Әр бапкердің өзіндік сүрлеуі, шәкірт дайындауда ерекше әдіснамасы бар. Сондай кең жүректі әрі талай спортшының жұлдызын жаққан бапкердің бірі – Жұмахан Тұрғанбеков! Ол бүгінде еліміздегі грек-рим күресінің ұстазына айналған десек қателеспейміз. Жетісу, Алматы өңірінен шығып, әлемдік сында атой салып жүрген талай спортшының алғашқы бапкері ретінде есімі құрметпен аталады.
Ол – 2008 жылы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері болған Нұрбақыт Теңізбаевтың алғашқы бапкері. Нұрбақыттан кейін қазақ балуаны грек-рим күресінен жүлде алмаған еді, араға 16 жыл салып Жұмахан Тұрғанбековтің екінші шәкірті Олимпиада ойындарында медальға ие болып отыр. Нұрбақыт та, Демеу де Жетісу облысы Панфилов ауданына қарасты Үшарал ауылында дүниеге келген. Екеуіне алғаш күрестің әліппесін үйреткен Жұмахан Тұрғанбеков Кербұлақ ауданына қарасты Алтын Емел ауылының тумасы. Бапкерлік жолын 23 жасында Үшарал ауылында бастаған.
Сол кезде жас бапкердің бойындағы албырттық, мақсатқа деген сенімділік, арманға деген адалдық бәрін жеңді. Арнайы жаттығу залы, киінетін, жуынатын бөлмесі жоқ жерден балуандар дайындауға кірісті. Әр әдісті жете түсіндіріп, күрестің айла-тәсілін үйретті. Оның қарапайымдылығы, еңбексүйгіштігі, мақсаткерлігі көп бапкерден ерекшелендіріп тұратын. Үшарал ауылындағы барлық бала тегіс күрес үйірмесіне жазылып, Жұмахан Тұрғанбековтің тәлімін алды. Електен өткендері жарыстарда топжарды.
Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев өз естеліктерінің бірінде: «Әр әдісті қызықты жолдармен үйретіп, ерекше түсіндіретін. Бір ерекшелігі, бір жерден басталған әдіс-айла екінші, үшінші әдістерге ұласып жататын. Мысалы, менің сүйікті тәсілім «диірменді» оңтайыма келтіре үйреткен алғашқы бапкерім сол кісі. Одан кейін жердегі қарсыласты жұлқыған бойда айналдырып тастауға ұзақ дайындалдық», – дейді. Әр еңбектің өз өтемі бар. Үйретуден аянып қалмаған бапкермен үйренуге құштар шәкірттің түбі нәтиже шығарары сөзсіз.
Биыл 61 жасқа толған Жұмахан Тұрғанбековтің жүзінен еңбектің табын көруге болады. Өз шәкірттері үшін жанын салып, барын беріп келген бапкердің қиыннан да жол тауып кететіндігі жөнінде Демеу Жадыраев: «Балаларды жарысқа апару үшін жүгері егіп, соны сататын. Тапқан-таянғанын әр баланың жолына жұмсады», – деген болатын. Шәкірттері үшін қара жұмысты да қатар алып, шаруамен айналысқан бапкер қазір қос балуанның жетістіктерін көріп, соларға жанкүйер. Сонау қырық жыл бұрын басталған ұстаздық жолда талай талант шықса, қазақтың мерейін Олимпиада ойындарында асырған екі балуанның жүлдесі – нағыз еңбектің бағасы.
Дему Жадыраевтың тәртібі, әр істі жоспарлап уақытында істейтіндігі талай балуанға үлгі. Оны ұлттық құрамадағы жігіттер жиі айтып, үйренеріміз өте көп дейді. Оның негізі Жұмахан Тұрғанбеков ақсақалдан басталады. Ол жөнінде Демеу: «Бапкеріміз жаттығу кезінде қатал еді. Бізде тәртіп күшті болатын. Бір рет кешіксең, ұрысып алады. Ал сол жағдай қайталанса, залдан қуып шығады. Ағайымыз өз ісін сүйетін және ықыласты адамды үйретуден жалықпайтын», – дейді. Бала жастан берілген білім мен бойға сіңген әдет ғұмыр соңына дейін жалғасатындығы сөзсіз. Алғашқы бапкер Алматы облысының атынан шыққан Демеудің Олимпиада ойындарындағы жүлдесін Қонаев қаласында көпшілікпен бірге тамашалап, көзіне жас алды. Ұстаз бақыты осы шығар, бәлкім?!
Серік Құдайгенұлы