Шексіз кеңістікке көз салған адам таусылмайтын арман жетегіне ереді. Ол – заңдылық. Табанын жерге тигізіп, қолдарын көкке созып, содан кейін осы екі аралықты бұрын болмаған ғажайып жаңалықтармен толтырғысы келеді. Айға табан тіреп, жұлдыздарды емін-еркін араласам дейді. Яғни, мүмкін еместі мүмкін етудің жолдарын іздейді.
Қанатты қиял мен қарышты ойларды бір ұрпақ екінші ұрпаққа аманаттады. Адамзат аманатына лайық жанның бірі және бірегейі, атақты орыс ғалымы Константин Циолковский еді. Ол ғарышқа жол тартудың теориялық кіріспесін негіздеді. Сондықтан әлемдік авиация мен ғарыш тарихына есімі алтын әріппен жазылды. К. Циолковскийдің еңбектері – реактивті қозғалысқа, ғарыштануды және зымыран жасауды ілгерілетудің ең тиімді жолдарын анықтауға, көпсатылы зымыран түрлеріне, сұйық отынды қозғалтқыш мәселесіне, планетааралық қатынастың даму болашағына арналған болатын. Осының арқасында ғарыш кемелерінің жұлдыздарға жол тартуына негіз қаланды. Циолковскийді дүниежүзі «ғарыштанудың атасы» деп таныды.
Ғарышты игеру туралы сөз еткенде, Кеңестер одағының бас конструкторы, академик, ғарышқа ұшу практикасын іске асырушы Сергей Королевті айналып өте алмаймыз. Ғалымның өмірбаянында қайғылы бір дерек бар. Ол – 1938 жылы «халық жауы» атанып, 10 жыл мерзімге итжеккенге айдалған екен. Егер Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, С. Королевқа деген мәжбүрлі сұраныс пайда болмағанда, ғарышты игерудің уақыты артқа шегініп, кешігуі әбден мүмкін еді. Оның басшылығымен түрлі зымырандар, ұшқыш басқаратын ғарыштық кемелер, дүниежүзіндегі Жердің алғашқы жасанды серіктері көкке самғады. С. Королев көптеген ғалымдар мен инженерлерді тәрбиелеп шығарды. Жоғарыда айтылған екі тұлғаның арқасында адам баласының ғарышты игеру арманы жүзеге асты. Ол іске ақыл-ойдың қуаты жететіні дәлелденді. Қазақ жері ғарышқа қадам басудың эпицентріне айналды.
1961 жылдың 12 сәуірінде тарихтың жаңа беті ашылды. Бұрын-соңды болмаған жаңалық дүниежүзін дүр сілкіндірді. Әлем социалистік және капиталистік болып қарама-қарсы екі лагерьге бөлінгеніне қарамастан, мына хабарға орындарынан тік тұрып қол соқты. ТАСС – Кеңес телеграф агенттігі ғарышқа алғаш рет адамның ұшқанын хабарлады. Алты құрлықтың халқы сол шақта ниет біріктіріп, ғарышкердің өз топырағына аман-есен оралуын тіледі. Әр ұлт өз тілімен жүрекжарды лебіздерін жеткізіп жатты. Тұңғыш ғарышкердің аты-жөні Юрий Гагарин еді! Оны аспан әлеміне самғатқан корабльдің маркасы «Восток – 1», қазақша ұғымға салсақ «Шығыс –1».
27 жастағы Юрий Алексеевич – Смоленск облысы, Гжат ауданы, Клушино ауылының тумасы. Шаңырақтағы 14 баланың үшіншісі. Соған қарамастан өте сергек болып ержетіпті. Сабақты үздік оқыған. Қабілеті көпшілікті сүйіндірген. Спорт түрлерін еркін меңгерген. Ал адамгершілігі, шыншылдығы, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуі ауыл баласына тән мінезі болатын. Оның жымиысы ешкімге ұқсамайтын ерекшелік екенін қаламгерлер тамсанып талай рет жазды да. Қатарынан асып туған хас талантқа бәрі жарасады. Тұңғыш ғарышкердің әкесі Алексей Иванович ағаштан түйін түйген шеберлігімен көзге түскен. Анасы Анна Тимофеевна шаруашылықтағы сүт фермасында жұмыс істеген. Олар Екінші дүниежүзілік соғыстың барша қиындықтарын бастан кешірді, қасіретіне куә болды. Юрий Алексеевич әкесі секілді шебер ағаш ұстасы атануды қалаған Алайда 1949 жылы Мәскеуге келуі, одан кейін Саратовта оқуы көзі қырағы тәлімгерлердің назарын аударады. Циолковский еңбектері жас жігіттің аспан әлеміне деген аңсарын оятады. 1955 жылы аэроклуб ұшағымен көкке көтерілгендегі қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмай толқыған. Ұзамай Чкалов атындағы әскери авиация мектебінің курсанты атанады.
Мынандай да қызық болыпты: оқуға зерек, қимылы ширақ курсанттың бір «кемшілігі» оқытушыларды қатты алаңдатады. Ұшақ белгіленген нүктеге дәл қона алмай ауытқи береді. «Бұл қалай?» дейді тәлімгерлер ештеңеге түсінбей. Сол кезде бәрін алыстан бақылап тұрған авиация генералы оның себебін табады. Ұшқыштың орындығын биіктетеді. Енді ол алдын анық бағдарлап, жаңылыспаған қалыпта тапсырманы ойдағыдай орындайды. Тәжірибе негізінде Белка және Стрелка атты екі ит ғарыштық сынаудан аман оралған соң, кезек адамдарға келеді. «Восток – 1» кораблінің сыйымдылығына және басқа талаптарға сай бойы 168 сантиметр, салмағы 60 килограмм болатын 60 үміткер дайындалады. Күн сайынғы сараптаудан сүрінбей өту бақыты Юрий Гагарин мен Герман Титовқа бұйырады. Алғашқысы аттанысқа дайын, екіншісі кінәратты жағдайда оның орнын басуы керек. Сәтті сағат соққанда мемлекеттік комиссияға рапорт берген Юрий Гагарин «Кеттік!» деген өзінің тарихи даусымен отандастарына үн қатып, шексіз кеңістік жүйесіне жол тартады. Ғарышта 1 сағат 48 минут болады. Аспан Колумбысы секілді жер шарын айналып өтеді. Мұндай аз уақытқа қазіргі жастардың көңілі толмауы мүмкін. Өйткені, қазір ғарышкерлер көкте айлап, жылдап сапарлап жүр. Ал бірінші реткі жағдайдың жөні бөлек, ол нағыз жүрек жұтқан оқиға еді.
Тұңғыш ғарышкерді бүкіл әлем көргісі келді. Бәрі оны жүздесуге шақырып, құшақ жая қарсы алды. Жүрген жолында гүл дестелері шашылып жатты. Амал не, ұлы сапардан аман келген Юрий Гагарин күнделіктегі жаттығуда, жаңа жасалған әскери ұшақты сынақтан өткізу кезінде қазаға ұшырады. Небәрі 34 жаста дүниеден өтті! Жазмыштан озмыш жоқ! Бірақ Ю. Гагарин бір мемлекеттің аясынан шығып кетті. Адамзаттың ортақ мақтанышына айналды. Ол көкке самғаған 12 сәуір Ғарышкерлер күні болып белгіленді. Сонымен бірге, Байқоңыр да адамзат тарихындағы бірінші ғарыш айлағы атанды. Оның аумағы 6717 шаршы шақырымды құрайды. Іргетасы 1955 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында қаланды. 1957 жылы 4 қазанда бұл жерден алғашқы зымыран – жасанды жер серігі ұшырылды. Бүгінгі таңға дейін Байқоңырдан шыңдалған батырлар өзінше бір қауым елді көзге елестеді. Олардың арасында шетелдіктер де аз емес.
Ықылым замандардан жеткен аңыздарға құлақ түрсек, Қорқыт бабамыз бұл өңірді «Жер кіндігі» деп атаған екен. Мұндай ерекшелікті Королев бастаған ғалымдар да аңғарған. Олардың Байқоңырды таңдауы бекер емес. Себебі, «зымырандар жер кіндігі арқылы ұшқаннан кейін оған ауа кедергісі төмен әрі көп қаражат жұмсалмайтын көрінеді». Мәселен, Американың Карнаварел мүйісінен ұшатын зымыранның құны Байқоңырдан ұшатын зымырандардан 11 есеге қымбат. Ұлы даламыздың көпшілік біле бермейтін бір сыры осылай әйгіленеді.
1961 жылдың 12 сәуірі Ю. Гагаринмен бірге тағы бір қазақтың жұлдызын жарқыратты. «Казахстанская правда» газетінің редакторы Федор Боярский осы басылымның қызметкері Олжас Сүлейменовке тұңғыш ғарышкердің ұшатынынан құпиялап хабардар етеді. «Ертең газетте жариялайтындай мықты өлең жаз» деп үлкен міндет жүктейді. Арқаланған ақын оны дер кезінде орындап, таң атқанша бітіреді. Сөйтіп, «Адамға табын, жер, енді» поэмасы бір күннің ішінде бүкілодаққа тарап, авторды даңққа бөледі. Бір шумағын еске түсіре кетейік. Оны Қадыр Мырза Әлі қазақшаға аударды. Құттықта, Гагарин, дос, Мына бізді, Мына күн, мына аспанды, даламызды! Тамаша гүл мұхиты, шат күлкісі, Көңілі босаған Жер – анамыздың! «Жер кіндігі» өзімізде бола тұра ержүрек ұлдарымызды ғарыш кемесі ішінен көре алмай пұшайман болғанымыз рас. Тіпті, монғол азаматына да Байқоңырдан сәт сапар тіледік. Сондай олқылықтың орнын ел Тәуелсіздігі толтырды. 1991 жылы 2 қазанда алғашқы қазақ Тоқтар Әубәкіров «Союз Т- 13» кораблі экипажы құрамында ғарышқа самғады. 8 күн көкте жүрді.
Талғат Мұсабаев сапар жолын одан әрі ұлғайтты. Әлемнің 309-шы ғарышкері атанды. 1994, 1998 жылдары «Союз Т-19» және «Союз Т-29» корабльдері құрамында 341 күннен аса уақыт аспан кеңістігін асықпай шарлап, мұқият зерттеді. Абайдың әнін музыкалық сәлем ретінде жер шарына жолдағанын бүкіл әлем тыңдады.
Үшінші кезек Айдын Айымбетовке тиді. 2015 жылы 9 тәулік бойы жұлдыздармен сырласты. Айдынның ерлігі – жаңа толқын жастардың жарасымды іс-әрекеттерінің символындай болды. Қазақтың үш ғарышкері «Халық қаһарманы» деген даңқтың беделін асқақтатуда. Халықаралық Ғарышкерлер күнін – Батырлардың мерекесі десек қателеспейміз. Сонымен қатар, ол – Қазақстанның да қасиетті шежіресі!
Болат МӘЖИТ