Қонаев қалалық орта мектеп-гимназиясында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың қатысуымен жиын өтті. Оған облыстағы білім мекемелерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Онда Президент Жолдауы мен 6 қазанда өтетін референдум турасында ой бөліскен Мәлік Нұржанұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт, оқитын отбасы» тұжырымдамасы төңірегінде ұстаздармен пікір алмасты.
– Біздің ұлт болып қалыптасуымызға, қазақ халқының өкілі болып түзілуімізге қызмет ететін ең бірінші нәрсе – әдебиетіміз. Ұлттық әдебиетте біздің қоғамның, қазақ халқының психологиясы, дүниетанымы, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпы жинақталған. Бұл құндылықтарды әлем әдебиетінен іздеп таба алмайсыздар. Сондықтан, сіздер ең алдымен қазақ жазушыларының шығармаларын оқып, дүниені тануларыңыз керек.
Екіншіден, біздің Президентіміз мерзімді басылымдарды қалт жібермей қадағалап отырады. Ол ертеңгі жұмысын газет оқудан бастайтынына куә болып жүрміз. Жай қарап қана қоймай, астын сызып, ондағы өзекті мәселелерді шешуді жүктеп отырады.
Әрине, бүгіндері әлеуметтік желінің айы оңынан туып тұр. Онда шұғыл ақпараттар жарияланады. Алайда оның анық-қанықтығына ешкім көз жеткізе алмайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желі сауатсыздықты қалыптастырып келеді. Онда жазу емлесіне ешкім көңіл бөлмейді. Ғалымдардың пайымдауынша, бір ғана «қонақүй» деген сөздің 20-ға жуық үлгісі жазылады екен. Әлеуметтік желідегі жазбалар көп жағдайда адамның психологиясына әсер етіп, көңіл-күйдің бұзылуына да ықпал ететінін психологтар айтып келеді. Су тасқынына қатысты да ақпарат ағынының арасынан шыны қайсы, өтірігі қайсы екенін ажырата алмай, адасып жүрген оқырмандар қаншама? Сондықтан, мұндайда ең алдымен мерзімді басылымдарға, яғни газет-журналдарға арқа сүйеген абзал. Біз дамыған мемлекет деп үлгі тұтатын елдердің бәрінде газет-журналдардың алатын орны бір кеміген емес. Себебі, олар ақиқат ақпаратты тек мерзімді басылымдардан ғана алуға болатынын біледі.
Соңғы жылдары баспасөзге жазылу мәселесі кенжелеп қалғанын көріп жүрміз. Соның ішінде ұрпаққа білім мен тәрбие беретін ұстаздар қауымы да баспасөзге жүгінуді қажетсінбей бара жатқандай. Демек, біз қоғамды дамытуға, демократияны қалыптастырып, ақпарат алу ғана емес, сонымен бірге тәрбие құралы болып саналатын бұқаралық ақпарат құралдарына деген көзқарасымызды да қайта қарауымыз керек, – деді Президент кеңесшісі.
Қазақ қоғамын және ұстаздарды толғандырып жүрген өзге де мәселелер турасында ой бөліскен Мәлік Нұржанұлы жиылған жұртшылықтың сұрақтарына жауап беріп, алдымызда өтетін референдумға белсене атсалысып, Президент Жолдауын жүзеге асыру жолында жұмыла еңбек етуге шақырды.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ