Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Балқаш ауданына жұмыс сапарымен барды. Аймақ басшысы алдымен аудан орталығы Бақанас ауылдық Мәдениет үйінде халықпен кездесу өткізді. Келелі жиынды облыстық мәслихат төрағасы Қуат Байғожаев ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөз кезегі Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетовке берілді.
– Жыл басынан бері аудан халқымен 30 кездесу өткізіліп, көтерілген 131 мәселенің 25-і толық шешімін тапты. 99-ы бақылауға алынып, 7-еуі орындалу үстінде. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша 8 айда ішкі жалпы өнім көлемі 100,7 пайызға орындалды. Өнеркәсіп өнімі 1 млрд 831,5 млн теңгеге жетті. 4 млрд 404,9 млн теңге инвестиция тартылып, бөлшек тауар айналымы 2 млрд 214,0 млн теңгені құрады. Пайдаланылмай жатқан 125 581 га жер учаскесі анықталып, 19 515 гектары мемлекеттік жер қоры есебіне қайтарылды. Орта және шағын бизнесті дамыту бойынша 2702 кіші кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, онда 6145 адам жұмыспен қамтылды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 27 жаңа жұмыс орны ашылды. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту 95,5 пайызды құрайды. Ауданда 762 үй көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жыл аяғына дейін Миялы, Бақбақты, Бірлік, Бақанас, Ақдала, Бояулы ауылдары бойынша 1730 үйді қосу жоспарлануда. Ақкөл, Үшжарма, Бура, Береке елдімекендеріне газ желісін тартуға жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалып, сараптамадан өткізілуде, – деген аудан әкімі денсаулық сақтау, білім беру, көлік жолы, бюждеттің орындалуы, мәдениет пен спорт салаларында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жайын әңгіме арқауына айналдырды. Одан кейін сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды.
– Облыста қысқамерзімді экономикалық индикатор 107,3 пайызды құрады. Өңірлік өнім 7,4 пайызға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,1 пайызға артып, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 4,1 пайызға өсті. Құрылыс саласы да қарқын алып жатыр. Бизнес өкілдерімен ынтымақтастық және серіктестікті дамыту туралы 736,4 млрд теңгеге 28 меморандумға қол қойылды. Балқаш ауданы бойынша 4,4 млрд теңгеге инвестиция тартылды. Оның 64 пайызы бюджет қаражаты болса, 36 пайызы – жергілікті кәсіпкерлердің жеке инвестициясы. Биыл «Бірлік» агрофирмасының балық өсіру және «Іңкәр» қоғамдық тамақтану нысаны пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта ирандық инвесторлар 900 басқа арналған жоғары технологиялық сүт фермасын салуға ниет білдіруде. Дегенмен ауданда әлеуетті деп саналатын небәрі екі инвестициялық жоба ғана бар. Сондықтан аудан әкімдігі облыстық кәсіпкерлік басқармасы және өңірлік даму орталығымен бірлесіп, инвесторларды тарту жұмысын жандандыруы қажет. Облыс экономикасын дамытудың негізгі драйвері – агроөнеркәсіптік кешен.
Осы салада өндірілген жалпы өнімнің көлемі бойынша Түркістан облысынан кейін екінші орындамыз. Өрік, алмұрт өндіруден бірінші, алма, жүгері, майбұршақ, жүзім, картоп, күріш өсіруден екінші орында болсақ, ет өндіру мен құс басы бойынша көш басындамыз. Балқаш ауданы – күріш өсіретін облыстағы жалғыз аймақ. Аудан азықтық дақылдар өндірісінен – бірінші, ірі қара және жылқы санына – екінші, ет өндірісінен үшінші орында тұр, – деді облыс басшысы.
– Ауыл шаруашылығын дамытуда ең өзекті мәселенің бірі – техника паркінің тозуы. Аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының 65 пайызы жаңартуды талап етеді. Биыл облыстық бюджеттен көктемгі және күзгі дала жұмыстарына 1,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 1,1 млрд теңгесі шаруалардың техника лизингі бойынша міндеттемелерін субсидиялауға қарастырылды. Ауданда 1424 шаруашылықтың 9-ы ғана техника алған. «Тасмұрын» бас су алу гидроторабын жаңғырту және оның магистральдық арнасын мол сумен қамту мақсатында Іле өзенінен бөгет салу жобасының сметалық құжаттамалары әзірленуде. Су үнемдеу технологиясы облыстағы барлық суармалы жердің 14 пайызын құраса, Балқаш ауданында 10 пайыз ғана қолданылады. Бүгінде суару жүйелеріндегі су шығынының 40-50 пайызға дейін жететінін ескерсек, болашақта суармалы жердің барлығын су үнемдеу технологиясына көшіруіміз қажет. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облыста 1 094 өтінім мақұлданды. Соның ішінде Балқаш ауданының тұрғындарына 964,4 млн теңгеге 133 несие берілді. Алдағы уақытта қосымша 124 өтінім қарастырылуда. Ауданда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 21-ге, олардың өндірген өнімі 26,5 пайызға төмендеп отыр. Шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне арналған түрлі бағдарламалар бар. Ауылдық округ әкімдері тұрғындар арасында мемлекеттік қолдау бойынша түсіндіру жұмысын тұрақты жүргізіп, қызығушылық танытқан жандардың кәсібін ашуды сүйемелдеуі тиіс. Балқаш ауданының туристік әлеуеті жоғары, қызығып келушілер көп. Үкімет пен Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының бірлескен жұмысы нәтижесінде «Іле-Балқаш» резерватына елімізде жойылып кеткен жолбарыстар қайта оралды. Бұл да келешекте ұйымдасқан экологиялық туризмді дамытуға оң ықпал ететін болады. Аудандағы туристік қызмет көрсететін 23 кәсіпкердің жартысына жуығы басқа өңірлерге салық төлейді. Оның сыртында, табиғатқа заңсыз қол сұғып, браконьерлік жолмен келетіндер бар. Өткен жылғы кездесуімде балықты электр тоғымен аулаушыларға тосқауыл қою жөнінде ұсыныс болған. Рейдтік шаралар барысында 93 заңбұзушылық анықталып, оның 3-еуіне қылмыстық іс қозғалды, 8 іс сотқа жолданды, қалған 82 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл бағытта жұмысты күшейту қажет. Ауданның Аралқұм, Арқар, Қоскүмбез ауылдарында мобильді интернет жоқ. Қосқүмбез, Арқар ауылдарына 4G мобильді интернет жеткізу үшін «КаР – Тел» серіктестігі (Beeline) 60 метрлік антенна орнатуға жұмыс істеуде, ал Аралқұм ауылына интернет тарту алдағы жылдарға жоспарланған.
Соңғы 5 жылда білім сапасы облыс бойынша 4,2 пайызға, Балқаш ауданында 3,3 пайызға көтерілді. Биыл 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 2 ФАП, 2 МП құрылысы жүргізілуде. Наурыз айындағы аудан тұрғындарымен кездесу барысында көтерілген 9 мәселенің 4-еуі орындалды. Алдағы уақытта жұмыстар жалғасатын болады, – деп аяқтады өз сөзін облыс әкімі.
Басқосу әрі қарай сұрақ-жауап кезеңіне жалғасты. Аудан тұрғындары Бақбақты ауылына спорт кешенін салу, тұрғын үйлерге газ кіргізу, бірқатар ауылды ауызсумен қамту, Балатопар ауылындағы дәрігерлік емхананы күрделі жөндеу, автокөлік жолының сапасы және тағы басқа түйткілдерді ашық айтты. Марат Елеусізұлы аталған мәселелердің бірқатары алдағы уақытта шешімін табатынын хабардар етіп, аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырма берді.
Кездесуден кейін облыс басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Іле жағалауын көріп, Бақанастағы Жастарға қызмет көрсету орталығы ғимаратының, кинотеатрдың, Бақанас пен Бақбақтыда бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ
Балқаш ауданы