Алып мегаполис – Алматының жанында орналасқан елдімекендердің өзіне тән ерекшеліктері болады. Оның жақсы тұстары да, кемшіліктері де кездесетінін көріп-біліп жүрміз. Осы орайда Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылдық округінің тыныс-тіршілігімен танысу үшін ауыл әкімі Арман Қамалбекпен сұхбаттасқан едік.
– Арман Даниярұлы, Іргелі ауылы Алматымен жапсарлас жатқан елдімекен. Осы орайда ауылдың құрылымы күрделі екені түсінікті. Іргелінің бүгінгі ахуалы қандай, алдымен осы жайлы ақпарат бере кетсеңіз?
– Иә, Іргелі ауылдық округі бүгіндері қаламен бірігіп-кірігіп кетті десе де болады. Ауылдық округке Іргелімен қоса Кемертоған мен Көксай ауылдары, «Асыл Арман» ықшамауданы және 12 саяжай кіреді. Мұнда бүгіндері 37 647 тұрғын тіркелген. Бұл тізімге Алматы қаласы мен «Алтын Орда» сауда кешеніне қатынап жұмыс істейтін, жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдардың кірмегені белгілі.
– Қазір қаладан орын таппаған кәсіпорындар мен серіктестіктер жақын маңдағы ауылдарға қоныс аударып жатқанын білеміз. Осы орайда Іргелі ауылдық округіне инвестиция құю да жақсы жолға қойылған болар?
– Өнеркәсіп өндірісі бойынша бүгінгі күні Іргелі ауылдық округінде 4 ірі өндірістік кәсіпорын 307 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олар – газ қазандықтарын шығаратын «Юнилюкс» ЖШС, «Айдони» сауда және өндірістік компаниясы, «Алтын жұлдыз» тігін фабрикасы және «Көксай кірпіш» зауыты.
Ауылдық округте шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 6960 субъект тіркелген. Округте 135 шағын кәсіпорын, 6773 жеке кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласында 52 шаруа қожалығы бар. Аталған салада 15312 адам жұмыспен қамтылған. Бұл жағынан алғанда жұмыссыздық мәселесі шешілген деп айтуға болады. Соның нәтижесінде биыл 7 айдың қорытындысына сәйкес салықтың 8 түрі бойынша 697 млн 358 мың теңге түсті, немесе жоспар 105,0%-ға орындалды.
Сонымен қатар біз «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға ерекше мән беріп келеміз. Округ бойынша 14 жоба (құны 125 468 мың теңге) аудандық комиссияға жіберіліп, мақұлданды. Оның ішінде бір азамат тиісті қаражатын алып, қымыз-саумал өндіру кәсібін жолға қойып үлгерді. Тағы да 9 азаматтың құжаты тапсырылып, нәтижесін күтіп отырмыз. Демек алдағы уақытта өз кәсібін ашып, еңбек ететіндердің қатары артады деген сөз.
– Еліміздегі ішкі және сыртқы миграцияның салдары мен демографиялық дүмпу, әсіресе, Алматы қаласының айналасындағы ауылдарға салмақ салып жатқанын білеміз. Бұл жерде балабақша мен үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі шешімін таппай келеді. Іргелі ауылдық округіндегі ахуал қандай?
– Қаншама білім шаңырағы бой көтерсе де, үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін таппай отыр. Осы орайда Кемертоған ауылындағы жалғыз мектеп тарлық еткендіктен, мұнда жаңа білім шаңырағының құрылысы жүргізілуде. Қуанышымызға орай, жер телімі сарсаңға салмай тез табылып, жұмыс басталып кетті. Оған қолдау білдірген аудан әкіміне өз атымнан, жергілікті халықтың тарапынан алғыс білдіремін.
Бір айта кетерлігі, бұл білім ошағы Президент тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатыр. Қазір ол жақта құрылыс қарқыны жаман емес. Жауапты мердігер мекеменің мәліметіне сүйенсек, осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек.
– Қала іргесінде тұрып өркениеттің жетістіктерінен құр қалып жатқан жағдайлар аз емес. Солардың бірі жол мен ауыз су мәселесіне қатысты. Сіздерде бұл жай қалай шешілуде?
– 2024 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Іргелі ауылының Шұғыла көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған мәселе аудан әкімінің есепті кездесуінде көтерілген болатын. Көксай ауылының Р.Шоқпар, Жасұлан көшелерінің, Іргелі ауылы С.Бейсембаев, Абай көшелерін тегістеу жұмыстары қолға алынған. Арман көшесіне жол жабындысын төсеу жүргізілді. Сонымен қатар Іргелі ауылының Құлагер көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын бастауға мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, «Ынтымақтасжол» ЖШС-мен келісімшарт жасалып жатыр. Алдағы уақытта тиісті шаралар атқарылатын болады.
Іргелі, Көксай ауылындағы су жүйелерін жаңғырту бойынша құжаттар дайындауға каражат бөлу туралы Алматы облысы энергетика баскармасына өтінім берілген. Енді оған қажетті жер телімі анықталуда. Сол сияқты, Іргелі, Көксай және Кемертоған ауылдарын абаттандыру да жолға қойылды.
– Іргелі ауылдық округінде жарық мәселесі тұрғындар наразылығын туғызып келе жатқанын білесіз. Осыған қатысты қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?
– Ауылдық округке әкім болып тағайындалғалы бері тұрғындар тарапынан инфрақұрылымға қатысты мәселе көп айтылады. Соның бірі – 180-ге жуық үйі бар 6-кварталдағы жарыққа қатысты жағдай. Кезінде Варвара Лешкевич есімді жеке кәсіпкер халықтың сұранысымен трансформатор орнатып, сол арқылы электр қуатымен қамтамасыз еткен. Одан кейін жарықтың жиі өшуі орын алып, салдарынан сорғы арқылы жеткізілетін ауыз судың тоқтауы да жиілей түскен. Бұл мәселе аудан әкімінің және аудан прокурорының назарына да ілінді. Бүгінгі таңда Варвара Лешкевичпен екіжақты келісімге келіп, нәтижесінде жыл соңына дейін аталған трансформаторды уақытша Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне өткізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ келесі жылы кәсіпкердің бұл мүлкін нарықтағы бағадан 4 есе арзан бағада сатып алу жоспарда бар.
Тағы бір айта кетерлігі, Варвара Лешкевич иелік ететін трансформатор тек 6-кварталда ғана емес. Оның Көксай мен Жамбыл ауылдарында да жарық құрылғылары бар. Егер аталған трансформаторларын сатып алатын болсақ, бір ғана ауылдың ғана емес, үш ауылдың да мәселесі шешілейін деп тұр.
Ауылға жан-жақтан көшіп келіп жатқандар жетерлік. Бұл халықты жарықпен қамтамасыз етуге кері әсерін тигізуде. Сондықтан биыл мемлекеттен өңірлерді дамытуға бөлінетін қаржыны алдымен «Алтын орда» базарының артындағы 8 көшеге трансформатор алуға жұмсадық. Ал мұндағы жеке кәсіпкердің иелігіндегі ескі құрылғыны 9-кварталдың тұрғындарына қолданамыз. Трансформаторды кәсіпкер азамат еш ақысыз өткізіп бергенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар Кемертоған ауылын электр энергиямен қамтамасыз ететін «Жарық» жеке кәсіпкерлігінің тариф құнын төмендету мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде. Таяуда оң шешімін табады деп сенеміз.
– Арман Даниярұлы, көше бойындағы сауда нүктелері жайлы не айтасыз? Әсіресе «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің айналасында бей-берекет орналасқан сауда орындарын байқаймыз. Оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі ме?
– Қазіргі таңда «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің аумағында жабайы сауданың көрінісі жоқ деп айтуға болады. Өйткені ол жердегі ретсіз сауда орындары аудан әкімінің және оның осы салаға жауапты орынбасарының қадағалауымен ретке келтірілген.
Ал «Алматы-Бішкек» тас жолының бойында орналасқан қауын-қарбыз және басқа да көкөніс сатумен айналысатын саудагерлерге келер болсақ, олармен ауыл ақсақалдары, әкімдік қызметкерлері бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде тас жолдың бойынан 20-30 метр қашықтықта орналасатындай және әр жерде емес, бір орында саудаларын жүргізетіндей келісімге келдік.
– «Асыл арман» тұрғындарының тағы бір шағымданатыны – Абай ауылынан шығатын жағымсыз иіс. Біздің білуімізше, оның таралуына қағаз өндірумен айналысатын «Kagazy Recycling» компаниясы себеп болып отыр. Бұл мәселеге қатысты қандай шаралар қолға алынуда?
– «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің халқын талай жылдан бері осы жағдай мазалап жүргені рас. Пәтер иелерінің тиісті органдарға жазған шағымдары ескерілді. Нәтижесінде Алматы облысы бойынша экология департаменті «Kagazy Recycling» ЖШС-не айыппұл салды. Қазіргі уақытта аталмыш компанияны Алматы қаласының басқа аумағына көшіру мәселесі қаралуда. Әрине, бұл бір күнде шешілетін шаруа емес. Бірақ жоспарда бар.
– Округ халқын қоқыс мәселесі де алаңдатады. Уақытылы жиналмауы, қызмет сапасына айтылар шағым да аз емес. Бұған не дейсіз?
– Қоқыс шығару, әрине кімге де болсын оңай жұмыс емес. Санитарлық талап үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенімен, ол жетпейді. Оның үстіне қоқысқа жауап беретін мекеменің де кінәсі бар. Біресе техникалары сынса, енді бірде қоқыс дер кезінде алынбайды. Одан бөлек абоненттердің саны нақтыланбаған. Қызмет көрсетуші компания ескі деректермен жүр. Менің ойымша, қоқыс жинау мәселесі бойынша жаңа тәсіл ойлап табу керек.
Қазіргі уақытта жергілікті тұрғындармен ақылдасып, тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы WhatsApp-чат аштық. Ол топта белсенділер, ауыл ақсақалдары, жастар, сондай-ақ қоқысқа жауапты мекемелердің өкілдері бар. Тұрғындар осында қай жерде күл-қоқыс алынбағанын хабарлап отырады. Жуапты компания да дер кезінде ескереді. Бұл әдіс өз нәтижесін беруде.
Сонымен қатар округімізде екі қабатты көппәтерлі 5 үй бар. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа аталған тұрғын үйлердің маңайына 30 қоқыс жәшігін сатып алдық.
Қоқысқа қатысты туындайтын тағы бір мәселе – округте орналасқан жатақхана тәріздес үйлердің көптігі. Мұнда пәтер жалдап тұратындар ешқайда тіркелмеген. Қазір сол адамдарды тұрақты тіркеумен айналысудамыз. Олардың әрбірі абонент болып табылатындықтан, тариф бойынша коммуналдық қызмет ақысын төлеуі тиіс. Қоқысты орынсыз тастап кететіндерді бейнебақылауға алып, учаскелік полицейлердің көмегімен хаттама толтырып, әкімшілік-құқықтық айыппұл саламыз. Осылай қоқыс мәселесімен күресіп жатқан жайымыз бар.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Қуат Қайранбай
Қарасай ауданы