-13 °c
Qonaev
Friday, May 9, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Сандық технология – сапалы білім негізі

    17.08.2024
    in Барлық жаңалықтар, Инфрақұрылым, Руханият
    Сандық технология – сапалы білім негізі

    Технология

    0
    SHARES
    47
    VIEWS

           Қонаев қалалық Мәде­ниет үйінде ұстаздар қауымының бас қосып, өткенді саралап, алға жоспар құратын дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

    Басқосуға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевпен бірге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры, Алматы облысы бойынша «Өрлеу» ҰБАО филиалы, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өкілдері, мәслихат төрағасы мен депутаттар, басқарма және департамент басшылары, аудан, қала әкімдері, ата-аналар комитетінің мүшелері, кәсіподақ комитеті, ардагер-ұстаздар, аудандық, қалалық білім бөлімдері, әдістемелік орталық әдіс­керлері және облыс педагогтері шақы­рылды. Конференция пленарлық сессиясына 200 адам қатыс­са, Есік қаласындағы панельдік сессияға 460 адам, ал Online режимінде youtube каналы арқылы тікелей трансляцияға 20 мыңға жуық педагог тартылды. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жүргізіп отырды.
    Кеңесте облыстық білім бас­қар­масының басшысы Салтанат Беспаева баяндама жасады. «Өздеріңізге бел­гілі, білім саласы – бүкіл бір елдің тағдырына әсер ететін, мемлекеттің дамуы мен тұрақтылығына кепіл болатын маңызды сала. Осы ұлы жолда еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерімді жаңа міндеттер жүк­тейтін оқу жылының басталуымен құттықтаймын.
    Бүгінгі күнге дейін білім беру са­ласының барлық бағыты бойынша панельдік сессиялар өтіп, 2024-2025 оқу жылының ерекшеліктері таныстырылды және білім берудің өзекті мәселелері жан-жақты тал­қыланды.
    Сіздердің секция отырыстарында көтерген маңызды мәселелеріңіз бен білім саласын дамыту жөніндегі ұсыныстарыңыз ескеріліп, бірлесе табысты жұмыс жасайтынымызға сенімдімін.
    Ұстаз – қашанда жаңалықтың жар­шысы. Ол заманмен бірге дамып, адам баласын өз заманындағы ең қажетті біліммен, білікпен қаруландырады. Ал қазіргі қарқынды дамып жатқан заманда жастарымызға сандық технологиялар­ды жете пайдалануды үйрету – білім қызметкерлері алдындағы маңызды міндет.
    Республика бойынша тамыз ке­ңе­сінің «Сандық Қазақстан: жаңа замандағы білім беру» тақырыбында өтуі де бұл міндеттің қаншалықты ма­ңызды екенін көрсетеді.
    Сандық технологияларды қолдана білу – болашақта адам өміріндегі ең басты дағды болмақ. Тіпті бүгінгі күннің өзінде сандық технологияларды, автоматтандырылған жүйелерді қолдана алмау адамның өмір сүру сапасын төмендетіп, мүмкіндіктерін шектейтінін көріп отырмыз. Сондықтан әр маман өз құзыры шегінде шәкірт­тер бойында сандық дағдыларды қалыптастыру жұмыстарын үзбей жүргізуі тиіс. Ол үшін қазіргі заманда ұстаз барлық сандық технология саласындағы жаңашылдықтарды бірінші болып тез үйреніп, балаға жеткізетіндей болуы керек және сабақтар мен сабақтан тыс шараларда жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалануға деген талпыныс қажет.
    Қазіргі күннен-күнге қарқынды дамып жатқан заманда технологияны өзіміз игермей, баланы білім мен ғылымға қызықтыру мүмкін емес. Сонымен қатар Абай атамыз көре­гендікпен айтқандай, ғылымның, ақыл мен қайраттың да екінші жағы барын бала тәрбиесінде әсте есте ұстауымыз қажет. Біз балаларға білім берумен қатар, ақпараттық кеңістікте абай болуды, жақсы мен жаманды айыра алуды да үйретуіміз керек.
    Облыста білім саласында жыл бойы ауқымды шаралар өткізіліп, бірқатар көрсеткішке қол жеткіздік. Әрине, шешілмеген мәселелер де бар, бірақ қазіргі уақытта тиісті шаралар қабылдануда. Бүгін осы проблемалық сұрақтарға, атқарылған жұмыстарға, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге тоқталып өтуге рұқсат етіңіздер», – деді облыстың бас ұстазы. Ары қарай баяндама өңірдің білім беру саласындағы атқарылған жұмыстар, қол жеткен жетістіктер, саланың кейбір қызметкерлері тарапынан кеткен кем­шіліктер мен оқушылар арасындағы қарым-қатынас, білім сапасы, тәртіп бұзушылықтар мен қылмыстық әре­кеттер жайында мәліметтер келтірді. Біліммен қатар тәрбиені де ұмытпау керектігі ескертіліп, заман ағымы мен талабына сәйкес сандық технологияны игеру қажеттігі де тілге тиек етілді.
    Алматы облы­сы­ның білім сала­сындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Е.Жиренбай, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академияның вице-президенті Р.Қаратабанов, облы­сымыздағы бала құқығы жөніндегі уәкіл, «Жанұя» отбасын қолдау орталы­ғының ди­ректоры А.Есімбекова, Іле ау­да­нындағы №38 мектеп-гимназия­ның директоры Г.Асқарбаева, «BILIM INVEST» Ұлттық білім беру инвес­торлары қауымдастығының вице-пре­зиденті, Талғар ауданы «Еркем-Ай Алматы» бөбекжай-балабақшасының құрыл­тайшысы К.Батырбековалар өз салалары бойынша баяндама жасады.
    Жиында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз сөйлеп, облыстық әкімдік тарапынан білім саласында атқарылып жатқан нақты істерге тоқталып, жіберілген кемшіліктерді де тізіп өтті. Сондай-ақ бизнеске тексеру жүргізуге жарияланған мониторингті пайдаланып, бас пайдасын күйттеп кеткендерге қатысты да заңсыз істерді атап өтті.
    Облыс әкімі: «Биылғы тамыз кеңесі қазіргі білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі – цифрлық технологияларды қолдануды дамыту тақырыбын арқау етуде. Аталған мәселе өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен өткен педагогтер съезінде кең көлемде көтерілген еді. Президент: «Әлемдік дамудан шет қалмау үшін елімізді жан-жақты жаңғырту қарқынын үдету керек. Біз өркениеттің көшін қуып жететін емес, басып озатын модельді негізге алуымыз қажет», – деп елімізді дамытудың негізгі жолын айқындады.
    Еліміздің дамуы үшін балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазірде еңбек нарығындағы жағдай жыл сайын өзгеруде. Көптеген салаға жасанды интеллект еніп келеді. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз.
    Сандық технологияларды игеру­дің бірден-бір басты құралы – компьютер­лік техника. Сандық технология көп жағдайда білім саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жоюға септігін тигізері сөзсіз. Бүгінгі күні цифрлық технологиялар басқармасы арқылы аталған жайттардың алдын алу, жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында барлық балабақшаға меншік түріне қарамастан «биометрия» автоматтандырылған жүйесі енгізілуде. Мұнда әр баланың балабақшаға келуі жекелей QR код арқылы табельге енгізіліп, есебі жүргізіліп отырады.
    Бүгінде біздің үлгіде Түркістан облысы жұмысын бастады және жалпы Қазақстан бойынша көшу қарастырылуда. Бұл мәселенің маңыздылығын педагогтер, әсіресе, мектепке дейінгі ұйым қызметкерлері жете түсінуі тиіс.
    Биометрия әдісін енгізуді мемлекет алдында өз ісін адал, таза атқарып жүрген жекеменшік балабақшалар бірден қолдады. Аталған кәсіпкерлер бүгін осы залда отыр деп ойлаймын. Сіздерге алғысымды білдіремін.
    Алайда бұл іске көп жекеменшік балабақшалар қарсылық танытты. Менің айтарым, бұл – заман талабы, мемлекеттің қаржысын талан-таражға салуға ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, жекеменшік балабақшалар толық тексеріледі және заң алдында жауап беретін болады. Бүгін осы залда отырған құқық қорғау органдары тарапынан осы мәселе барлық кәсіпкерлік нысандарына жеткізілуі тиіс.
    Жекеменшік балабақшалардағы келесі проблема – тәрбиеші-педа­гог­тердің білімі мен біліктілігінің төмен­дігі. Қазіргі кезде жалпы рес­публика бойынша жекеменшік бала­бақшаларда тәрбиешілер мен кіші қызметкерлер­дің өз ісіне жауап­кершілікпен қарамауы, психо­логиялық тұрақсыздығы сал­да­рынан балаларға қатысты түрлі жағдай орын алуда. Сондықтан жекемен­шік ба­лабақшаларға педагогтердің білімі мен жауап­кершілігін көтеру бағытын­дағы жұмыстарды жүргізуді тапсырамын», – деп баса көрсетті.
    Марат Сұлтанғазиев білім беру саласындағы жөндеуден өтіп немесе жаңадан салынып жатқан нысандар жұмысына да тоқталып өтті. Аймақ басшысы: «Қазіргі кезде тұрғындар осы нысандардың жөндеу жұмыстарының жүру барысына наразы. Себебі, мұның артында біріншіден, баланың білім алуының, екіншіден, ата-ананың бала үшін алаңдауы мен ұстаздар қызметінің қолайсыздығы мәселесі тұр.
    Бүгінде біз аталған мәселені шешудің барлық мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Дегенмен, ол заң аясында шешілетінін жеткізгім келеді.
    Сол себепті, прокуратура, құқық қорғау органдары өз ісіне салғырттық танытып, міндеттемелерін орындамай отырған мердігерлердің әрекеттерін толық бақылауға алып, заң аясында жауапқа тартуды қарастыру қажет.
    Білім, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына «Жайлы мектептер» құрылысының барысын тұрақты түрде қадағалауды тапсырамын.
    Білім беру нысандарының күрделі жөндеуі сапалы орындалуы үшін аталған жұмыс осы саланың нағыз мамандарына – құрылыс басқармасына өткізілді», – деп атап көрсетті.
    Конференция жұмысы аяқталған соң, басқосуда айтылған жайттар мен көтерілген мәселелер және ортаға тасталған ұсыныстар негізінде тамыз кеңесінің қарары қабылданды.
    Шара барысында үздік еңбегі­мен танылған білім саласының қыз­меткерлері марапатталды. Бірқатар ұстазға «Ы. Алтынсарин» төсбелгісі, «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің үздігі» медальдары, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табыс етілді. Бұдан бөлек, облыс әкімінің бастамасымен «Мейірім» қайырым­дылық акциясы аясында кәсіподақ ұйымдары және облыс ұстаздарының қолдауымен балалар үйінің тәрбие­ленушісі Марина Кудашоваға баспана алу үшін 30 млн теңгелік сертификат табысталды.

    Бейбіт МЕКЕЕВ

    Ұсынымдар

    Алматы облысында «Менің туым – менің мақтанышым» атты онлайн челлендж өтеді

    Алматы облысында «Менің туым – менің мақтанышым» атты онлайн челлендж өтеді

    2 years ago
    Үлкендегі үлкен іс

    Үлкендегі үлкен іс

    1 month ago
    Қонаев қаласында 30 дауыс беру учаскесі жұмысын бастады

    Референдум: 6 млн 339 мың адам дауыс берді

    7 months ago
    Шаруаларға шынайы көмек

    Шаруаларға шынайы көмек

    3 months ago
    Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

    Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі

    4 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>