Алматы облысына қарасты Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінде «Азат Қазақстанның бастауы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шара барысында Мемлекет және қоғам қайраткері Қырымбек Көшербаевтың «Зұлмат» кітабы таныстырылды.
Алаш тарихын зерттеп жүрген ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысқан шара кезінде тарих ғылымдарының кандидаты, публицист-жазушы Бейбіт Қойшыбаев ҚазАКСР-ның құрылуы жөнінде көлемді де тарихи тұрғыдан аса маңызды баяндама жасады. Ғалымның пайымдауынша, 26 тамыз – Қазақ мемлекетінің, бүгінгі Қазақстан Респбуликасы атты тәуелсіз мемлекетіміздің туған күні.
– Бүкілресейлік Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ автономиялы Кеңес Социалистік Республикасын құру жөнінде арнайы Декрет шығарды. Бұл – Ресей патшалығы жойған елдігімізді жаңа тұрпатта жаңғыртуға тырысқан Алаш-Орданы тұғырдан тайдырып, халқымызға мемлекеттілігін кеңестік негізде қалпына келтіруге мүмкіндік берген большевиктік өкімет шешімі болатын.
Кеңестік Қазақ Республикасының шаңырағын көтерген осы тарихи құжаттың қабылданғанына биыл 100 жыл толып отыр. Анығын айтсақ, 26 тамыз – қазақ халқының мемлекеттілік мәртебесін қайтаруына жоғарыдан жол ашқан тарихи күн. Өкініштісі, Кеңес өкіметінің аса мәртебелі басшылары қолымен маңызды биік пәрмен дүниеге келген осынау тарихи күн жетпіс жыл дәурендеген Кеңес дәуірі кезінің өзінде қазақстандық Қазан туын асқақтатушылар тарапынан аса еленбеді. Шынтуайтында, бұл мерзімді мемлекеттілігімізді жаңғыртқан күн ретінде бірде-бір рет атаған да, тойлаған да емеспіз. Ал қазіргі тәуелсіздік кезеңінде оны мүлдем ұмыт қалдырып жүрміз, – деді ғалым.
Жалпы, қазақтың империя аранына жұтылған мемлекеттілігін жаңғыртуды көздеген аса маңызды оқиғалардың бәрі ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде орын алғаны белгілі. Халқының жер-суымен қоса рухани санасы отарланып бара жатқанын өткір сезінген діни қызметшілердің ХХ ғасыр басындағы қарсылық әрекеттерінен қазақтың жаңа тұрпатты ұлт-азаттық қозғалысы ұшқын алып, артынша бірінші орыс төңкерісінің дүмпуімен кеңірек қанат жайып тарағаны, мақсатты бағдарламасын қалыптастырғаны мәлім.
Бүгінде «Алаш қозғалысы» деп аталатын бұл құбылыс жалпыимпериялық қозғалыспен, империядағы жалпымұсылман қозғалысымен астаса өрістеді. Патшаны тақтан тайдырған екінші дүмпу – 1917 жылғы ақпаннан кейін қазақ азаттық қозғалысы еркін дамып, жер-жерде өткен жиналыстарында келешек мемлекеттілік түрін таңдай бастады. Қазақ қайраткерлері құрылтайға жиналысқа сенді. Алайда бұрынғы империя аумағында орнауға тиіс мемлекеттік құрылым түрін анықтамақ құрылтайшы жиналыс идеясын 1917 жылғы Қазан жеңімпаздары жоққа шығарған. Сонда да олар құрылтайшы жиналысты күтпей-ақ, ұлттың азаттық қозғалысын межелі шыңына шығаруды батыл қолға алды.
Орынборда жиналған ІІ жалпықазақ съезі делегаттары 1917 жылғы 12 желтоқсанда жаңа Ресей құрамында болатын мемлекет шаңырағын көтеріп, Бүкілқазақтық «Алаш-Орда» халық кеңесін – Қазақ автономиясының Үкіметін сайлады. Сөйтіп тарих сахнасына этностық өз атымен шығып, төрт ғасыр дербес өмір сүргеннен кейін алпауыт империя аранына жұтылған ұлттық мемлекеттілік әлденеше ондаған жылдан соң, заманауи тұрпатта жаңғыртылды.
Бірақ ғұмыры ұзақ болған жоқ. 1917 жылғы 25 қазан төңкерісін жасап, өмірге келуімен дүниені дүр сілкіндірген тапшыл большевиктік билікпен 1918 жылғы сәуірде Алаш-Орда делегациясы келіссөз жүргізген, сонда кеңестік басшылық ІІ жалпықазақ съезінің шешімдерін мойындағандай болған. Алаштық делегация Кіші совнаркомда автономияның басқару құрылымын кеңестік рельске жақындату жобасын жасаған, делегацияға оны жүзеге асыруға қажет мол қаржы берілген. Алайда кері қайтқан делегация қазақ шегіне жетер-жетпесте-ақ большевизм көсемдері «ұлтшыл буржуазиямен» ымыраға баруға болмайтынын мәлімдеп, жер-жердегі өкілдеріне тиісті нұсқауларын жолдаған.
Баяндамада айтылғандай, 1918 жылдың басында тағайындалған Дала өлкесінің комиссары, сол жылғы мамырда құрылған Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының қазақ бөлімі ел ішінде совдептер (депутаттар кеңесі) насихатын күшейте түсті. Шығыс Алаш-Орда өкілдері Кеңес өкіметі жағына шыға бастады. 1919 жылғы 10 шілдеде предсовнарком (Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы) Ленин өлкені әскери-азаматтық тұрғыда басқаруды жүзеге асыруға тиіс ең жоғарғы билік мекемесі Қазақ революциялық комитетін құру жайындағы декретке қол қойды. Құрамына қазақ ұлт-азаттық қозғалысының бұрынғы қайраткерлері де кірген Қазревкомның қарамағына Астрахан губерниясындағы қазақ аумақтары мен Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары берілді. Қазақтың өзге террриториялары 1918 жылғы 1 мамырда жарияланған Түркістан Республикасының құзырында болып, 1917 жылдан басталған алғашқы ашаршылық зардабын шегіп жатты.
– Қазревком қилы келіссөздерден кейін Батыс Алаш-Орданы барша құрылымымен кеңеске қаратты, содан соң, 1920 жылғы 9 наурызда Алаш автономиясының, оның өкіметінің, бөлімшелерінің таратылғаны жөнінде шешім шығарды. Осылайша, Алаш өкіметі жеңілді, тарих сахнасынан кетті. Шүкір, бірақ Алаш идеясы жеңілген жоқ. Ол кеңес платформасына шыққан азаматтардың санасында лаулап, онымен рухтанған күрескерлер әрдайым елдік мүддені нысана етті. Ұлт қайраткерлерінің қатысуымен кеңестік қазақ автономиясын даярлау ісі даңғыл жолға түсті, бұл ретте Қазревком қыруар жұмыс жүргізді. Қазревком белгілеген өкілдер болашақ автономия аумағын нақтылауға байланысты орталықта өткен мәжілістерге қатысты. 1920 жылғы 17 тамызда совнарком Қазақ Республикасы хақындағы құжаттың жобасын қарап, мақұлдады.
Осылардан кейін тарихи декрет дүниеге келді. Бүкілресейлік орталық атқару комитеті (ВЦИК) және Халық комиссарлары кеңесі 1920 жылғы 26 тамызда совнаркомның 1919 жылдың 10 шілдесіндегі декретін дамыта қарап, Қазақ Республикасын құру жөнінде қаулы алды. Осылай Қазақ Республикасына одақ құрушы мемлекет тәжі кигізілді. 1924 жылы барлық талапқа сай болып тұрғанына қарамастан берілмеген одақтық мәртебе он екі жылдан кейін берілді. Жасанды ашаршылық салдарынан қазағы азшылыққа, бірақ көшпенділіктен кетіп, отырықшыға айналған, биік өнерінің арқасында «қараңғы халық ішіндегі социализм жетістіктерін» айдай әлемге әйгілеген салтанаттан соң ғана берілді. Бұл дәрежені аспаннан түскендей етіп, 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған КСРО Конституциясы сыйға тартты. 1920 жылғы 26 тамыз декретінен басталған кеңестік автономиялық қазақ мемлекеті осылай, 1936 жылғы 5 желтоқсандағы сталиндік Конституция бойынша жаңа сапаға көтеріліп, «Республикалар одағын құрушы социалистік тәуелсіз мемлекеттердің біріне» айналды.
Бұл – кеңестік қазақ мемлекетінің тарихындағы орасан зор белес, ерекше мәнге ие тарихи оқиға еді. Бұл – мемлекеттік тәуелсіздігіміздің 1991 жылғы 16 желтоқсанда конституциялық заңмен бекітілуіне жол ашып, сол кезде соғылған берік тұғыр болатын.
Осы орайда 26 тамыз сырына терең бойлап, мемлекеттілігімізді жаңғырту жолындағы күресімізді зерттей түскеніміз дұрыс болар еді. Жетпіс бір жыл өмір сүрген қазақтың кеңестік республикасының бастауына үңіліп, империя жойған ұлттық мемлекеттілігімізді қалпына келтіру, жер-суын, халқын жиып, шек-шекарасын анықтап белгілеу жолында жанын берген азаматтарымыз бен олардың еңбектерін саралау һәм әділ бағалау әлі күнге дейін толық зерттелген жоқ. Солардың жанқиярлық қызметтері, мың сан саяси құрбан, миллиондаған ашаршылық зардабын шеккен халық біздің тәуелсіздігімізге жол салды, соны келешекте әділ де жан-жақты зерделеуді борышымыз деп ұғайық, – деді Бейбіт Қойшыбаев.
ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев болған уақытта атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, осы мемлекет және қоғам қайраткерінің комиссия материалдарының негізінде жазған «Зұлмат» кітабы жөнінде әңгімеледі. Осылайша, шараға жиналған жұртқа қуғын-сүргін жылдары халқымыз бастан кешкен қасіретті оқиғалар жайлы жан-жақты баяндайтайтын тағылымды кітаптың мазмұны мен маңызы таныстырылды.
Жиынға қатысушылар қазақ тарихынан мол мағлұмат алып, тың деректерге қанығып тарқасты.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы