ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, тілтанушы-ғалым, белгілі алаштанушы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Хантәңірі етегінде кіндік қаны тамған ел перзенті Шерубай Құрманбайұлы талтүске теңелетін алпыс жастың асуына ат шалдыртты. Ғалым Алматы облысының Райымбек ауданында дүниеге келіп, Нарынқол өңірінің Шалкөде, Қарасаз орта мектептерінде орта білім алды. 1991 жылы ҚазМУ-дың филология факультетін үздік бағамен бітірді. Өзі оқыған, жоғары білім алған қара шаңырағында кафедра басқарды, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, Тіл комитетінің төрағасы болды. ҚР Президенті Әкімшілігінде, ҚР Білім және ғылым министрлігінде, ҚР Мәдениет министрлігінде, ҚР Ұлттық банкінде жауапты қызметтер атқарды. Қазір Абай атындағы ҚазҰПУ-да Түркітану орталығының жетекшісі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті. Тілші-ғалым 500-ден астам еңбектің авторы.
Өмірдің көктемі мен күзін, жазы мен қысын бірдей қабылдайтын, қандай лауазымға қол жеткізсе де, табиғи мінезінен айнымайтын орнықты адамдар болады. Ғылымда, еңбек жолында қаншалықты биікке көтерілсе, қарапайым адами болмысын соншалықты сақтап қалу кісіліктің бір нышаны болса керек. Мұны дана қазақ «Мәуелі ағаш иілгіш» деп бірауыз сөзбен түйіндеген.
Өткен ғасырдың 90-жылдары еліміздегі жетекші оқу орны – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің соңғы курсында оқып жүрген студент кезіндегі аңқылдақ, ақ жарқын қалпынан бір таймаған, бүгінгі академик Шерубай Құрманбайұлын ғалымдығымен қатар осындай адамгершілік қасиеті үшін ерекше сыйлаймыз. Қадірлі әріптес, еңбекқор ғалым, білікті маман, талапшыл ұстаз ретінде жоғары бағалаймыз. Ынтымағы жарасқан берекелі шаңырақ иесі ретінде үлгі тұтамыз.
Хош, сонымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаев пен көркем сөз шебері Бердібек Соқпақбаевтың туған жері, еңкейген қартынан еңбектеген баласына дейін қазақтың қара өлеңін жатқа айтатын Қарасаздың құнарлы топырағынан нәр алған Шерубай ағайдың бала күнінен ана тілінің қадір-қасиетін терең ұғынып өсуі – заңдылық. Терең білім мен қажырлы еңбекті өмірлік мұраты еткен кейіпкеріміз қазақтың қасиетті қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс оқыған көрнекті тілші-ғалымдардан тәлім алып, білімін ұштайды. Кейіннен Тіл білімі институтында кәсіби шеберлігін шыңдап, жиған білімін ары қарай толықтырады. 1991 жылы терминология және аударма теориясы бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасқан жас маманның ғылымға деген қызығушылығы арта түсуіне академик, ана тіліміздің білгірі Ә.Қайдар басқарған ұжымдағы мүйізі қарағайдай тілші-ғалымдардың ықпалы зор болды. Әсіресе диссертациялық жұмыстарына жетекшілік еткен филология ғылымдарының докторы Б.Қалиевтің ғылымға деген адалдығы мен талапшылдығы шәкірт санасында терең із қалдырды. 1994 жылы «Өсімдіктердің құрылым-құрылысына қатысты терминдер» тақырыбында кандидаттық, 1999 жылы «Қазақ лексикасының терминдену үрдісі» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғаған Шерубай Құрманбайұлы ұлағатты ұстазының сенімін толық ақтады деуге негіз бар. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Байынқол Қалиұлымен қазірге дейін ғылыми-шығармашылық байланысын жалғастырып, нығайтып келе жатқан бүгінгі мерейтой иесі – өзі де шәкірт тәрбиелеп, қазақ ғылымының дамуына қомақты үлес қосқан, ғылымдағы сабақтастықты сақтай білген абыройлы азамат.
Алматы төріндегі білім ордасынан алған тағылымы мен ғылым ордасында жиған тәжірибесін, күш-жігерін еліміздің тәуелсіздігін нығайту жолында жұмсауға ниеттеніп, Астанаға қоныс аударған Шерубай Құрманбайұлының мемлекеттік және қоғамдық қызметі де жемісті. 2001 жылдың аяғында ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Тіл департаментіне қызметке шақырылған ғалым аталмыш министрлікте басқарма бастығы, департамент директорының орынбасары, Тіл комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет атқарды. 2006-2007 жылдары Еуразия ұлттық университетінде жалпы тіл білімі және аударма теориясы кафедрасын басқарса, 2007 жылдан бастап ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігі кеңсесінің кеңесшісі, 2008-2009 жылдары «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аударма бөлімінің бастығы қызметтерінде болды. 2009 жылы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына директор болып оралған Шерубай Құрманбайұлы докторлық қорғайтын диссертациялық кеңеске төрағалық етті. Бұл ғылыми кадрларды даярлау жөніндегі ережелерге қайта-қайта өзгерістер енгізіліп жатқан, ғылым-білім саласында жүрген көптеген ізденушінің көңілінде алаңдаушылық туғызған реформаларға толы кезең болатын. Ғылыми дәрежелер берудің ескі жүйесін біржолата тоқтатып, орнына жаңашылдық енгізу қажеттігі нақты негізделген уақытта айына бір докторлық, екі кандидаттық диссертация қорғатуға ғана рұқсат берілгендіктен, кеңестің жұмыс кестесі ерекше тығыз еді. Әсіресе өңірлердегі жоғары оқу орындарында оқытушылық қызмет атқарып жүрген ізденушілер мен институт қызметкерлерінің зерттеулері қатар ұсынылған кезде таңдау жасау қиынға соғатын. Осындай сын сағатта өзіне артылған үлкен жауапкершілікті жүрегімен сезінген Шерубай Құрманбайұлы Тіл білімі институтының жастарына жол ашып, бірінші кезекте солардың диссертацияларын қорғауға ұсынып, үлкен азаматтық жасады. Бұл жерде терең білім мен адамгершілік ұстанымын ұштастыра білген ғалымның азаматтық позициясы айқын көрінді. Осындай ірілік танытқан Шерубай Құрманбайұлына алғысымыз шексіз.
2011 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы болып тағайындалуына байланысты Елордаға қайта оралған ғалым қандай мемлекеттік қызмет атқарса да, ғылымнан қол үзбей, қыруар жұмысты қатар атқарды. Бірнеше рет шетелге шығып, түркі халықтарының ортақ терминдік қорын құру ісіне өз үлесін қосты. Қазірге дейін терминолог-маман ана тіліміздің жанашыры ретінде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін арттыруға атсалысып келеді.
Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларының игі бастамасын жалғастырушы Ш.Құрманбайұлы қазақ тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы терминтанудың негізі салушы Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми ұстанымдарын басшылыққа алып, Тәуелсіз Қазақстанның төл терминдік қорын толықтырып, нығайтуды қолдады. Ғалым терминжасамның өнімді бір тәсілі терминденудің тілдік табиғатын, әртүрлі лексикалық қабаттарға тән сөздердің терминдену үдерісін диссертациялық деңгейде арнайы қарастырды. Осы бағытта жүргізген зерттеулерінің нәтижесінде «Қазақ лексикасының терминденуі», «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты», «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары», «Алаш және терминтану. ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар» сияқты іргелі еңбектері жарық көрді. Көптеген монография жазып, оқу құралдары мен сөздіктер құрастырған ғалым тіл экологиясы, ономастика, аударма, әлеуметтік лингвистика, қазақ тілін оқыту әдістемесі, орфография, орфоэпия мәселелеріне де назар аударып, қазақ сөз мәдениетін көтеруге қомақты үлес қосты. Ғалымның қоржынындағы ғылыми, әдістемелік, лексикографиялық еңбектерінің ұзын саны 500-ге жуықтағанын көргенде, саналы ғұмырын қазақ тілінің төл фонетикалық заңдылықтарын зерттеуге арнаған ардақты ұстазымыз, филология ғылымының докторы Сапархан Мырзабеков ағайдың «Бұл ғылым дегеніңіз қызығы мен қиындығы мол, ғажап дүние ғой. Ешкім туа ғалым болмайды. Сіздерге айтайын, ғалым болу үшін тума талант керек те емес, 1 пайыз ынта болса, болғаны. Қалған 99 пайыз еңбекпен келеді. Көзім жеткен соң айтып отырмын» деген сөзі еске түседі.
Сондай керемет ұстаздардың дәрісін тыңдап, адамшылық қасиетін өнеге тұтып, бойына сіңіре білген Шерубай Құрманбайұлын ғылым-білім мен өнерді кісілік қасиеттерімен ұштастыра білген еңбекқор ғалым ретінде танимыз. Ғылымға деген адалдығы, ана тіліне деген жанашырлығы өз алдына бір төбе. Шерубай Құрманбайұлы – «Әр қазақ баласына ана тілінде тәрбие мен білім бермейінше, тіл мәселесі түбегейлі шешімін таппайды» деп шырылдап жүрген, өмірлік ұстанымын ұлттық мүддемен байланыстырып, біржола айқындап алған азамат. Баспасөз бетінде айтылған осы пікірін өмірде де қолданып жүргеніне көпшілік куә. Өмірлік серігі, филология ғылымдарының кандидаты Гауһар Әлімбек ширек ғасырға жуық Елордадағы жетекші білім ордасы Л.Гумилев атындағы ұлттық университетте ұстаздық етіп келеді. Бір кезде өзі басқарған қазақ тілі кафедрасында доцент қызметін атқарып жүр.
Ынтымағы жарасқан отбасында дүниеге келген тұңғышы Әлішер – жастайынан физика саласына қызығушылық танытып, мұхит асып, Американың Иллинойс университетінде жоғары білім алып келген микроэлектроника маманы. Голландияның Дельф техникалық университетінің магистратурасын да «микроэлектроника» мамандығы бойынша бітірген физик-инженер қазіргі кезде елімізге оралып, ғылыми ізденістерін жалғастыруда. Үлкен қызы Әсел – Вена мемлекеттік университетінің әдебиет және өнер факультетінің магистратурасын үздік бітірген жас маман. Қазір әке жолын қуып, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мәдениеттану саласында ұстаздық етуде. Кіші қызы Әнел – Астанадағы Өнер академиясын скрипка бөлімі бойынша бітірген музыка маманы. Қазір Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның магистратурасында оқиды. Кенжесі Әлисұлтан – Астанадағы физика-математика лицейінде 7-сынып оқушысы. Бұл жерде Шерубай Құрманбайұлының адал да сенімді жар, мықты отағасы және перзенттеріне озық білім мен қазақы тәрбиені ұштастыра бере білген өнегелі әке екенін көреміз.
Сөзі мен ісі, талабы мен таланты, күш-жігері мен мақсат-мұраты толық үйлесім тапқан, қазақша айтқанда, төрт құбыласы түгел ғалымды мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Игі бастамалары жалғасын тауып, ұл-қыздары мен шәкірттері биіктерден көрініп, еліміздің маңдайалды азаматы болып, әрдайым қуанта берсін.
Ботагөз СҮЙЕРҚҰЛ,
Халықаралық білім беру
корпорациясының профессоры,
филология ғылымдарының докторы