Талғар қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жастар арасында грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Есенжол Алимановты еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті. Бозкілем үстінде Әзербайжан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан және Түрікменстаннан 256 жас балуан өзара күш сынасты.
Байрақты бәсекеде Қазақстанның әр өңірінен 2005-2007 жылдары туған жасөспірімдер де 55 келіден 130 келіге дейінгі 10 салмақ дәрежесінде білек айқастырды.
Республикалық ашық турнирді Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков аталған турнир жас спортшыларға әйгілі шеберлердің ісін жалғастыруға мүмкіндік беретін ұрпақтар сабақтастығы екенін атап өтті.
Күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасовтың айтуынша, жарыстың мақсаты – қазақстандық әйгілі балуан, грек-рим күресінен КСРО спорт шебері Есенжол Алимановты еске алу, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлерін көпшілікке дәріптеу, қатысушылардың спорттық біліктілігін шыңдау және Қазақстан Республикасының 17-19 жас арасындағы құрама командасына резерв қалыптастыру үшін мықты жас балуандарды анықтау.
Турнирдің ашылу салтанатында әйгілі спортшының туған інісі, еркін күрестен КСРО спорт шебері, еліміздің мұнай-газ саласына еңбек сіңірген қызметкер Оңғар Алиманов, ұлы Сәбит пен немересі Марат сөз алып, Есенжол Алимановтың елімізде грек-рим күресін дамытуға қосқан үлесі жайында әңгімеледі. Даңқты балуанның спорттағы алғашқы қадамы Ақтөбе облысының Темір кентінде басталып, тек еркін күрес емес, сонымен бірге грек-рим күресімен де шұғылдана бастаған. 1958 жылы республикалық турнирге қатысып, ол өзінің алғашқы алтын медалін жеңіп алады. Содан бастап спорттық тағдыры мен мансабы өрлей береді. Зооветеринария институтында оқи жүріп өзінің ерік-жігері мен балуандық қасиеттерін де шыңдайды, әртүрлі жарыстарға белсене қатысады. Сол жерде ол өзінің болашақ бапкері Қабден Байдосовты кездестіреді. Күрестің әдіс-тәсілдерін үйреніп, әбден шынығады. Соның арқасында 6 рет студенттер арасындағы жарыстардың чемпионы және бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы атанады. 1965 жылы ересектер арасында екінші орынды, ал 1966 жылы алтын медаль жеңіп алып, грек-рим күресінен спорт шебері атағын иемденеді. 1990 жылдан жас спортшыларды жаттықтыра жүріп және Грек-рим күресі федерациясының мүшесі ретінде елімізде осы спорт түрінің дамуына салмақты үлес қосқан айтулы азамат.
Екі күнге созылған жарыс нәтижесінде 55 келі салмақ дәрежесінде қырғызстандық балуан Марлен Абдусаматов жеңімпаз атанса, Жетісу облысының өкілі Диас Мұрат – екінші, Алматы қаласындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің оқушысы Нұрым Айтқали және Алматы облысының балуаны Арман Алмабеков үшінші орынды иемденді. 65 келі салмақта Жетісу облысының балуаны Даниал Молдабек – бірінші, Абай облысының өкілі Диас Кертай – екінші, Батыс Қазақстан облысының балуаны Айзат Сағидуллин мен Астана қаласының өкілі Есбол Шамилов үшінші орындардан көрінді.
73 келіде қырғызстандық Әзірет Әли Осмоналиев пен Ырысбек Хамдамовтар – бірінші, екінші орындарды иемденсе, Шығыс Қазақстан облысының балуаны Нұрболат Мұқанов пен республикалық спорт колледжінің өкілі Бағдаулет Тұрсынбек үшіншіге қол жеткізді. 82 келі салмақ дәрежесінде Абай облысының балуаны Диас Сейтқалиев – жеңімпаз, Өзбекстан өкілі Азимжон Соатуллаев – екінші, ал ОРРММИК балуаны Әсет Түнқатаров пен Қырғызстан өкілі Нұрдан Балтабаев үшінші орын иегерлері атанды. 97 келіде Жамбыл облысының жас балуаны Нұрасыл Аманалы жеңіс тұғырына көтерілсе, Алматы қаласының өкілі Қажымұқан Серікбай – екінші, Жетісу облысының балуаны Дулат Тұрсынбек пен Абай облысының спортшысы Есентай Кенжебек үшінші орындардан көрінді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен қоса тиісті дәрежедегі диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Турнир аса тартысты өтті және ел есіндегі даңқты балуанның нағыз ізбасарлары өсіп келе жатқанын анық көрсетті.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы