Асқар Алатаудан бастау алып, Түркі дүниесінің астанасы Анадолыда жалғасын тапқан қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойын ел-жұрты асыға күткені белгілі. Қарымды қаламгердің мерейтойын ұлықтауға арналған ұлы той ақыры қасиетті Хантәңірі етегіне де келіп жетті. Нарынқол ауылындағы айтулы шараға алыс-жақыннан келген қоғам қайраткерлері, қазақ әдебиетінің майталмандары, жазушының туған-туыстары, шығармаларымен сусындап өскен ел-жұрты жиналды.
Бұл күні Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде ине шаншар орын болмады. Мерейтойдың беташары «Бердібек әлеміне саяхат» атты театрландырылған қойылыммен басталды. Бекжан Тұрыс, Бауыржан Қаптағай, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сынды республикаға танымал сахна саңлақтары «Менің атым Қожа», «Қайдасың, Гауһар?», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» атты туындыларын сахналап, көрермен назарына ұсынды. Саят Медеуов, Рамазан Стамғазиев, «Қоңыр» тобы әуелете ән шырқаса, мектеп оқушылары «Менің атым Қожа» кинофильміндегі Нұрғиса Тілендиевтің «Туған ел» әнін хормен айтып, көпшіліктің мерейін тасытты.
Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Болмысы бөлек Бердібек» атты әдеби кешті Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүргізіп отырды. Алғаш болып мінберге көтерілген Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков аймақ басшысы Марат Сұлтанғазиевтің құттықтауын жеткізді. Жыл басынан бері облыс көлемінде жазушының мерейтойына арналған игі істерден хабардар етті. Жазушының қызы Самал Соқпақбаева әкесі туралы естеліктермен бөлісті.
Тағы бір айтар жайт, мерейтой құрметіне биыл Алматы облысы әкімінің және Қазақстан Жазушылар одағының қолдауымен жазушының төрт томдығы жарық көрген еді. Кітаптардың тұсауын облыс әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов және жазушының қызы Самал Соқпақбаева кесіп, жұртшылыққа ұсынды.
Келесі кезекте жазушымен тіршілігінде сыйласқан, ағалық ақылын тыңдап, шығармашылық жолын өздеріне үлгі еткен белгілі қаламгерлер Бердібек Соқпақбаев туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Дулат Исабеков:
«Құрметті Аспантау аясының ақпейіл жұрты, Тәңіртау етегі қаламы қарымды таланттардан кенде болмағаны – ақиқат. Мұқағали, Еркін, Сағат, Баққожа сияқты тұғырлы тұлғалар бүгінде ел мақтанышына айналып отырғаны мәлім. Ал Бердібек Соқпақбаев салған соқпақтың жөні қашанда бөлек. Ол – қазақ балалар әдебиетіне тыңнан түрен салған, қаламы арқылы шындыққа шырай берген талант иесі. Өтірікке жаны қас, шындықты сүйетін, қаламына тек шынайы өмірді еш бүкпесіз арқау ететінін аралас-құралас жүрген шақтарда анық аңғарғанмын. Өмірі қасіретті болса да, шығармасын қасиетке айналдыра білген жазушы ретінде бағалаймын», – деді.
– Бердібек шығармаларын оқымаған, сол шығармалары арқылы адами құндылықты бойына сіңіруді мақсат етпеген қазақ баласы жоқ десем, қателеспеймін. «Менің атым Қожаны» бала кезімізден оқып өстік. Бойынан азаматқа тән өрлік те, ерлік те, адами қасиет те, сүйіспеншілік те табылатын Қожаны өзімізге тәрбие ретінде қабылдадық. Шығармалары сонысымен құнды да асқақ, – деген жазушы Құлбек Ергөбек Бердібектің болмысына ерекше тоқталып өтті.
Кәдірбек Сегізбаев, Ұлықбек Есдәулет, Қазыбек Иса сынды қарымды қалам иелері, халық қалаулылары, қарындасы Несіпхан Аманбаева қаламгер туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Балалар жазушысына арналып осыған дейін атқарылған жұмыстарға қанағат білдіре келе, алда шешімін күткен мәселелерді де жұртшылықтың ойына салды. Осы шараны ұйымдастыруға барынша мүдделілік танытқан азаматтарға, Жазушылар одағына, Алматы облыстық әкімдігіне, Райымбек ауданының басшы азаматтарына алғыс айтты.
Иә, Аспантау өңірінде, қасиетті Тәңіртау етегінде қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара көпшіліктің көзайымына айналып, жүректерге жол тапты. Сөйтіп, жазушының қасіреттен қасиетке айналған шығармалары мәңгілік екендігін дәлелдеді.
Жалпы қауымның ыстық ықыласына бөленген мерейтой «Ұлт әдебиетінің алыбы» атты республикалық ақындар айтысына жалғасты. Б.Соқпақбаев атындағы жастар саябағында жазушының ескерткіші ашылды. Бұдан кейін жиналған қауым Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның мерекелік концертін тамашалап, ат бәйгесінің жанкүйері болды. Мерейтой аясында ұйымдастырылған осынау шаралар туралы мақала газетіміздің келесі санында жарық көреді.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы