Тәуелсіздік қазақты ата дінімен қайта қауыштырды. Сонымен қатар Ташкентке қарайтын Орта Азия діни басқармасынан бөлініп шығып, өз мүфтиятымыз құрылды. Мұндай үлкен жұмыстарды абыроймен атқарудың басы-қасында Ислам дінінің білгірі, алғашқы мүфтиіміз, ардақты хазірет Рәтбек қажы Нысанбайұлы жүрген еді.
1975 жылы Ливия университетінің шариғат және халықаралық заң факультетін тәмамдап, елге доктор дәрежесімен оралған Рәтбек қaжы үш жылға жуық КСРО Министрлер кабинеті жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің жауапты хатшысы қызметінде болған. 1979 жылы Тәжікстанда өткен халықаралық конференцияда Қазақстанның қазиі атанады. Сол кезеңдердің ақиқатын өз аузынан есту үшін Рәтбек қажыға жолығып, әңгімесіне құлақ салдық.
– Саясат Кремльге, дін Ташкентке байланып, қазақ амалсыз екі жаққа қарап басын изеуге мәжбүр болған уақытта дінімізді реттеу міндеті менің маңдайыма жазылыпты. Үлкендер – коммунист, жастар – комсомол. Қазақстанға қази болып келгенімде 25 мешіт қана бар еді. Талдықорған, Қостанай, Торғай, Жезқазған, Маңғыстау, Өскемен секілді алты облыста ғибадат орындары атымен жоқ. Жаңағы 25 мешіттің екеуінің имамы ғана қазақ ұлтынан.
Енді мына қызыққа қараңыз, Арыстағы мешіттің имамы 80-ге, Түркістандағы имам 90-ға келіпті. Қалғандары – өзге этнос өкілдері. Олар қазақтың тілін де, әдет-ғұрпын да білмейді. Яғни, мешіттің аты бар да, заты жоқ. Бәрін қайта құруға тура келді. 1990 жылға дейін 68 мешіт ашып, одақтас елдер арасында мешіт санынан бірінші орынға шықтық. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрылған жылдары қазақ жеріндегі мешіттің саны бес жарым мыңға жетті.Оның ішінде мыңдаған жамағатқа қызмет ететін үлкен мешіттер, жүз шақты адамға арналған шағын мешіттер де бой көтеріп жатты. Жұма намазына халық көп қатысуға дағдыланды. Тіпті, қоғамдық орындарда намаз оқуға арналған шағын бөлмелер – намазханалар пайда болды, – дейді алғашқы мүфти.
Хазіреттен білгіміз келетін жайлар аз емес еді. Ашылған мешіттерге қажет имамдардың қалай дайындалғанын сұрадық.
– Жетпіс жылғы солақай саясат елдің бәрін дінге қарсы қойып, діни сауатты мамандардың азаюы белең алды. Бұқарадағы Мир-араб медресесі Орта Азияға ортақ болғанымен, онда өзбек, татар, башқұрт, тағы басқаларды көптеп оқытуға назар аударылды. Сондықтан өз мүмкіндігімізге сүйенуді ойладық. Алматы қаласынан Ислам университетін, Жамбыл облысындағы Меркі ауылынан медресе аштық. Екі жылдық курстарымыз тағы іске қосылды. Нәтижесінде алты жүзден астам шәкірт диплом алды. Оның ішінен жүз баланы – Түркияға, сексен баланы – Египетке, жиырма баланы Пәкістанға оқуға жібердік, – дейді хазірет.
– Бұл шақта шетінен атеистке айналған халық алды-артына қарамайтын халде еді. Ғасырлар бойы әдет-ғұрыппен берік ұштасқан дінінен ажырап қалған жұрттың танымын қайтадан қалыбына келтіру оңай болған жоқ. Ел өкіметтің әпербақан өктемдігінен жалтақ күйге түскен. Үлкендердің бойына бойкүйездік пен қорқыныш ұялаған. Жастар туралы сөз айтудың қажеті жоқ еді.
«Құдай жоққа» дағдыланғандар өмірден өткен жақындарын мұсылманша жуындырып, аққа орауды, жаназа шығаруды ұмытып, қабірге табытпен көмуге дағдылана бастаған. Ал діни жоралғы мен дәстүрімізден ептеп хабары барлар мені жасырынып шақыратын. Мәйіттің жаназасын түнде шығаратын болдық. Өйткені қудалаулардан жүректері шайлыққан жұрт өз көлеңкесінен өзі қорқады.
Ал мені осы орынға орталық комитеттегі адамдар тағайындаған соң батылырақ қимылдауды мақсат еттім. Дінді қайтару, міне, осындай қиыншылықтарды бастан өткізді. Бірақ қанында бар дүниеге халық тез бет бұрады екен. Тіпті, кеше ғылыми атеизммен сусындаған академиктер де оңға бұрылып, өзгере бастады. Кейбіреулері ашық түрде намазға жығылды.
Бірде Ташкенттегі мүфти Зияудин Бабахан Алматыға келді. Ол кісіні үйге қонақ еткенде намазды жаңа бастаған академиктерді де шақырдым. Сонда олардың «Біз – академикпіз, коммуниспіз. Міне, партбилетіміз қалтамызда. Алайда иман жүректе тұр. Оның себепшісі хазірет ұстазымыз», – дегені бар. Кейін осы оқиғаны айтқан Зияудин Бабаханға өзбектер «Қазақты неге мақтай бересіз? Қазақ болып кеткен жоқсыз ба?» дегенде «Олардың академиктері намаз оқыды. Рәтбектің шәкірттері. Ал біз академиктермен от пен судай – екі бөлек әлембіз» деген екен.
«Материализм, идеализм» деп жіктелетін академиктер ақыры дұрыс жолдың қайда екенін көрді. Кеңес өкіметі қазақты құртып жіберудің бар амалын жасады. Діннен айыруға тырысты, қазақты «қырғыз» деді, «татар» деді, «моңғол» деді. Көшпелі қаңғыбастарға теңеді. Қолдан ашаршылық жасады. Ұлт зиялыларын, ғалымдарды өлім жазасына кесті. Итжеккенге айдады. Бұл – ұлтқа жасалған қастандық! Дегенмен иммунитеті күшті, рухы мықты халық басын қайтадан көтерді, жастардың көкірек көзі оянды. Иманды, білімді жастарға қолдау көрсетсек, еліміз озық елдердің қатарынан көрінері сөзсіз, – деп Рәтбек қажы ойын қорытты.
Дәстүрлі дініміз кеңестік кезеңнен қанша теперіш көрсе де, қайраткерлердің арқасында өзінің ақиқатшыл арнасын тапты. Осының бәрі тәуелсіздіктің жемісі. Ендігі міндет – ата дінімізді жат ағымдардан қорғап, оны рухани құндылықтардың қатарында ұлт игілігіне жарату. Рәтбек қажы Нысанбайұлы сөзінен осыны анық түсіндік.
Құралай Мұратқызы