Алматы облысы – республикадағы туристік әлеуеті жоғары аймақтың бірі. Бай табиғаты, әр алуан климаты, ерекше таулы аймақтары мен мәдени-тарихи нысандары бар облыс туризмнің бірнеше түрін дамытуға сұранып тұр деуге болады. Көркіне көз тоймайтын Көлсай көлдері мен Шарын шатқалы сияқты жаратылысы өзгеше орындар табиғатта серуендегенді ұнататын туристердің сүйікті орнына айналғалы қашан?! Ерте көктемнен қара күзге дейін мұнда трекингпен, альпинизммен айналысуға мүмкіндік мол болса, қыс айларында «Ақбұлақ», «Ой-Қарағай», «Пионер» сияқты демалыс орындарында шаңғы теуіп, таза ауамен тыныстау үшін барлық жағдай жасалған.
Алматы облысы мәдени және тарихи ескерткіштерге өте бай. Солардың бірі – ежелгі петроглифтер бедерленген Таңбалы шатқалы. Бұл – ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген әлемдік деңгейдегі ескерткіш. Таңбалыдағы 3 мың жылдан астам уақыт бұрын тасқа қашалған бейнелер Орталық Азияда жасаған ежелгі өркениет ошақтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде маңызды жәдігер саналады.
Кейінгі жылдары елімізде экологиялық туризм жақсы үрдіске айнала бастады. Бұл бағытта Алматы облысында туристерге өңір табиғатына зиян келтірмей жақын танысуға көмектесетін экомаршруттар қарқынды дамып келеді. Мысалы, Іле-Алатауы сияқты ұлттық парктер жаяу экскурсиялар ұйымдастырып, тұмса табиғатпен етене байланысуға жағдай жасап отыр.
Алматы облысына саяхаттауға әлемнің көптеген елдерінен, әсіресе көршілес Қытайдан туристер көп келеді. Қытаймен шектесетін Алматы облысы осыған байланысты Аспанасты елінің туристерін көптеп тартудан үмітті. Бұған алғышарттар да жоқ емес. Атап айтсақ, биылғы жыл «Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы» деп жарияланса, 2025 жыл «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» болмақ. Осыған байланысты және былтыр екі ел арасында визасыз режим орнатылғанын ескерсек, алдағы уақытта Қытайдан елімізге, оның ішінде Алматы облысына келетін туристер саны айтарлықтай артады деген үміт бар. Алматы облысының құзыретті органдары да Қытай нарығына аймақтың туристік әлеуетін таныстыратын іс-шаралар жоспарын да дайындап, мүмкіндікті мүлт жібермей отыр.
Таяуда Қытай астанасы Пекинде өткен «СОТТМ-2024» Қытай көшпелі туризм көрмесінде облыстың туристік әлеуетін паш етіп, Аспанасты елінен келетін туристер санын арттыруға мүмкіндік туды. 16-18 қазан күндері өткен көрмеге Алматы облысы да өз павильонын апарды. Қазақтың ұлттық тағамдары, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар мен туристік компаниялардың түрлі өнімдері қойылған павильон келушілердің назарын бірден өзіне аударды. Көрмеге облыс атынан қатысқан туристік компаниялар әртүрлі өнімдерін таныстырды. Қытайлық туристік ұйымдар облыс компанияларының ұсыныстарына үлкен қызығушылық танытты. Қазақстанның туристік компаниялары мен қытайлық әріптестері арасында 50-ден астам екіжақты кездесулер өткізіліп, ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Облыстағы ұйымдардың «COTTM-2024» көрмесіне қатысуына туризм басқармасы мен туристік ақпараттық орталығы күш салғанын айта кету керек.
Ермек Жантохов,
«YI GROUP» ЖШС директоры