Таяуда ғана елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойынының дүркіреп өткені баршамызға аян. Аталған әлемдік шарада тоғызқұмалақтан 41 елдің командалары бақ сынады. Қатысушы санының артуына Африка елдерінің қосылуы себеп болды. Төл ойынымыздың төрткүл дүниеге тарап жатқаны қуантады. Осыған орай Алматы облыстық тоғызқұмалақ спорты федерециясының президенті Жарас Ниязбектен соңғы жылдары еліміз аумағынан асып, әлемге тараған осынау бұқаралық спорт түрі жөнінде баяндап беруін өтінген едік.
Федерация басшысы әуелгі сөзді көшпенділер ойынынан алған әсерімен бөлісуден бастады. «Дүбірлі додада тоғызқұмалақтан Колумбия, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка және Араб елдері сынды 41 мемлекеттен келген 114 қатысушы шеберлігін сынады. Интеллектуалды жарыс нәтижесі бойынша ұлттық құраманың қоржынына 4 медаль түсті. Бексұлтан Бостандықов ерлер арасында чемпион атанса, Ерсұлтан Әуелбай үшінші орынды иеленді. Ал әйелдер арасында Мөлдір Серікқызы озық шығып, Аңсаған Қазанғап күміс жүлдеге қол жеткізді. Жалпы командалық есепте қазақстандық спортшылар бірінші орын алды.
Бізде өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынының ерекшілігі –Тоғызқұмалақ федерациясы 213 473 адамнан құралған қазақстандық рекорд орната алды. Ондағы мақсат – барлық ауылдағы, қаладағы мектеп оқушылары, колледж, университет студенттері және жеке компаниялардың атсалысуының арқасында әлемге Қазақстанның ұлы дала дүбірін шын мәнінде тоғызқұмалақтың сырымен естірте алғандай болдық. Осыншама адамды қамтып, әзірге еш жерде тіркелмеген тұңғыш сенсация жасалды.
Екінші сенсация – ғарышқа тоғызқұмалақ тақтасын шығардық, яғни Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қолдау аясында ішінде құмалақтары бар тақтаны жоспарланған меже бойынша 35 000 метрге немесе 35 шақырымдық биіктікке көтеруге тиіс едік, бірақ 28000 метр, яғни 28 шақырымға шығып, әуеде бір сағаттай қалықтап, қайтып жерге түсті. Бұл тақта енді Көшпенділер ойынының ғарышта болып келген жәдігері ретінде сақталды.
Тағы бір елді елең еткізген үшінші жаңалығымыз – Астананың қақ ортасындағы «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығының қасынан тоғызқұмалақшылар аллеясын аштық. Сонда әлем елдерінен келген 41 делегация ағаш көшеттерін отырғызды.
Жалпы алғанда, Көшпенділер ойыны тек тоғызқұмалақ қана емес, барлық ұлттық спорт түріне ерекше серпін берген жоба болды. Әлемдік аренада біздің федерация тарапынан жоғарыда айтқан 41 елдің барлығымен жұмыс істеу ары қарай жалғаса береді. Осы көрсеткіштен кейін әрбір өңірдің жергілікті атқарушы билігі бұқаралық спорт түрін қамту барысында тоғызқұмалаққа да мән береді деген ойдамыз. Өйткені бұл – көшпенділердің ішінде қазақтың интеллектуалды ойыны. Жалпақ әлем тоғызқұмалақты бүкіл адамзаттың мәдени мұрасы деп мойындады», – деді Жарас Ниязбек.
Бейбіт МЕКЕЕВ