Облыстық қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжінің базасында «ТAIQAZAN-2025» аспаздар фестивалі өтті. Бұл шара облыстық білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылды.
Фестивальдің ерекшелігі – сарапшылардың құрамында Қазақстан, Сауд Арабиясы және Түркия сынды үш мемлекеттің өкілдері болды. Аспаздар бәсекесіне еліміздің 12 облысынан жүзге жуық жас маман қатысты. Бәйге барысында олар өздерінің шеберліктерін әртүрлі тағамдарды дайындау арқылы көрсетті. Бұл конкурста ұлттық тағамдар дайындау үлгілері екінші тынысын ашты десе де болады.
Үш күн бойы жас аспаздар мен кондитерлер шығармашылық тұрғыда пайдалы тағамдар, пісірілген өнімдер мен сусын түрлерін сарапшылар назарына ұсынды. Олардың қатарында ет тағамдары, десерттер, нан себеттері болды. Жау жүрек деген үй тағамы, жайлау стиліндегі торт, быламық деп аталатын ұлттық тағам қонақтарға ұнағаны анық.
Быламық туралы айтатын болсақ, оның негізі қуырылған бидай жармасынан жасалып, кейін сүтке малынады. Бұл астың жоғары қоректік құндылығы болғандықтан, ол жүкті әйелдерге баланың дұрыс дамуы үшін, сондай-ақ емізетін аналарға берілетіні белгілі. Байқау барысында түркістандық Мұхамедәли Перненнің аспаздық шығармашылығына жоғары баға берілді. Ол ерекше және дәмді пісірілген өнімдермен толтырылған үлкен тағам себетін ұсынды.
Жас аспаздың айтуынша, ол бұл салаға 11 жасында келген және бүгінгі күні өзінің кәсібінен еш қымсынбайды, себебі бұл мамандық әрқашан сұранысқа ие болады деп сенеді.
Белгілі аспаз Намик Мусаев фестивальдің пайдалы екенін атап өтті. Бұл шара аспаздық өнерді дамытуға, заманауи үрдістерді енгізуге, түрлі тағамдарды дайындау тәжірибесімен бөлісуге, сондай-ақ аспаз мамандығының беделін арттыруға және жаңа мамандарды тартуға көмектеседі. Мысалы, Алматы қаласында 5000-нан астам қоғамдық тамақтандыру мекемелері жұмыс істейді, оларға мамандар жетіспейтіні белгілі. Мұндайда осындай шаралар арқылы жастарды аталған салаға тартуға мүмкіндік туады.
Фестиваль барысында оның басты сарапшысы – танымал кәсіпкер, меценат, «Айкул» ЖШС мен «KHAMA PARK» мейрамхана кешенінің негізін қалаушы, облыстық мәслихат депутаты Серікхан Әділхановтің еңбегі ерекше аталып өтті. Оның қызметін түрік сарапшысы Оздан жоғары бағалады. Қазақстанға ол үшінші рет келіп, көптеген байқауға сарапшы ретінде қатысқан. Оздан Серікхан Саметұлының біліміне таңдана отырып, әрдайым қатысушыларды бағалау және олардың тағамдарын дайындау тәжірибесімен бөліскені үшін алғысын білдірді.
– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жұмысшы мамандықтары жылын жариялауы аспаздар мен кондитерлерді даярлауға ерекше назар аударуға себеп болды, – деп атап өтті Серікхан Саметұлы. – Бұл мәселеге көптеген колледж зор үлес қосуда, олардың базасы жақсы жабдықталған, бейімдеу орталықтары ашылған. Салыстырмалы айтатын болсақ, мен Будапештегі аспаздар мен кондитерлерді даярлайтын колледждерді көруге мүмкіндік алған едім. Олардағы оқу жағдайлары Қазақстан колледждерінен әлдеқайда төмен.
«TAIQAZAN-2025» фестивалі белгілі бір үлкен, танымал мейрамхана базасында емес, инновациялық технологиялар колледжінің үйлестіру орталығында өтіп жатқандығы аса маңызды. Шараға колледж директоры Бақытгүл Тұмарханқызы жетекшілік жасап, жоғары деңгейде өтуіне септігін тигізді. Бұл фестивальдің тағы бір маңызды нәтижесі – тек ірі қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де талантты, креативті жастардың көптігін, олар қоғамдық тамақтандыру саласын дамытуға өз үлесін қосуға дайын екендігін айқындап берді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы