Баршаға белгілі, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі 1989 жылы Алматы қаласында өткен бірінші құрылтайда құрылды. Онда «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, міндеттері айқындалды. 1992 жылғы 26 қарашада Алматыда «Қазақ тілі» қоғамының екінші құрылтайы өтті. Екінші құрылтайда жұртшылықтың ұйғарымы бойынша республикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебе иеленді.
Соған сәйкес өзінің жаңа Жарғысын қабылдап, әлемдік деңгейде атқаратын жұмыстар жайын айқындап алды. Мемлекеттік тілге байланысты алуан түрлі шаралар екінші және үшінші құрылтай аралығында да үздіксіз жүргізіліп отырды. 1996 жылы 21 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының үшінші жиыны ұйымдастырылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қоғамдық ұйымдар туралы Заңға сәйкес республикалық мәртебеге ие болып, қоғамдық бірлестік ретінде қайта құрылды.
«Қазақ тілі» қоғамы өз жұмысын Ата заң (Конституция), Тіл туралы Заң, өзінің Жарғысы және халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді. Қазақ тілінің қоғамның барлық саласында қолданылуына, дамуына ынталы Қазақстан Республикасында және шетелдерде тұратын азаматтардың басын біріктіреді. Халықаралық қоғам – қазақ тілін, қазақ мәдениетін, қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым.
2023 жылы 12 қазанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға арналған анимациялық туындылар мен ғылыми-танымдық әдебиеттерді көбейту қажеттігін айтты. Президент «Қазақ тілі» қоғамын мемлекеттік тілді ғылым мен техника тіліне айналдыру үшін жұмыс жүргізуге шақырды. Сонымен қатар, ол «Қазақ тілі» қоғамының қызметін одан әрі жандандыру мақсатында эндаумент қор құруды ұсынды және өз атынан үлес қосатынын мәлімдеді.
Қоғам жұмысты бастағанда, оның есепшотында 29 мың теңге болған. Мемлекет қоғамдық ұйымды тікелей қаржыландыра алмайды. Мемлекет басшысы алғашқы болып өз қаражатынан 7 миллион теңге аударды. Мемлекет басшысының бұл қадамы қоғамдық бірлестікке үлкен қолдау болды. Бұл бастаманы еліміздің ірі кәсіпкерлері қолдап әкетті. Бұл орайда биылғы жылдың мына бір жаңалығын қуана айта аламыз: Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Тіл мерекесін ұйымдастырып, сонда «Үздік кәсіпкер» номинациясын жеңіп алған, 5 мың түйе ұстап, шұбат өнімдерін шығарып, келешек ұрпаққа өнеге болып жүрген кәсіпкеріміз Сыдық Дәулетов 500 000 теңгені қорға аударды.
Алматы облысындағы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 2022 жылдың 11 қазанынан жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде бірталай жұмыс жүргізілді. «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның мемлекеттік тілді дамытудағы рөлі», «Ұлттық дәстүрді жаңғырту», «Қазақтану – қазіргі заман мәселесі» , «Тілдік ахуал: көрнекі ақпарат, жарнама тілі», «Сауатты жарнама – тіл абыройы», «Ұлы тұлға» (Д.Қонаевтың 112 жылдығына орай) деген тақырыптарда дөңгелек үстелдер өткізілді. Қонаев қаласының балабақшаларында «Қазақстанның келешегі – өскелең ұрпақ» деген тақырыпта баяндамалар оқылып, 9, 10, 11-сынып оқушылары арасында «Қазақтанудың бір қадамы немесе құжаттағы аты-жөнді қазақшаландыру», «Жалпы білім беретін мектептердегі қазақ тілі пәнінің жүргізілуі» атты семинарлар ұйымдастырылды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Алматы облыстық филиалы тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында көрнекіліктермен де көптеген жұмыс атқарды. Қоғамдық кеңестің жұмысшы тобы Қонаев қаласына, әр ауданға шығып, тамақтану орындарына, жеке кәсіпкерлік нысандарына әдістемелік көмек көрсетілді. Аудандар бойынша 420 нысан зерделенді. Қонаев қаласы бойынша 120 нысан зерделеніп, оның 85-і түзетілді. Зерделеу, түсініктеме жүргізу барысында Алматы облыстық ардагерлер кеңесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, жастар, облыстық, жергілікті газет тілшілері және басқа да қоғамның жұмысшы тобы атсалысты.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен Қонаев қаласында «Кәсіпкер! Кәсібіңді мемлекеттік тілде жарнамала! Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде!», «Қазақтың тілі – қазақтың жаны (Қ.Тоқаев)» деген жазумен екі баннер ілінді. Еңбекшіқазақ ауданы Нұра ауылдық округінде орналасқан «Жетісу Вольфрам» ЖШС Бұғыты кен өндіру орнынан шағым түсіп, сол бойынша жұмысшы тобымен барып, шағым анықталып, зерделеу, түсініктеме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қоғам халықаралық болғандықтан, 2023 жылдың 14-28 желтоқсан аралығында бірлестік өкілдері ұйымдастырған жұмыс тобы Испания еліне іссапармен барып қайтты. Делегация құрамында «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Алматы облысы бойынша филиалы, қоғам мүшелері К.Бейсембаева және Г.Казербаева болды. Делегация мүшелері Испанияда 2022 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Астана қалалық филиалының қолдауымен ашылған «Tildes» клубының жұмысымен танысып, бес күн бойы тілімізді, ұлттық дәстүр мен мәдениетімізді испандықтарға дәріптеп, есте қаларлықтай естеліктер тарту етіп, сапар бағдарламасымен іргелес жатқан Португалия еліне де барып, испан және португал университеттерімен, мектептерімен тіл оқыту саласындағы сарапшы, тіл мамандарымен тәжірибе алмасты. Ересектерге арналған жексенбілік тіл үйрену мектептерінің оқу процестерін көріп қайтты. «Tildes» тарапынан «Мұғалімдерге арналған заманауи қазақ тілі: жаңа мақсаттарға жаңа жол табу» курсы да сәтті өткізілді.
Гранада қаласында тұратын Үміт Каналбекқызы «Tildes» клубы жобасын қолдап, «La Asociación Europeade Lengua y Cultura Kazaja «Tildes» enel Reinode España» клубын ағымдағы жылдың 3 тамызында Испания патшалығында заңды тіркеуден өткізіп, ашып берді. Қоғам белсендісі ретінде Үміт ханым өзінің елін-жерін еуропалықтарға танытып, дәріптеуде зор үлес қосып отыр.
Биыл «Tildes» клубының жұмыстарын жүйелі жандандыру мақсатында 25 сәуір-2 мамыр аралығында Үміт Каналбекқызының бастамасымен AIGET директорлар кеңесінің мүшесі, ұлттық және еуропалық деңгейдегі жобалардың аға кеңесшісі және бақылаушысы Мари Мартинес Гонсалес өз делегациясымен Қазақстан, Өзбекстан елдеріне келіп қайтты. 26 сәуірде Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында құрметті мейманды қарсы алып, шетелдегі қазақ ұлты арасында ана тілімізді дамытуға, еліміздің тарихы мен мәдениетін насихаттауға жан-жақты үлес қосып жүрген азаматтарды қолдап, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен жақсы іс-шара өткіздік. Бұдан бөлек, тілдер айлығы аясында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы білім басқармасымен бірлесе отырып тілшілер форумы мен «Ана тілі» олимпиадасын өткізу жоспарланған.
«Қара қазаққа хан ие, қара жерге халық ие» дейді дана халқымыз. Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан, ең алдымен, оған өзіміз құрмет көрсетуіміз керек!
Гүлзира СЕЙІТБЕКҚЫЗЫ,
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы
Алматы облыстық филиалының төрағасы