. Астана әкімдігі: «Барлық пайдаланушылар үшін неғұрлым ыңғайлы және ашық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында тұрақта тұрған 2-6 сағаттан кейін әр сағатына 1 мың теңгелік шектік тарифтің күші жойылады», – деп хабарлады. Ендігі жерде тұрақта тұрған әр сағат үшін сағаттық тариф мөлшері 200 теңге болып бекітілді. Әкімдіктің хабарламасында: «Мысалы, қазіргі тарифпен автокөліктің ақылы тұрақта үш сағат тұрғаны үшін жүргізуші 1200 теңге төлеген болса, жаңа тарифпен 600 теңге төлейтін болады. Егер уақыт, мысалы, 6 сағаттан асып кетсе, әрі ол қазіргі тарифпен 4200 теңге болса, жаңа тарифпен 1200 теңге ғана болмақ», – делінген. Естеріңізге сала кетейік, «Астана» теміржол вокзалындағы ақылы тұрақтың тұру құны 2017 жылдан бері өзгертілмеген еді.
Ата-аналардың көңілін күпті етіп жүрген бір маңызды мәселе – 1-сыныпқа баратын балалардың құжаттарын қабылдану мерзімінің қысқалығы еді. Биыл 31 тамыз күні елімізде мектептерге, гимназиялар мен лицейлерге 1-сыныпқа бала тіркеу құжаттарын қабылдау аяқталады. Бұған дейін құжат қабылдау 1 тамызда тоқтатылатын. Ата-аналар тарапынан түскен көптеген өтінішке байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігі құжат қабылдау мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады. Министрлік таратқан хабарламада: «Егер бұдан бұрын 1-сыныпқа қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жүзеге асырылып келген болса, бұдан былай ата-аналардан немесе баланың заңды өкілдерінен 1-сыныпқа құжат қабылдау ағымдағы жылдың 1 сәуірі мен 31 тамызы аралығында атқарылатын болады», – деп көрсетілген. Бұған қоса, мектептен мектепке тек демалыс кездерінде ғана ауысуға болады деген шектеу алынып тасталды. Аталған хабарламада: «Жаңа ережеге сәйкес, тұрғылықты жеріне байланысты балаларды оқу жылы бойында мектептен мектепке ауыстыру мүмкіндігі бар», – делінген. Айтпақшы, 9-сыныптан соң 10-сыныпта оқуын жалғастырамын деген шәкірттердің өтінішін қабылдау мерзімі де 15 тамыз бен 31 тамыз аралығы болып өзгертілді. Ал техникумдар мен колледждерге құжат қабылдау бұл жылы 25 тамызда аяқталады.
Ата-аналар үшін тағы бір жағымды жаңалық – баланың денсаулық төлқұжаты электронды форматқа ауыстырылмақ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтерді цифрландыру жөніндегі жұмыс аясында аталған құжатты электронды форматқа ауыстыру жобасын да жүзеге асырды. Оның маңызы зор, өйткені бала 1-сыныпқа барғанда ата-аналар осы құжатты мектепке ұсынады. Ведомствоның баспасөз қызметі: «Бұл құжатты қағазбен жүргізу көп жағдайда оның жоғалуына немесе өзекті мәліметтердің жойылуына, емханалардағы сарсылтқан кезектерге апарып тірейтін. Осы мәселелердің шешімі ретінде Денсаулық сақтау министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесе отырып, баланың денсаулық төлқұжатын электронды форматқа ауыстыруға кірісті», – деп хабарлады. Ата-аналар үшін электронды төлқұжаттың енгізілуі қағазбастылықтың қысқаруымен және өз балаларының денсаулығы туралы ақпараттарға eGov Mobile және eDensaulyq электронды қызметтері арқылы ыңғайлы қолжетімділік тұрғысынан тиімді болмақ. Білім беру мекемелері де емханалардағы медициналық бақылаулардан кейін автоматты түрде берілетін оқушылардың денсаулық жағдайлары туралы өзекті ақпараттарды шұғыл түрде ала алатын болады. Электронды төлқұжаттың eGov Mobile-мен біріктірілуіне қатысты шаруалар осы тамыз айында аяқталуы тиісті.
Халықтың тұрмыс-тіршілігінде өзекті болып саналатын бір нәрсе – белгілі бір кезең аралығында ауылшаруашылығы саласына жүргізіліп тұратын санақ. Мұндай санақтың жүргізілмегеніне де талай уақыт болды. Биылғы тамыз айында республикада пилоттық режимде ауылшаруашылық санағы басталмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша алдағы 2025 жылы Қазақстанда, қалалар мен ауылдардағы ауылшаруашылық кәсіпорындары мен мекемелері, фермерлік, жекеменшік және шаруа қожалықтарына толық санақ жүргізілуі тиіс. Мұндай санақ бау-бақша және саяжай кооперативтерін де айналып өтпейді. Бұған қатысты ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары Мақсат Тұрлыбаев: «Халық санағын өткізуге ұқсас, заңды тұлғалар мен жекеменшік қосалқы шаруашылық иелеріне арнайы web-порталдағы санақ сауалнамаларын толтыру ұсынылады. Сауалнамадан өтпеген қалған респонденттер жөніндегі мәліметтерді жинауды планшет пайдалану арқылы интервьюерлер жүзеге асыратын болады», – деп түсіндірді.
Қалаларда мақсатты жиынтықтарын анықтау үшін сайжай учаскелері мен жекеменшік қосалқы шаруашылықтарды алдын ала аралау жүргізу жоспарланған. Санақ 1 тамыздан бастау алды.
Республиканың барлық өңіріндегі санақ сауалнамаларын, әдістемесін, ақпараттық жүйелерді, егістіктік-алқаптық жұмыстарды енгізу, бюджетті бағалау, интернет-жабын сапасы мен ақпараттық жүйелердің интернетсіз жұмысының сапасын пилоттық тексеру де тамыз айында өтпек. Сол жұмыстардың қорытындысы бойынша санақтың негізгі сатысындағы әкімшілік мәліметтерді пайдалану мүмкіндігі мен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің дайындығы, әкімшілік мәліметтердің сапасын бағалауды қоса ала отырып, анықталған мәселелер туралы есеп жасалады.
Халық тұрмысында халықаралық сауда-саттықтың да атқарар рөлі орасан. Осы тұрғыдан алғанда енгізіліп отырған Ресей астығын кіргізуге тыйым салу да елең еткізер жаңалық екені сөзсіз. Еліміз бұған дейін солтүстік көршіден астық кіргізбеу туралы тыйым мерзімін биылғы 1 тамыздан бастап 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартты. Мұндай шешім қабылдауға «сұр импорт» деген атқа ие болған қауіптің артуы себеп болып отыр. Екінші бір салмақты себеп – биыл Қазақстан астық өнімдерінің рекордтық түсіміне есеп жасаған болатын. Сондай-ақ ел билігі астықтың экспорттық баж салығын 50 пайызға дейінгі мөлшерде енгізудің мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Халық үшін аса маңызды екі мәселе – «Банкроттық туралы» Заңға енгізілер түзетулер мен несиенің мөлшерлемелер көлемін өзгерту осы айда жүзеге аспақ. «Банкроттық туралы» Заңға енгізілген түзетулер тамыз айының ортасынан бастап күшіне енеді. Ал несиелер жөніндегі мөлшерлемелер көлеміне қатысты жоба тамыздың 1-і күні аяқталып, 20-сында күшіне енеді деп жоспарланып отыр.
Бейбіт Мекеев