Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған делегация Қытайдың Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағына және Хэнань провинциясына сапарлап барды. Сапар барысында делегация Шэньчжэнь АЭА даму тәжірибесімен танысып, Қытай даму институтының (CDI) вице-президенті Цзянь Цюмен кездесті.
Алматы облысының делегациясы Қытай экономикасының драйверіне айналған Қытай даму институтына арнайы ат басын тегіннен тегін бұрған жоқ. Институт Қытайдың өзінде арнайы экономикалық аймақтарға қатысты 100-ден астам жобаны іске асырып, әлемнің 16 елінде 20 арнайы экономикалық аймақтың дамуына атсалысқан. Бұған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев CDI басшылығымен кездесуінде арнайы тоқталды.
«Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағы – дамудың ерекше үлгісін көрсетіп отырған модель. Біз мұнда ең үздік тәжірибелеріңізді үйреніп, оны өзімізде іске асыру үшін келдік. Бұл сапарымыз Алматы облысы мен Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағы арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың бастамасы болады деп үміттенеміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
CDI вице-президенті Цзянь Цю институт өзге елдерге де арнайы экономикалық аймақты дамыту және ресурстарды тиімді пайдалану бойынша кеңес беру қызметін ұсынатынын айтып өтті.
Кездесуде Алматы облысынан барған делегация арнайы экономикалық аймақты дамыту және басқару тәжірибесімен танысып, жерді басқару саясаты, инфрақұрылым және басқа да салаларға қатысты өзекті сұрақтарға жауап алды. Делегацияны қаржы және инвестиция тарту платформасы саналатын Шэньчжэнь арнайы экономикалық аймағын құру және дамыту тобының қызметі ерекше қызықтырды.
«CDI-мен әріптестік орнатсақ инвестиция тарту және өңіріміздің экономикалық өсімін жеделдету үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді» деді облыс басшысы.
Кездесу барысында арнайы экономикалық аймаққа қатысты заңнамалық негіздер, АЭА дамуын жоспарлау және оған инвестиция тарту мәселелері талқыланды.
Қытайға сапары аясында облыс әкімінің делегациясы сонымен қатар осы елдің Хэнань провинциясына да барды. Екіжақты байланысты нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың жаңа мүмкіндіктерін көздеген сапар барысында провинция губернаторы Ван Каймен кездесіп, түрлі салаларда, әсіресе ауыл шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс істеу мүмкіндіктерін талқылады.
Қытайдың ірі астық өндіру орталығы саналатын Хэнань үшін ауылшаруашылығының маңызы зор. Мұнда сондай-ақ жүгері мен бидай өсіру, майлы дақылдар мен құс шаруашылығы ерекше дамып келеді. Осыған байланысты Ван Кай Хэнань провинциясы мен Алматы облысының ауыл шаруашылығы, сауда-өнеркәсіп және гуманитарлық салаларда ынтымақтастық орната алатынын, транзиттік тасымал саласында бірлесе жұмыс атқаруға әлеуеті барын және академиялық білім алмасуды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
Алматинская область и Хэнань: Взаимовыгодное сотрудничество набирает обороты
Марат Сұлтанғазиев болса Алматы облысының Қазақстанның жетекші өңірлерінің бірі екенін, мұнда агроөнеркәсіп кешені, туризм мен өнеркәсіп салалары дамығанын тілге тиек етті. Ол Қытаймен және Қырғызстанмен шектесетін, Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік жолы өтетін Алматы облысының стратегиялық артықшылығын баса айтты. Марат Сұлтанғазиевтың сөзінше, Алматы облысы мен Хэнань провинциясы ауыл шаруашылығы, құрылыс және логистика бағыттарында ынтымақтастық орната алады. Атап айтсақ, Алматы облысы үшін ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын қолданудың, астық өндіру, құс және сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың маңызы зор. Сонымен қатар, жаңа бой көтеріп келе жатқан Қонаев пен Алатау қалаларын дамыту үшін инвестиция тартуға, бірлескен индустриялық парктер құруға және логистикалық орталықтарды дамытуға, Алматы облысында бірлескен университеттер құруға мүдделі.
Осы мақсатта Алматы облысының делегациясы Хэнань ауылшаруашылығы университетіне (HAU) ат басын бұрды. Мұнда ол университет президенті, Қытай инженерлік академиясының академигі Чжоу Вэймен кездесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқылады.
«Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығын дамытудағы тәжірибелері ұқсас. Біздің ғылыми кадрларымыз бар, ал HAU-мен тығыз ынтымақтастық орнатқан Қазақ ұлттық аграрлық университетінің облыста өз шаруашылығы бар. Сондықтан, аграрлық салада білікті кадрларды даярлау – табысымыздың басты кілті», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Әкім сонымен қатар екі ел арасындағы студент алмасу бағдарламасына да тоқталды:
«Былтыр Шыңжаң университеті Алматы облысынан 20 студент қабылдады, қазір олар қытай тілін оқып жатыр. Келешекте олар аграрлық мамандықтарды оқып, меңгереді. Біз де қазақстандық студенттерге гранттар береміз».
Сапар қорытындысында Алматы облысы мен Хэнань ауыл шаруашылығы университеті ынтымақтастық туралы меморандум қабылдады. Онда екі ел арасында студент алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, қазақстандық бизнес өкілдерін аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға тарту қарастырылған.