Адам баласы ойлап тапқан атомның қуатын адамзат қызметіне жұмылдыру, оны бейбіт мақсаттарға пайдалану, экономиканы өркендетіп, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыттау бүгінде өзекті мәселелердің біріне айналған. Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылындағы әл-Фараби атындағы лицейде өткен облыстық пікірталас алаңының басты тақырыбы да осы болды. Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген шара «Атом энергетикасы – болашақ энергияның бастауы» деп аталды. Дебатқа аудандардағы ең үздік физика пәнінің мұғалімдері қатысты.
Шараның ашылу салтанатында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова сөз алып, дебаттың басты мақсаты – атом энергетикасы жөнінде жұртшылықтың түсінігін арттырып, мамандардың бір-бірімен ой бөлісуіне мүмкіндік туғызу, осы бағытта айтылып жүрген түрлі пікірлердің дұрыс-бұрыстығын бағамдау екенін тілге тиек етті.
Дебаттың үйлестірушісі Дамир Уәлиханов аталған интеллектуалдық турнирдің талаптарымен таныстырып, қатысушылар көтеріліп отырған тақырып бойынша ойларын ашық әрі жүйелі жеткізсе деген ұсынысын айтты. Осы орайда әл-Фараби атындағы мамандандырылған лицейдің физика пәні мұғалімі Нұржарқын Нұрмұхамед ашық сабақ өткізіп, «Атом энергетикасы: бүгіні мен болашағы» тақырыбында баяндама жасады. Сабақ барысында ол мәселеге байланысты педагогикалық тәжірибесімен және атом энергиясын бейбіт мақсаттарда пайдалану жайында өз ойларымен бөлісті.
Турнир үш ойыннан тұрды. Оған өлкеміздің барлық ауданы мен Қонаев қаласынан келген ұстаздардан жасақталған командалар белсене қатысты. Турнирдің талабы бойынша әр ойынның соңында ең төменгі ұпай жинаған командалар ойыннан шығып отырды. Осылайша үздіктер анықталды.
Әділқазылар алқасының құрамы физика мамандығы бойынша мол тәжірибе жинақтаған мұғалімдерден жасақталды. Қазылар жұмысына түрлі грант иегері атанған, республикалық және әлемдік байқаулардың жеңімпазы болып танылған әл-Фараби атындағы лицейдің оқушылары көмекке келіп отырды.
Турнирдің қорытындысы бойынша «Эверест» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Команда құрамында Қонаев қаласындағы мектеп-гимназияның өкілі Жансая Қошқар мен Қарасай ауданындағы Макаренко атындағы мектептің мұғалімі Раушан Иманқұлова болды. Ал Қарасай ауданындағы әл-Фараби атындағы лицейдің ұстазы Бақытжан Сарқұлов пен Қонаев қаласының №2 мектебінен келген Нұрсұлтан Жаханнан жасақталған «Тамшы» командасы екінші орынды қанжығасына байлады. «Қуат» командасы үшінші жүлделі орын иегері атанды. Бұл құрамда Талғар ауданындағы № 16 орта мектептің мұғалімі Алмагүл Әбенова мен Қонаев қаласынан келген Асылзат Күзенбаева бар. Қарасайлық Мейрамбек Тілеубаев пен Алатау қаласының өкілі Несібелі Садықовадан құрылған «Болашақ» командасы «Талпыныс» номинациясын иеленді.
Қазылар алқасының ортақ шешімімен қарасайлық Ғалия Нұртазина мен ілелік Балауса Саримованың «Сұңқар» командасы «Үздік спикер» номинациясын жеңіп алды. Барлық жеңімпаз облыстық білім басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
– Бұл турнирдің ерекшелігі физика пәні мұғалімдерінің арасында бірінші рет өткізілуінде болып отыр, – деді Дамир Қанатханұлы бізге берген сұхбатында. – Бүгінде елімізде атом стансасын салу мәселесі кеңінен талқыланып жатқаны белгілі. Физика пәнінің мұғалімдері бұл тақырыпты өзгелерге қарағанда жақсы білетін болғандықтан, оларға білімдері мен тәжірибелерімен бөлісуге ашық алаң ұсынылды.
Тартысты өткен дебат алдына қойған мақсатына жетті деуге болады. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Қарасай ауданы