Талғар қаласында орын алған қылмыстық іске байланысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елді дүр сілкіндірген қанды оқиға ешкімді бейжай қалдырған жоқ. Өңірдің жағдай ҚР Ішкі істер министрі мен Бас прокурордың ерекше бақылауында. Біз қылмыстың түп-төркіні неде, оның орын алуына не себеп, ұрпақ тәрбиесінде қандай қателіктер жіберіп алдық деген секілді бірқатар сұраққа шама-шарқымызша жауап іздеп көрдік. Осы орайда қоғамның белсенді мүшелерінің, белгілі азаматтардың пікірлеріне құлақ түрдік.
Нұртаза ҚАДЫРНИЯЗОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, экономист-қаржыгер:
ЖАСТАРҒА ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАЙЫҚ
– Талғар қаласында 16 жасар баланы бір топ жастың асқан қатыгездікпен өлтіруі бүкіл қазақ халқына оңай тиген жоқ. Қоғам отбасында бала дұрыс тәрбие алмайтыны, ұлттық адамгершілік қасиеттердің жоғалып бара жатқаны, қазақ халқының этно-мәдени дәстүрлері дағдарысқа ұшырағаны және басқа мәселелер жайында айта бастады. Бірақ, менің ойымша, жастар арасында қылмыстың күрт өсуі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуымен тікелей байланысты.
Жастарды қылмысқа итермелейтін қандай себептер десек, біріншісі – жұмыссыздық, тұрақты және жеткілікті табыстың жоқтығы, белсенді, әсіресе ауыл жастары үшін титтей де мансаптық өсу мүмкіндігінің болмауы дер едім. Қазір еліміздегі жастардың саны 5 млн 367 мың адам немесе бүкіл Қазақстан халқының 27%-ы. Соның 7%-ы немесе 375 690 адам – тұрақты табысы жоқ, ешқандай оқумен қамтылмаған жастар. Бұл – ресми мәлімет, ал жұмыссыз жастардың бейресми санын анықтау мүмкін емес, меніңше, ол бұдан бірнеше есе көп. Америкалық әлеуметтанушы ғалымдардың зерттеуі бойынша, жұмыссыздық қылмыстың өсуіне тікелей әсер етеді. Басқаша айтқанда, жұмыссыздықтың 1%-ға өсуі мүлікке қатысты қылмыстарды 71,13%-ға көбейтеді. Кеңес ғалымдары 1% жұмыссыздық жағдайында қылмыстың 20%-ға өсетінін дәлелдеген. Егер біз елімізде ресми түрде 375 690 жас жұмыссыз десек, соның 200 мыңнан астамы гипотетиялық тұрғыдан қылмыстық жолмен табыс табу жолына түсуі мүмкін.
Жастар арасында қылмыстың көбеюінің екінші себебі – елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алудың жеткіліксіздігі. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2022-2023 жылдардың қорытындысы бойынша, кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыс 13,5%-ға, ал ауыр қылмыстар 36,5%-ға өскен. Биылғы қаңтар-шілде айларының қорытындысында 944 кәмелетке толмаған жас қылмыстық жауапкершілікке тартылған, бұл өткен жылғыдан 11,5%-ға артық. Соның ішінде адам өлтіру, зорлау, мал ұрлау қылмыстары айтарлықтай өскен. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың барлық жерде өсіп бара жатқанын көрсететін бұл статистика еліміздегі мектеп, колледж, тіпті жоғары оқу орындарының өзінде қылмыстың ерте бастан алдын алу шаралары жоқтығын көрсетеді.
Үшінші себеп – балалар, тіпті жастар үшін әлеуметтік жағдайдың жасалмауы, олардың пайдалы еңбек немесе спорт үйірмелеріне қатысу мүмкіндігінің аздығы. Көптеген ата-аналардың, әсіресе қалаларда, өз үйінің, тұрақты жұмысының жоқтығы, ара-тұра кездесетін жұмыстарды ғана атқарып, болмашы табыс табатыны жасырын емес. Ал материалдық жағдайдың төмендігі бала тәрбиесі мен оның дамуына тікелей әсер етеді. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмауы, үлкендер тарапынан тиісті моральдық және материалдық қолдаудың жоқтығы балаларды тек қылмысқа ғана емес, сонымен бірге өз-өзіне қол салу сияқты аса қорқынышты әрекеттерге итермелеуде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша, Қазақстан 10 жылдан бері жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау дерегі бойынша алдыңғы үш елдің қатарына кіреді.
Төртінші себеп – мектепке дейінгі мекемелердің, мектептердегі оқушы орындарының жетіспейтіндігі, балалардың өз қалауы бойынша баратын тегін спорт секцияларының жоқтығы, мектеп, орта және жоғары оқу орындарында білім мен тәрбие беру сапасының төмендеуі. Оқу-ағарту министрі 2024 жылы келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 270 мың оқушы орны жетіспейді, 106 мектеп үшауысымда жұмыс істейді, 176 мектеп апатты жағдайда тұр. Бұл білім беру сапасына тікелей әсер етіп, келешекте біліксіз мамандардың көбеюіне, ол өз кезегінде жоғары табыс табуға кесірін тигізеді, ақыр соңында жеке әлеуметтік дәрежесінің төмендеуіне, әлеуметтік масылдыққа алып келеді.
Бесінші себеп – жастар саясатына жауапты мемлекеттік органдар тарапынан тиісті назар бөлінбей отыр. Жергілікті жердегі шенділер бюджет қаржысын, жер телімдерін бөлістіру, шегі-шеті жоқ сатып алу-тендерлер, сайлаулар, референдум, форумдар мен симпозиумдар өткізумен ғана әуре, олардың аудан, ауыл жастары жайында ойлайтын уақыты да жоқ. Талғар қаласының әкімі мен оның жастар саясатына жауапты орынбасарының қызметінен босатылуы біздің бұл пікірімізді дәлелдей түседі.
Найля ҮМБЕТОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері:
ӘР БАЛА – МЕМЛЕКЕТ БАЙЛЫҒЫ
– Бала өмірге келген соң оның дұрыс өсіп-жетілуіне, келешегіне нық қадам басуына ата-ана, қоғам мен мемлекет теңдей жауапты. Әр бала – мемлекеттің байлығы. Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген тұжырымы бар. Менің жеке пікірім, біз соңғы жылдары білім мәселесіне көбірек мән бердік те, тәрбиені екінші орынға ысырдық. Негізінде ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрді дінмен байланыстыра отырып, ұрпағымызға ұлттық тәрбие беруіміз керек еді. Құранның «Бақара» сүресінде «Бір адамды өлтірген – бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең» деп айтылады. Қазір біржақты көзқараспен материалдық құндылықтарға, байлыққа құнығып кеттік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі балаларды телефон, көше тәрбиелеп жатыр. Олардың күнделікті жаман әдеттерді үйреніп, еліктейтін ортасы сол болып тұр. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп атам қазақ бекер айтпаған. Ананың мейірімі, әкенің сесі, жақын туыстардың ақыл-кеңесі, жақсылардың өнегесі азайып бара жатыр.
Құдай бетін аулақ қылсын, тоғыз ай құрсағында көтеріп, қолынан келген тәрбиесін беріп, 16 жасқа жеткен баласын анасының көз алдында, тіпті денесімен қалқалап, оны қорғағанына қарамай қаскөйлердің жабылып өлтіргені жаныңды түршіктіреді. Жауыздың жазасын бірінші Алла, екінші құзырлы құқық қорғау органдары береді. Кінәсіз жанның қаны, бумеранг заңы ешкімді ешқашан жазасыз жібермеген.
Президентіміз биылғы Жолдауын «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп атап, озық ойлы ұлт ретінде парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға арқа сүйеуіміз керек екенін атап айтты. Шерзаттың қайғылы қазасы қайталанбауы үшін бұл істі ашық өткізіп, қоғам оның барысын бақылап отыруы керек. Әйтпесе қазір мектепте, университетте, тіпті тәртіптің ерен үлгісі болуға тиіс әскердің өзінде қаншама жастар мерт болып жатыр?! Жастарды қатыгездік иектесе, ертең ұлан-ғайыр жерімізге, егемен елімізге кім ие болады?! Сондықтан тергеу әділ жүргізіліп, қылмыскерлер лайықты жазасын алуы тиіс.
Бекжан ТҰРЫС,
«Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
ТӘРБИЕ ТІЗГІНІН БОСАТПАЙЫҚ
– «Ұлттық тәрбие тізгіні босап барады, ұрпағымызға ие болайық» деп айтып келе жатқаныма он жылдан аса уақыт өтіпті. Актер ретінде «Ұлым, саған айтам» деп сахнаны ізгілік құралы ретінде пайдаланып, үнімді естіртуге тырыстым. Мен әлеуметтік желіде отырып алып, жамандықты жарыса тарататын адамдарға таңғаламын. Әрине, өзінің жеке парақшасына не жариялаймын десе – өз еркі. Бірақ бірінен-бірі қалмай «балалатқан» жамандық атаулыға адамның етін үйретіп жатырмыз ба деген ой әркімге әсер етуге тиіс шығар?
Патриотизмнің негізгі генераторы – ұлттық идеология. Идеологиясыз ел – құбылнамасы жоқ кеме секілді. Бүгінгі идеологияның әлсіздігі – қазіргі жас ұрпақты қазақтың өзіне тән мінез-құлықтан, қазақы қасиеттен алыстатып бара жатқанында. Жастардың санасында жаhандық жасанды мәдениет ессіз ентелеп тұр.
Жіліктеп айтсақ, ұлттық идеология бір күнде қаулы шығарып, қарар қабылдап, сабынан ұстата қояр саптыаяқ емес. Оның тағдыры әріде жатыр. Керек десең, тамыры ананың әлдиі – «Бесік жырынан» басталады. Бесік – ұрпақ өсіру мен ұлтты бағып-қағудың, ұятты қалыптастыру мен ұлттық намысты сіңірудің ұлы құндағы. Баршаға мәлім, ерлікті, адалдықты, азаматтықты, әдеп-ибаны уағыздайтын «Батырлар жыры» мен эпостарды былай қойғанда, мақал-мәтелдер, дулығалы бабалардың дуалы аузынан шыққан қанатты сөздердің өзі – идеология атаулының қайнар көзі. Телеарнаны қоссаңыз – қаптаған мән-мағынасыз шоулар, ұлттық үлгі-өнегеден жұрдай сериалдар, қазақ менталитетінен алшақ, ұлағаты жоқ түрлі бағдарламалар. Елге ой салатын, ұлтты руxтандыратын дүниелер діңкелеп тұр.
Ұлт үшін қасіреттің зоры – бүгінгі ұрпақтың тоқмейілсуі, өзі өсіп-өнген тамырдан кіндік үзуі, батыстық дүлей күштің экспансиясы тексіздікке, талғамсыздыққа ұрындырып, ұлттық сезімнің сөнуіне себепші болып отыр. Тоғышарлық жайлаған қоғамдағы кеселдерге қарсы тұра алмай келеміз. Ұлттық дәстүрі сақталмаған жерді жын-шайтан иектейді, содан да шығар қазақ баласы ештеңеге селт етпейтін қатыгез, безбүйрек болып барады. Күнара еститін жаманаттан жүрегіміз тарының қауызындай сығылды.
Адам үшін кісі өлтіру шыбын шаққан құрлы болмай, өз жанын үзу түкке тұрмай қалды дегенге сенбеймін. Ал сондай қылмыс жасарда ішімдік ішіп, наша шегіп алған десе, сенемін. Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлт болудан қалады. Қазақ болмысының қазығы тектілік еді, тектілік тепкі көріп, қазағымның қасиеті мен киесі өгейсіді. Ұлттың жадынан өшірілген ұлттық қасиеттер бұл ғана емес. Бізде адами құндылық басты орында деген түсінік жоғалды. «Өзімнен, отбасымнан аулақ болса, өзіме қатысы болмаса, бәрі дұрыс. Кінәлілер жауап берсін: ата-ана, мектеп, қала берді өлімге итермелегендер». Міне, осындай түсінік басым. Сонда қалай, жасөспірімдер, жастар шетінен өле берсін бе? Неге бұл зиялы қауымды, билікті, үлкен буынды, қазіргі қарияны, әжені ойлантпайды? Бір ауылды уыздай ұйытып, бірауыз сөзімен билеген қариялар қайда қазір? «Ал бұған кім кінәлі?» дегенге жауап іздеп көрейік. Иә, алдымен жемқорлыққа белшесінен батқандар кінәлі. Ұлттық мүддеге сай жұмыс істей алмай отырған өзегі әлсіз заңдар мен Үкіметтегілер кінәлі. Сосын барып сен, мен, ол, әрқайсымыз кінәліміз!
ТҮЙІН:
Сонымен, Талғардағы қайғылы оқиғаның түп-төркіні неде деген сұраққа азды-көпті жауап алдық. Ал мұндай жағдай келешекте қайталанбауы үшін не істеу керек? Бізге өз пікірін білдірген азаматтардың ойынша, бірінші кезекте шұғыл түрде ауылдарда, аудан орталықтары мен ірі қалаларда лайықты жалақы төленетін жұмыс орындарын ашу қажет. Ол үшін жанар-жағаймай, құрылыс материалдары, сапалы өңделген азық-түлік көбейіп, ауыл-шаруашылық өнімдерін өндіретін өндіріс орындары, зауыт-фабрикалар құрылуы тиіс. Өйткені лайықты жалақы – жеке тұлғалардың өзін-өзі танытуына, баспаналы болуына, берік отбасын құруына негіз қалайды.
Екіншіден, елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары енгізілуі тиіс. Ол үшін барлық мектепте полицияның тұрақты бақылау қызметін енгізу қажет. Бұл қызмет мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары және психологпен бірге мектеп қабырғасындағы қылмысты болдырмау бойынша күнделікті жұмыс жүргізгені жөн.
Үшіншіден, мектептер мен колледждерде Қытай тәжірибесіне ұқсас тегін еңбек және спорт үйірмелерін ұйымдастырып, балалар таңертеңнен кешке дейін бос болмайтын жағдай жасалуы қажет. Тіпті олардың Жапониядағы сияқты еден жуғаны да ерсі саналмауы керек. Ал ауылдық жерлерде оқушылардың сенбі, жексенбі күндері ақылы ауылшаруашылық жұмыстарына тарту да артықшылық етпейді. Сөйтіп, балаларды ерте жастан еңбекке баулып, жасөспірімдердің заңды табыс табуына мүмкіндік жасалса, оларды еңбектің өзі біраз тәрбиелейді.
Төртінші, Финляндиядағы сияқты балабақшалар мен жайлы мектептерді жоспарлы түрде салып, барлық баланы 100 пайыз балабақша мен мектеп, колледждердегі орынмен қамту қажет. Бұл үшауысымды мектептерді жойып, бірден білім беру мен тәрбие сапасына оң ықпалын тигізетіні анық. Мектепті жақсы бітірген әрбір жастың қалаған жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Ал сапасыз білім беретін жекеменшік жоғарғы оқу орындары толық жабылғаны жөн.
Бесінші, барлық мемлекеттік органдар, барлық деңгейдегі әкімдер өз өңірлеріндегі жастардың білім алуы, тәрбиесі және жұмыспен қамтылуына халық алдында тікелей жауап беруі тиіс. Жастардың, әсіресе жас отбасылардың баспана мәселесі ересектерден бөлек қаралғаны дұрыс, олар үшін алғашқы төлемсіз, жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық ипотекалық несие алу әрқашан қолжетімді болуы қажет.
Бала – біздің болашағымыз және олар үшін бәріміз жауаптымыз. Осы жауаптылық әр қадамымыздан, әр сөзімізден және ісімізден көрінуге тиіс. Біздікі – ой салу, ары қарай таразылау – қалың оқырман еркінде.
Құтмағамбет Талапбайұлы
Талғар ауданы