«Бәсе, мұрныңызға не болды? Кешеден бері иіс сезбей қалдым дейсіз бе?» Осындай күмәнді әрі түсініксіз жағдай көп адамда кездесіп жататыны рас. Иіс сезуден айырылу белгілі бір дерттің бойыңызда белең ала бастағанының алғашқы белгісі екен. Бұл туралы беделді шетелдік «Frontiers in Molecular Neuroscience» ғылыми журналы көлемді мақала жариялаған. Біз соның ішінен керекті деген тұстарын алып отырмыз.
Таяу жылдары басталған ковид пандемиясының талайды жалмап, көптеген адамға үрей дәнін сеуіп кеткені жасырын емес. Сол кезде науқастар «мұрным иіс сезбей қалды» деген ең басты симптомдардың бірін жиі сөз ететін, етіп те келеді. Қазіргі таңда да «ковидтің ана түрі тарап жатыр, енді мына түрі белең алуда» деген түрлі ақпарат халықты әбігерге салумен келе жатқаны да рас. Аталған журналдағы ғылыми мақалада авторлар диагноздарды үш үлкен кестеге топтастырып, жеке-жеке, неврологиялық, соматикалық – дене мен ішкі мүшелердің аурулары және туабітті дерттерге бөлген. Соның ішінде неврологиялық диагноздардың өзі 72 түрлі екені және олардың қатарында глиобластома ісігі, Альцгеймер және Паркинсон аурулары, өзге де деменциялар және торығу, беймазалық пен бас сақинасы сияқты ауыр диагноздары да, сондай-ақ ішкі мүшелердің көптеген түрлері айтылады. Бұлардың ішінде жүрек-қантамыр аурулары, қант диабеті, тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің ауытқушылықтары, буын аурулары және тағы басқалар сөз етіледі.
Ерекше үрейді алатын ақпарат тұрғысынан келсек, иіс сезудің жоғалуының Альцгеймер, Паркинсон ауруларымен, торығумен, жынданумен, ұмытшақтықпен және жүрек-қантамыр ауытқушылықтарымен байланысы зерттелген және анағұрлым түсінікті. Бұл ауруларға иіс сезу қабілетінің толық немесе жартылай жоғалуы тән болып келеді. Мақала авторлары: «Байқауымызша, иіс сезудің бұзылуы бұл дерттердің продромальді белгілері болып саналады», – деп жазады. Яғни бұл – дертке шалдығудың ең алғашқы белгілері. Ғалымдар бұл белгілердің ағзадағы дерттермен қалай байланысатынын көрсететін бірнеше механизмді алға тартып отыр. Олар басты назарды қабынуға, иіс сезу органы мен мидың өзара анатомиялық қарым-қатынасына, сондай-ақ зиянды экологиялық факторларға аударған. Осылардың соңғысы мұрынның шырышты қабығын өте оңай зақымдайды екен.
Дей тұрғанмен, анағұрлым жағымсыз әсері адамның жадына тиетін көрінеді: иіс сезу рецепторларынан шыққан жүйке талшықтары мидың жады үдерістеріне қатысатын аймақтарына барып тіреледі. Ал бұл болса Альцгеймер ауруында ерекше маңызды рөл атқарады.
«Не қалды енді сонда?» дегенде, үміт ароматерапияға барып тырнақ іліктіреді. Өйткені осынша жағымсыз мәліметтердің арасынан үміт шұғыласы шашырайды. Ароматерапия көмегімен иіс сезуді оятуға ынталандыру тек қана сіз иістерді сезе алуыңыз үшін ғана пайдаланылмайды. Жүргізілген зерттеулерде иіс терапиясының жадыны күшейтіп, жақсартып қана қоймай, деменциямен ауыратындарда (Деменция – бұл жолай пайда болатын, үдемелі кемақылдық немесе басқаша айтқанда, алжу. Ол адамның когнитивтік қабілеттерінің, яғни жадының әлсіреуімен, ақылды жұмыс істеу қабілетінің жоғалуымен, уақыт, кеңістік бағдарын, өзін жоғалту сияқты өзге де қабілеттерінің төмендеуімен түсіндірілетін ауру) ақыл-ойлық (когнитивтік) қабілеттерінің жақсаруына жеткізетін көрінеді. Ғалымдардың болжамына қарағанда, ароматерапия көптеген неврологиялық аурулардан қорғайтын қуатты фактор болуы мүмкін.
Сөздің ашығын айту керек, ресми, дәстүрлі медицина ароматерапияға онша байсалдылықпен қараған емес әрі мұндай зерттеулер мен олардың нәтижесінде қол жеткізілген табыстар да өте аз. Десек те, пандемия мен ұзаққа созылған ковид осы бір мелшиіп жатқан зілқара тасты орнынан қозғағандай болды. Нәтижесінде, дәрігерлер де терапияның осы тәсіліне жиірек мойын бұра бастады.
Бейбіт МЕКЕЕВ