Биылғы жылдың қыркүйек айының басында драма актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Күләш Қажығалиева өмірден озды. Ш.Айтматов, Ә.Тарази, О.Бөкей, С.Балғабаев, И.Сапарбай, Иран Ғайып тәрізді драматургтердің туындылары бойынша қойылған спектакльдерде түрлі рөлдерде ойнаған актрисаны, расы керек, өнерден, соның ішінде, сахналық өнерден хабары аз қазақтар біле бермейтінін ескерсе керек, бұл азалы хабарды жариялаушылар «Менің атым Қожада» Жанардың рөлін сомдаған актриса өмірден озды» деп хабарлады. Бұл фильм түсірілгелі не заман, соның өзінде Жанар рөлі ұмытылмай келеді. Актриса көптеген рөлде ойнаған. Дегенмен қазіргі қазақтарға (өнер саласынан мақрұм деп кемітпей-ақ қоялық) ең әуелі Жанар рөлі танымал болып тұр ғой. Шынында да, оқушылық кезеңі 60-70-жылдармен тұстасатын ұрпақтың өкілдері бұл кітаптың кейіпкерлерін ұмыта қоймаған. Қожа, Жанар, Сұлтан, Жантас, Қожаның анасы Миллат, әжесі, комбайншы Қаратай, мұғалім Майқанова, қысқасы, алуан түрлі мінездер мен әрекет иелері бәріміздің есімізде.
Иә, «Менің атым Қожа» кітап болып шыққалы алпыс жылдан астам уақыт өтіп кетті. Бұл кітапты шығарған Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы (ҚМКӘБ) дейтін атау да өзгергелі талай су ақты, талай құм көшті. Дегенмен кітап ұмытылған жоқ, ұмытылмайды да. Кейіпкерлері де. Неге? Бәлкім, кітаптың өте қарапайым (қарабайыр емес) тілмен жазылғандығынан шығар? Әлде туындыдағы оқиғалардың ойдан құрастырылмағаны көрініп тұрғандығынан ба екен? Бәлкім, кейіпкерлердің өзімізге етене жақын мінез-құлықтары өзіне тартты ма екен? Дұрысы, осының барлығы да әсер еткені даусыз.
«Менің атым Қожа» – қалай десеңіз де, Бердібек Соқпақбаевтың ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің алтын қазынасы. Өткен сексенінші жылдары әлдебір басылымдар ең көп оқылған кітаптардың тізімін беретіні бар еді, сондай тізім осы қазақ кітаптарына байланысты жасалса, сөз жоқ, Қожа озып шығар еді. Бірақ кезінде ондай тізім жасалып, ұсынылған жоқ, ал қазіргі тізімдерден тамыр-таныстықтың лебі есіп тұрады. Рас, Соқпақбаев мойындалады, дегенмен оның жанына шығармасы ондай атақ-даңққа ілінбеген, ілінуі де мүмкін емес әлдекімдер тіркеліп қояды. Баяғы жетпісінші жылдардағыдай «Политбюроның» тізіміндей мызғымайтын тізімді ешкім жасай алмайтын шығар бұл күнде. «Политбюро» демекші, сол «Политбюроның» мүшесі болған Дінмұхамед Қонаевтың өзі Бердібекті жоғары бағалаған. Рас, тікелей қамқорлық жасамаған. Жасауы да мүмкін еді, бірақ небір пысықтар Бердібекті ол кісінің қасына жолатпаған немесе ертіп бармаған. «Әркім өзі асыраған текешігін әспеттеген» кез ғой ол да бір. Әйтпесе сол Қожамен жұлдызы жарқырап тұрған жазушының өмір жолы одан әрі басқаша өрілер ме еді, кім білсін?!
Бала шақта қайта-қайта оқыған соң ба екен, ол кезде «Менің атым Қожаға» тең келер повесть таппағанымыз рас еді. Балаларға арналған хикаят, әңгімелер болды ол кезде де. Бірақ, шыны керек, тап осы кітап секілді тартымды дүние таба алғанымыз жоқ. «Әжем мен емші және дәрігер» (Сәкен Жүнісов) бұдан 4-5 жыл кейін жазылды, «Арыстан мен виолончель және қасапхана» (Марат Қабанбаев), әйтпесе «Чика – Дабылдың баласы» (Молдахмет Қаназов) тәрізді хикаяттар тіпті беріде шықты. Дегенмен осы туындылардың қай-қайсысы да әйтеуір бірдеме-бірдемесімен Қожаны еске салып тұратын. Ал Қожа кімді еске салушы еді? Бәлкім, әрідегі Марк Твеннің Том Сойері мен Гекльберри Финін айтуға болар? Бұлар да бұзық, жүрген жерлері топалаң, әжелерін қан қақсатады, мұғалімдерін зар жылатады. Немесе берідегі көрнекті грузин жазушысы Нодар Думбадзенің «Мен, әжем, Илико және Илларион» романын айтса ше? Бірақ бұл роман Қожадан кейін шыққанын ұмытпауымыз керек. Шіркін, осы Думбадзе КСРО кезінде ең жоғары мәртебе – Лениндік сыйлықтың лауреаты атанғанда, Бердібек ағамызға «Өлгендер қайтып келмейді» кітабы үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын беруді артық санағанымыз ұят болды.
Осы тұста «Өлгендер қайтып келмейді» романына тоқталғанымыз жөн сияқты. Соғыстан соң, әсіресе есі кіріп, етегін жинаған жас қауымның тіршілігі көптеген шығармаларға арқау болғаны мәлім. Еркін Мамырбаев – солардың бірі. Осы кейіпкердің соқтықпалы-соқпақты өсу жолдарын бейнелей отырып жазушы қазақ прозасының елеулі туындысын жасаған. Біріне-бірі ұқсамайтын алуан бейне, тартымды тіл, ширақ стиль романды биіктете түскен. Қарап отырсаңыз, соғыс кезіндегі, соғыстан соңғы балғын қауымның көргені көп. Бірақ сол көргеннің бәрін тізбелей беру оқырманды жалықтыруы да мүмкін. Бұл ретте, әлбетте, жазушы түрлі әдеби тәсілдерді шебер пайдалана білуі керек. Сол шеберліктің арқасында Б.Соқпақбаев романның әлеуметтік салмағын күшейте түскен, эстетикалық қуатын барынша молайтқан. Романның үш дәптерден құрастырылуының өзі оқырманды жетелеп отыруға негізделген. Алғашқы дәптерде сұрапыл соғыс басталуына байланысты әрекеттер, Еркіннің ауыл төрағасымен жанжалы, оның соңы ФЗО-ға барумен жалғасуы сөз болады. Екінші дәптер – мұғалімдік, оқуға аттану. Үшінші дәптер жас өмірдің ерлі-зайыптылық өмірін бейнелеуге арналған. Былай қарасаңыз, біз тым қысқарта еске салып отырған осы оқиғалар сол заманда, әркімнің демесек те, талайдың басынан өткен. Ұқсас оқиғалар. Шын жазушы, міне, осындай оқиғалардан шынайы туынды жазу үшін қажетті детальдарды іріктеп алады.
Ал мұның алдында жазушының «Балалық шаққа саяхат» повесі жарық көрген болатын. Бұл – Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» тәрізді мемуарға ұқсас туынды. Мемуар дей алмай отырғанымыз, ол кезеңде тұтас өмірі туралы мемуар жазу – қазақ жазушыларының дәстүріне ене қоймаған нәрсе. Ал қазіргі мемуарларда оқиға жалпы дұрыс бейнеленгенімен ара-арасында автордың жеке көзқарасы килігіп кетіп отырады. Сенің ойлауыңа мүмкіндік берілмейді, автор өзі жазады да, өзі сол бойда әлгі оқиғаға қатысты өз ойын білдіреді. Көнсең де осы, көнбесең де осы. Автормен таласу нәтижесіз. Кей мемуарлық дүниелердің дау-дамайға ұшырап жататындығының бір себебі осы. Ал Бердібек Соқпақбаевтың ешуақытта боямасыз жазғанын, шындықты сол өзі көрген күйінде бейнелейтінін талай қаламгерлер сөз еткен. Міне, осы «Балалық шаққа саяхатта» автордың қандай тәсілді пайдаланғанын жазушы Жүсіпбек Қорғасбек былай баяндайтыны бар: «Шынайы жазылған» деген сөзді екі шығарманың біріне айта береміз ғой. Бірақ көркем шығармада өзінің, аға-інілерінің, әке-шешесінің аты-жөндерін өзгертпей берген басқа ешкім жоқ. Повесте өзін Бердібек, әкесін Ыдырыс, шешесін Әсбет, нағашы атасын Сембай, туған ағасын Сатылған, інісін Тұрдыбек деп өз аттарымен атайды. Әдетте, жазушылар шығармаларында «Әкем анандай, шешем мынандай» деп көтермелеп жазады емес пе? Ал Бердібек Соқпақбаев туыстары өмірде қалай болды, солай қағазға түсіреді. Сірә, бір шынға бір өтірікті қосып жазуға қаламы жүрмеген болуы керек. Бәлкім, осы повесін жазарда ол өз өтірігіне өзі сеніп қалатын қаламдастарына мысқылдап қараған да болар?
Жазушы жанына ең жақын адамның бейнесін: «Әкем Ыдырыс – кең өңеш, қомағай адам. Қасық оның қолына тиген кезде тостағандағы талқанның бір жамбасы үңірейіп қалады», – деп келтіреді. Оның алды-артындағылар «әкем менің» деп жазғанда үстіне бір түйір тозаң қондырмайтын. Әдеби кейіпкер болған соң әжуалап жазғаны ма дейін десең, өмірбаянында да әкесінің есімі Ыдырыс екені тайға таңба басқандай көрсетіліп тұр.
Ол аздай, келесі бір бетінде: «Әкемнің бойы ортадан төмен, иықты. Өзі құсап селбіретіп қияқ мұрт қояды. Уайымсыз адам, күйіп-піскенді білмейді, жайбарақат. Мезгілсіз тозып, шаршамайды. Аш болса да, тоқ болса да, екі беті қып-қызыл. Тамақ таңдамайды, өңешінен өткеннің бәрін ішіп-жейді. Ауырмайды», – дейді. «Осы кісі өз әкесін жазып отыр ма?» деп өмірбаянына ұрланып тағы қарайсың.
Осыдан соң жаңа бір әзірде атүсті сыдыртып шыққан бір-екі эпизодты тауып алып, қайта шұқшиясың. Жазушы: «Шешем Әсбет тілді де отты адам еді. Тек ауру иектеп алған да қор қылған. Әкемнің ынжықтығын бетіне басып, қайрап айтып отыратын. Бірақ әкем ағаш пышақ тәрізді, қанша қайраса да өтпейді», – деп тағы бір түйіп қояды.
Мұны оқып «Жоқ, мен өз әкем туралы бұлай жаза алмайды екем» деген ой еріксіз басыңа келеді. «Онда сенің өзенде балық тұрғанда аштан қырылған халық туралы жазғаның да өтірік» деп біреу құлағыңа сыбырлағандай болады. Бұл ой повесті бойға сіңіріп қайта оқуыңа мәжбүрлей түседі. Сонда повесть бар сырын алдыңа тосып, басқа қырынан ашыла түседі».
Міне, осылай жазылған соң ба екен, «Балалық шаққа саяхатты» шын көңілден жазылған кітап екен деп сеніп оқисың. 1924 жылы дүниеге келген баланың, әсіресе балаң кезі жоқшылыққа тап келген өспірімнің айнала қоршаған қаталдық сынынан қалай өткені жан-жүйеңді қозғайды. Бір тұста іштей күліп алсаң, екінші бір шақта көзіңе еріксіз жас іркіледі. Тақырыбына сай мазмұнмен кестеленген мұндай хикаяттар көп кезіге бермейтіні де рас. Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбаевтың «Бердібек Соқпақбаев – қалам құтын, өнер дәулетін кітапханадан іздемей, қияметтей қиын қыспақты қытымыр тірліктің өзінен іздеген, іздегенін тапқан талантты жазушы» дегені де осыдан болса керек.
Өмірдің сан қилы осындай сатыларынан өткен жазушының соғыс та жоқ, жоқшылық та кезікпейтін, шат-шадыман «Менің атым Қожаны» қалай жазып шыққанына таң қалып отырады екенсің. Бұл да, сірә, қаламгердің әуелі көкірегіне ұя салған ерекше қабілеті десек, одан соң Мәскеуде небір зиялы оқымыстылардың дәрістерінен сіңіріп алған қағидасы шығар? Анау «Өлгендер қайтып келмейді» мен «Балалық шаққа саяхаттан» соң бейбіт өмір туралы жазу мүмкін еместей ғой. Себебі «Сегіз жасымда, бірінші класта оқып жүріп, шешем өліп жетім қалдым. Колхоздасудың алғашқы жылдары – ең бір қиын кез. Содан соңғы басымнан кешкендерді ойлай бастасам, осы күннің өзінде жүрегім қақ айырыла жаздайды. Япырай, қалай тірі қалдым, осы өмірге қалай жеттім? Нағыз итжандының өзі екенмін-ау деп таңданам» деп жазғаны бар қаламгердің.
Міне, сондай өткелектерден аман-сау өтіп, бірақ оның зәбір-жапасын ғұмыр бойы санасында сақтап өскен жазушының мамыражай кезеңнің көріністері туралы әдемі дүниелер жазуы, қайталап айтайық, таң қаларлық-ақ жағдай. Және Қожа туралы повесть Мәскеудің «Детгиз» баспасынан шыққан соң әлемді шарлап кете берді: француз, латыш, литван, украина, молдаван, өзбек елдеріне тарады. Том Сойер мен Гек Финді тілге тиек еттік қой. Олар не десеңіз де, америкалық балалар еді. Сол балалардың хикаясына қанық Кеңес одағының балалары қазақтың мына Қожасын да шет көрмеді. Оны айтасыз, «Қазақфильм» киностудиясы осы повесть бойынша фильм түсіріп, бұл фильм 1967 жылы Францияның Канн қаласында өткен балалар мен жастар көркемсуретті фильмдерінің бүкіл дүниежүзілік фестиваліне қатысып, бәйге алып қайтты.
Биыл «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында қазақ прозасына өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген көрнекті қазақ жазушысы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Бердібек Соқпақбаевтың шығармалары оқуға ұсынылды. Сонда алдымен қай шығармасын оқу керек? «Менің атым Қожаны» ма әлде «Өлгендер қайтып келмейдіні» ме? Әлде «Балалық шаққа саяхатты» тағы бір барлап өткен жөн бе? Қайсысын оқысақ та, қателеспейтінімізді білдік, әрине. Жазушының қай шығармасы да жасандылықтан аулақ.
Айталық, «Қайдасың, Гауһар?» повесін алайық. Бірнеше шет тіліне аударылған туынды. Мұнда да естен кетпес ескі жылдардың суреттері алдыңыздан шығады. Жәнібектің Гауһарға көрген сәтте ынтық болуы кейін ғашықтық сезімге ұласады. Бұдан арғы оқиға осы екі жастың жарасымды наз-қылықтарымен жалғасады. Тек… Иә, тек көптеген әдеби туындылардағы секілді бұл достық та кенеттен үзіледі. Хабарсыз кеткен Жәнібекке ренжіген Гауһар қоштасу хатын қалдырып кетеді: «…Ал енді жазбасаң да болады. Жазған хатың бәрібір маған тимейді. Мен бүгін-ертең Алматыдан кететін адаммын». Содан соң… Екі арадағы жалғастырып тұрған жіп біржола үзіледі. Жәнібек Гауһарды іздегенмен, таба алмайды. Сөйтіп жүріп соғысқа аттанады. Соғыстан аман-есен келген соң Гауһарды тағы да іздейді. Табылмайды.
Осылайша, балалықтың да, жастық пен махаббаттың да әр шағын қағазға айнытпай түсірген Бердібек Соқпақбаев саясатпен үндесетін шығармалар жазуға жоламады. Ондай тақырыптарға жазылған шығармаларды өтірік деп қабылдады. Сол тұстағы коммунистік идеологияға ішін бермеді. Кейінгі кезде жазуды доғарып кеткенінің де бір себебі сол еді. Мәскеудегі жоғары әдеби курста оқыған кезінде Бекең небір ғұламалардан дәріс алғаны да, ол кезде алыс қалаларда қолға түсе бермейтін небір жаңашыл кітаптарды оқығаны да түйсігіне жаңа әсер қосқан болуы керек. Сол кезде аты суық «үш әріп» жазушының ізіне түскені туралы біршама дерек айтылды, оның жұмбақ жағдайда қаза болуын да осымен байланыстыратындарға дау айту қиын. Бір ғана жайды ашық айтуға болады, жазушының соңында аяқталмаған бір туындысы қалды. «Ергежейлі еліне саяхат» деп аталатын бұл хикаят фантастикалық-сатиралық дүние еді. Зерттеушілер бұл хикаяттың оқиғаларын сол кездегі КСРО мемлекетінің идеологиялық әрекеттерімен салыстырады. Сірә, жазушы жария түрде айта алмаған ойларын осы фантастикалық шығармасы арқылы қалдырып кеткісі келген шығар?!
Бауыржан ҚҰРМАНҚҰЛОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылародағының
Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы