«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп Абай атамыз айтпақшы, ақын есімімен аталған Шелек ауылындағы қазақ орта мектебі дәстүрден озбай, Мұғалімдер күніне орай жастарға жақсы үлгі көрсетті. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім саласында, соның ішінде осы мектеп қабырғасында ұзақ жылдар тынбай еңбек етіп, ұлт болашағы, ел ертеңі үшін тер төккен аяулы ұстаздарын еске алып, олардың есімімен жаңа кабинеттер ашты.
«Ғасырға жуық тарихы бар Абай атамыздың есімімен аталған бұл білім ошағында көптеген зиялы, көреген ұстаздарымыз қызмет етсе, осы мектептен түлеп ұшқан шәкірттер де – биік белестерді бағындырып жүрген тұлғалар. Солардың бірегейлері бүгінгі салтанатты жиынға зор қуанышпен келіп отыр», – деген мектеп директоры Сағымбек Бекқожа кеш қонақтары – Қазақстанның Құрметті жазушысы, Педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаев, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық құндылықтар академиясының академигі Қажымұқан Арынның аталған мектеп түлектері екенін мақтанышпен айтты. Іс-шараға мектеп ұжымы, оқушылардан бөлек, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары, абыз ұстаздардың ұрпақтары қатысты. Ән-күймен, әдемі бимен ерекше басталған кеште алдымен ұлағатты ұстаздар өмірінен сыр шертіліп, жастарға олардың өмір жолы таныстырылды.
Ерлі-зайыпты Рақымғали Ыбырайымов пен Жұмағайша Баташева Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын тәмамдап, бірі физика-математика, екіншісі химия-биология пәндерінің мұғалімі ретінде осы мектепте еңбек еткен. Рақымғали Ыбырайымұлы әр жылдары Малыбай және Абай атындағы орта мектептерде мұғалім, мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы, оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы және хатшысы міндеттерін атқарған. Білім саласында ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мол үлес қосқан. Рақымғали Ыбырайымұлының жан-жақтылығы, білімі мен білігі жоғары бағаланып, «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атағы берілген. Осынау еңбегі мен өмір жолы туралы тың деректермен мектеп қабырғасында Рақымғали Ыбырайымұлына жеке бұрыш ашылып, жабдықталды. Ал зайыбы Жұмағайша Мұхаметжанқызы бұл мектеп табалдырығын ұстаз ретінде алғаш аттаған 1956 жылдан бастап өмірінің соңына дейін бір орында 41 жыл қалтқысыз қызмет істеп, шәкірттерінің жүрегінде аяулы ұстаз ретінде есімі мәңгіге қалды. Мектеп ұжымы Жұмағайша Мұхаметжанқызы атында жеке кабинет ашып, білікті маманның ұстаздық қызметінен хабар берер мол мәлімет жинақтады.
Құрмет пен сыйға лайық тағы бір ұстаз Нұрақын Жылысбаев физика-математика пәндерінің мұғалімі ретінде 1939 жылы оқуын үздік тәмамдап, педагогикалық еңбек жолын бастайды. 1950 жылдары Шелек өңіріне келген маман алғаш мектеп бітірген 31 шәкіртінің 29-ын Алматы қаласына өзі апарып, оқуға түсірген өте қамқор, нағыз ұстаз атына сай жан болған. Өмірінің 47 жылын бала оқытуға арнаған ұстаздың оқушылары арасында 44 ғылым кандидаты, 6 ғылым докторы бүгінде еліне еңбек етіп келеді. ҚазКСР Оқу-ағарту ісінің озық қызметкері, Кеңес одағы Оқу-ағарту ісінің үздігі Нұрақын Өмірәліұлы атындағы жаңа кабинет болашақ ғалымдарға жол ашары сөзсіз.
Нұрақын Өмірәліұлының жары Несіпжан Нұрахметова да Абай атындағы қазақ орта мектебінің қабырғасында талай шәкірттің болашағына бағдар берген білікті ұстаз болған. Ғылымдардың патшасы атанған – математика пәнінің мұғалімі қызметін 1947 жылдан бастап, 1978 жылы құрмет демалысы – зейнеткерлікке шыққанға дейін жалғастырған. Ұстаздық еңбегі еленіп, Оқу-ағарту ісінің үздігі атанып, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Ал марапаттың төресі есімі ел есінде жатталып, бүгінде өзі ұстаздық еткен сүйікті мектебінде жеке кабинеті ашылуы болды.
Жаңа кабинеттердің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Алматы облысының Құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев: «Әрине, мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік сезімдерді оятып, ұстазға деген құрмет пен сыйдың артуына себепші болары сөзсіз. Ал ұрпақ тәрбиесі мұғалімге байланысты екенін ескерсек, осындай ұлағатты жандардың өмірі жас мамандарға үлгі-өнеге болары анық», – деп мектеп ұжымының жұмысын жоғары бағалады. Ғалым Қажымұқан Тоқтиярұлы өлең оқып, жастарды жігерлендірсе, Марат Байділдаұлы да жылы лебізін білдірді.
Құралай МҰРАТҚЫЗЫ
Еңбекшіқазақ ауданы