Қапшағай су қоймасының жағалау учаскесінде және 20030 әскери бөлімінің аумағында Қазақстан Әскери-теңіз күштері бөлімшелерінің суасты минасын тазарту, бағдарлау және іздеу, сүңгуір-техникалық жұмыстары бойынша оқыту сабақтары өтті.
Бағдарлама су астындағы кесу және дәнекерлеу, су астындағы детонациялық операциялар мен су астындағы нысанды іздеп табу, минадан тазарту бойынша практикалық әрекеттер мен теориялық сабақтарды қамтиды. Бағдарлама сонымен қатар көтергіш арқылы батып кеткен заттарды көтеруді қарастырады. Әскери қызметшілердің су астындағы қауіпсіздігі басты орында болғандықтан барлық сабақтар қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып өткізілді.
– Біздің ұжым тату әрі кәсіби жағынан дайын. Оның басты артықшылығы – барлық әскери қызметшілер алға қойған міндеттердің маңыздылығын, тиісті нәтижеге жету үшін іс-қимылдарды үйлестіре атқару қажет екенін бір кісідей түсінеді. Біздің қызметіміз қызықты әрі қауіпті. Дәріс кезінде барлық жеке құраммен жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау жөніндегі талаптарды зерделейміз. Әр адамнан өз күші мен іс-қимылын дәл есептеу, жоғары физикалық дайындық, айналасындағыларға деген сенімділік және алға қойған мақсатына адалдық талап етіледі. Жауынгерлік дайындықты күшейту, сарбаздардың өзара бауырластығы өз мүмкіндіктерімізге деген сенімді күшейтеді. Онсыз ештеңе мүмкін емес, – дейді 29011 әскери бөлімінің рота командирі капитан-лейтенант Жәнібек Сәлікбаев.
Мұндай іс-шараларды өткізу Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелеріне су астындағы миналарды тазарту, бағдарлау және іздеу, сүңгуір-техникалық жұмыс бойынша жауынгерлік машықтан мол тәжірибе алуға, оларға жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті дағдыларды сіңіруге мүмкіндік береді. Ұрыс қимылдары аяқталғаннан кейін ондаған жылдар бойы өз аумақтарын минадан тазартатын басқа елдердің тәжірибесі күнделікті практикалық жұмыста белсенді зерделеніп, енгізілуде.