Үмбетәлі ақын дегенде, ең алдымен «Өлеңнің қара жорғасы» деген Жамбыл тәтеміз берген теңеу ойымызға оралады. Жақсы теңеу, дәл теңеу. Әйтсе де, бұл орайда айтыстың ақтаңгеріне берілген басқа да керемет бағалардың бар екенін ескере бермейміз. Мәселен, сол Жамбыл атамыздың өзінің «Үмбетәлі – көз жасымды сүртетін шәйі орамалым ғой» деген шынайы көңіл толқынысынан туындаған тұжырымының өзі неге тұрады?
Үмбетәлі атамызбен тай-құлындай тебісіп бірге өскен Кенен атамыз тұстасының қайтыс болған хабарын естігенде:
Сайраған Алатаудың бұлбұлы едің,
Арыны басылмаған дүлдүл едің.
Сүрінген қапылыста, асыл Үмбет,
Ақынға әрбір сөзі үлгілі едің, – деп күңіренеді.
Сөз орайы келгенде Кенен ақынға Үмбетәлінің өмірден қайтқан хабарын жеткізген осы ауылдың тумасы, өзіміз ұлағаты мен ән-жырын тыңдап өскен Әсімхан Қосбасаровтай саңлақ екенін атай кеткен де артық болмайды. Бұл кезде өзі де сырқаттанып, ауруханадан жаңа шығып келіп отырған Кенекең тең өскен құрдасының қазасына бара алмайтынына күйініп, жыр сәлемін, бұл жерде өзіндік бір жоқтауын десек те болады, былай деп жалғастырады:
Жорғаңды салдырушы ең талай топқа,
Түсуші ең айтыс десе жанған отқа.
Топырақ саған барып сала алмадым,
Кездестің сырқау болып халім жоқта.
Кәрілік біздерге де келіп қалды,
Басылып су сепкендей желік қалды.
Тең өскен Жетісуда Үмбетәлі ең,
Өлеңнің бір бастауы кеміп қалды.
Доқтырдан бес күн болды келгеніме,
Қайтарды дәрі беріп емдеді де.
«Қара жорға» деуші еді Жамбыл
марқұм,
Жорғаны сұм ажалдың жеңгені ме?
Шіркін-ай, қуат барда талай рет
Жарап ек көпшіліктің ермегіне.
Несіне оның бәрін тәптіштейін,
Ақыннан саған қайда тең келуге.
Сене алмай дал-дал болып мен
отырмын,
Сенді не, амал қанша, сенбеді не…
Шырағым, Әсімханжан, ризамын,
Қастектен ат терлетіп келгеніңе.
Мен-дағы ауру шалдың бірі болдым,
Білмеймін, кәріліктің жеңгені ме?
Қазіргі Кененіңнің халі осындай,
Сұраған дұғай сәлем елдеріңе.
Ақынның қадір-қасиеті мен қабілет-қарымына бұдан артық баға беру мүмкін де емес шығар.?! «Ақыннан саған қайда тең келуге» деген бірауыз сөз Жамбылдың ізін жалғаған алқалы топтың, үлкен бір шоғырдың арасынан Үмбет ақынға тең келетін дарынның жоқтығын мойындаудан туған тұжырым десек, ешкім таласа қоймас деп ойлаймын.
Кенен ақын дүйім жұртқа белгілі үлкен айтыстың алдында да:
Ал, Үмбет, аламысың, келді кезек,
Домбырам жұлқынады сені кезеп.
Қиынға қия шапқан жүйрік едің,
Адырға алғызбайтын бойын тежеп.
Ақын жоқ бұл өңірде сенен өткен,
Самғайтын сан қараға тілді безеп.
Ұтылып сөйлер сөзден отырғанда
Күлгізіп кетпеймісің бірдеме деп, – деп кезекті Үмбетәліге береді. Бұл жерде де «Қиынға қия шапқан жүйрік едің», «Ақын жоқ бұл өңірде сенен өткен» деп оның дарынын жоғары бағалайды.
Үмбетәлі – батыл ақын, күрескер ақын. Мұндай тұжырым айтылғанда ең алдымен оның «Әміремен қоштасу» деген өлеңі ойға оралады. Ақын кітабындағы деректерді толықтай келтіре кететін болсақ, мына жайттарға қанығамыз: «1938 жылдары Үмбетәлі қазіргі Жаңақұрылыс ауылында Сыдық деген азаматтың үйінде, қасында
Тұрлыбек, сол кездегі ел сыйлысы Әміре
Шәріпбаев бар, өткен-кеткенді әңгіме етіп отырады. Әміренің Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіровтермен дос-жарандығы бар екен. Соны естіген НКВД Әмірені іздеп келіп, достарының көзінше қолына кісен салып, алып кетеді. Әміре сол кеткеннен оралмайды».
Өлеңге баға бермес бұрын сол 1937-38 жылдары ел арасында қалыптасқан жағдайды еске алғанымыз жөн. Ол кезде атылып, айдалып кеткендерді жоқтау түгілі, олардың аттарын атаудың өзі үлкен қауіп болатын. Жазаланған арыстардың аттарын атағаны үшін ғана тар қапасқа тоғытылып, хабарсыз кеткен жазықсыз жандар қаншама. Соны біле тұрып, Үмбетәлі ақынның Әміремен қоштасу өлеңін айтып, кінәсіз айдалып бара жатқанын атап көрсетуі, шын мәнінде, көзсіз ерлікпен, нағыз жанкештілікпен пара-пар болатын. Өлеңге зер салайық:
Атамыз Еділ, Жайық, Шолан қасқа,
Жігітке не күн туар жала жапса.
Талайға шуақ шашқан Әміре едің,
Дәм айдап осы күні кеттің босқа.
Жақсыға жаның құмар жігіт едің,
Кезігерміз оралсаң, Алла жазса.
Сәлем айт Ілияс, Ораз ерлеріме,
Барасың кісенделіп сен де, міне.
Бір оқып шыққанның өзінде, сол кездегі өлшеммен алып қарағанда, көз көріп, құлақ естімес жаққа алып кетуге, басқа сөзбен айтқанда «халық жауы» атануға себеп болатын өлең екенін байқаймыз. Бұл өлеңнің сол кездегі НКВД-ның құлағына жетпей қалуы ақынның бақыты, ауылдастарының, жалпы көпшіліктің Үмбекеңе деген шынайы сый-құрметі, алғаусыз көңілі деп тұжырымдауға болады. Әйгілі «Бекболат» поэмасын да дүниеге келтіріп, «Иса Дәукебаев» деген бүркеншік атпен жариялаған Үмбетәлі Кәрібаев деген ұйғарымды еске алсақ, ақынның күрескерлік қыр-сыры одан сайын айқындала түспек.
Бір-бірімен қатарлас, замандас ақындардың бір-бірінен үйреніп, еліктеуі, содан кейін де өлеңдерінің кей кездері сарындас болып келуі табиғи нәрсе. Мұны «Үмбетәлінің Ескелдіні жоқтауы» атты өлеңінен аңғаруға болады. Ақынның алдындағы ұстазы Жамбыл атамыз Алғадайын жоқтап зарлағанда:
Алатауды айналсам,
Алғадайды табам ба?
Сарыарқаны сандалсам,
Саңлағымды табам ба? – деп күңіренеді емес пе? Сол айтқандай, Үмбет ақын да соғыста шейіт болған інісі Ескелдіні жоқтағанда осындай сарынға басады.
Қолыма алып домбыра
Зарлайын, енді зарлайын.
Ескелді інім қайда деп,
Қарғалы тауын шарлайын.
Айырылып сенен, арысым,
Тасқа да тиді маңдайым.
Ескелдіні сағынып,
Бозінген болып боздайын.
Аға боп саған, бауырым,
Пана да бола алмадым, – деген жыр жолдары осылайша тума талант, толағай дарындардың шығармашылық сабақтастықтарынан хабар береді.
Бауырынан айырылып қайғыдан қан жұтып отырған ақын осы жерде:
Өзіңнен енді айырылып,
Запыран ішіп сорладым.
Менен де мықты ақын ең,
Арманда кеттің, ардағым, –
деп інісінің ақындық дарынының өзінен де мықты екендігін атай кетеді. Мұның өзі, ел арасында айтылатындай, ақындық дарынның қанмен берілетінінің, ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын тектілік екендігінің тағы бір айқын дәлелі.
Ақын өлеңдері көп ретте бір ғана ұйқасқа құрылып, өлеңнің өн бойына жымдаса өріліп, керемет үйлесіп отырады. Бұл сөзімізге «Өттің бе, ғұмыр» өлеңінен мысал келтірейік:
Адал менен арамды
Айтуға болмас теңгеріп.
Аспан мен жердің арасын
Ажыратсам меңгеріп,
Біреуді біреу жүрмесін
Өзінен төмен кем көріп.
Қызарған өмір – қызғалдақ,
Қызығын жүр жер көріп.
Кәрілік деген құрғыр бар,
Кетерсің мүлдем өзгеріп.
Жалғыз осы өлең ғана емес, «Жамбылға», «Ана» деген өлеңдер де көбіне бір ұйқаспен өріліп шығады. Мұның өзі де – «Қара жорға» атанған дүлдүл шәйірдің ақындық шеберлігін айғақтайтын жарқын штрих. «Қызарған өмір – қызғалдақ, қызығын жүр жер көріп» деген жолдардың өзі қандай әсерлі?! Мұндай теңеу көп ретте мықты деген жазба ақындардың да қаламына іліне бермейді десек, асырып айтқандық бола қоймайтын шығар деп ойлаймыз.
Жастайынан өлең-жырға ғашық болып, оған 17 жасынан толықтай ден қойғанын Үмбет атамыз өлеңінде атап өтеді.
Өлең болды көбіне
17 жастан кәсібім.
Қыр соңынан қалмадым,
Секілді менің ғашығым.
Өлең-жырды айтқанда,
Тау суындай тасыдым, –
деген ол қанша зейін қойғанымен, ескіше оқу оқытқан молданың айтқаны миына кірмегенін, есіл-дерті өлең болып тұрғандықтан осы жолда ештеңеден тайынбағанын, ешкімнің тыйым сөзін тыңдамағанын баяндайды.
Ақындыққа деген мұндай ессіз құштарлық Үмбетәлі атамызды шырқау биікке шығарып, атақ-даңқын жалпақ Жетісуға ғана емес, бүкіл қазақ еліне жайды. Соған орай оның өлеңдері, ең алдымен, айтыстары қазақ әдебиетінің тарихына алтын әріптермен жазылды.
Үмбетәлі Кәрібаевтың ақындық мұрасы, мұның ішіне айтыстары да кіреді, толық жиналып, зерделенген деп түйіндеуге болмайды. Бұған кезінде араб, латын қаріптерімен жазылған өлеңдерінің архивтерден бүгінгі күні де көптеп табылып жатқаны дәлел бола алады.
Айтыстарына келетін болсақ, алдымен мына бір жайтқа назар аудару керек деп ойлаймын. Үмбет атамызды айтыста жеңіліп көрмеген ақын деп ардақтауымызға болады. «Жеңді» деген Нұрила Әбенқызының өзі дүниеден қайтарында айтыс барысында қызбалыққа салынып біраз ауыр сөздер айтқанына өкініпті деседі. «Үмбетәлі киелі екен, кей сөзім артықтау болды. Үмбетәлінің киесіне ұшырадым», – деп бармағын тістепті жарықтық.
Бұдан шығатын қорытынды да біреу-ақ: оны Мырзатай Жолдасбековтің сөзімен түйіндейтін болсақ: «Бұл айтыс қазақ жырының бәйтеректерінің бірі, өлеңнен өрнек салған Үмбетәлідей жүйрік ақынның асыл мұрасына көлеңке түсірмейді».
Бұл жердегі айтпағымыз – «Қара жорға» атанған ақынның айналасындағы бар ақынды жеңіп, мерейі тасыған бірқатар жұлдызды сәттері әлі де болса нақты аталмай, шығармашылық өмірбаянынан орын алмай келе жатыр. Оның себебін түсіну де қиын.
Бұл орайда тағы да Әсімхан
Қосбасаров атамызға жүгінуімізге тура келеді. Әсекең ұстаз ақынға айтқан арнауында мына бір тарихи деректерді жайып салады:
Жасыңнан парасатты саңлақ едің,
Жиынға нелер үлкен барған едің.
Атанған Жетісудың бұлбұлы боп,
Кенен мен Үмбетәлі, Бармақ едің.
Сайраған қызыл тілдің арқасында
Ауылын қырғыз, қазақ шарлап едің.
Жалайыр Сүндетбайға ат шапқанда,
Сөздерді нелер шырын арнап едің.
Он жеті ақын ішінен озып шығып,
Сол сапар бас бәйгені алған едің.
Құбылтып сексен түрлі ән салғаның,
Сүйсініп тыңдаушылар тамсанғанын.
Ақ үйін Сүндетбайдың сізге тігіп,
Құрметпен қол қусырып қарсы алғаны.
Осынау арнау өлеңде Үмбекеңнің Жалайыр Сүндетбайдың асында 17 ақынның ішінен озық шығып, бас бәйге алғаны, ақынның құрметіне Сүндетбайдың ақ үйі тігілгені анық айтылып тұр. Өкінішке қарай, дәл осы дерек ақынның кітаптарында жарық көрген шығармашылық өмірбаянының бірде-бірінен көрініс таппаған.
Дерек Әсімхан Қосбасаровтың өз аузынан айтылып тұр, оны өз құлағымен тыңдаған Үмбет ақынның өзі де жоққа шығармаған. Ендеше, ондай шынайы деректі осы күнге дейін не үшін айтпай, елемей келгенбіз, соның себебі таңдандырады.
Осы жерде аты аталып отырған, кеңес өкіметі кезінің өзінде үш жүзге сауын айтылып асы берілген, республикалық деңгейде айтыс ұйымдастырылған Сүндетбай қажы, Сүндетбай болыс кім еді деген заңды сұрақ туындайды. Айтпағымыз түсінікті болуы үшін бұл тақырыпты да қысқаша қозғай кетейік.
1903 жылы Жалайырдың Сырманағынан тарайтын бес ата мекендеген Төменгі Іле бойында Іле-Балқаш болыстығы құрылып, оның болыстығына жас та болса бірбеткей өжеттігімен, әділдігімен танылған Сүндетбай
Смайылұлы сайланады. Бастаған ісін соңына жеткізбей тынбайтын зерделі де зейінді азамат уақыт өте келе Іле бойына ғана емес, бүкіл Жетісу жеріне беделді тұлғаға айналады. Елдің ауызбірлігін сақтауға ден қойып, жер дауы мен жесір дауын өршітпей әділ шешуге тырысқан ол өзінің болыс болып сайлануына ықпал еткен Ойшы байдың өзіне қарсы шығып, оның халықтан алатын өсімін тоқтатады. Қағбаға зиярат етіп, қажы атанған жас болыс ақысы желінген кедейлер мен жетім-жесірлерге жақтасып, оларға озбырлық жасағандарды аяусыз жазалап отырады.
Осылайша ел есінде қалған Сүндетбай Смайылұлы 1921 жылы 49 жасында қайтыс болады. Көпшілік арасында өз саясатын насихаттауды мақсат тұтқан Кеңес өкіметі арада екі жыл өткен соң Сүндетбайдың асын бүкіл ел көлемінде үлкен етіп ұйымдастырады. Бұл асқа Қалқа Жапсарбаев пен Кенен Әзірбайұлы, Үмбетәлі Кәрібаев сынды ақындар қатысып, болыстың тірлігінде жасаған жақсы істерін көпшілікке үлгі етеді.
Бұл жерде бөліп айтатын мәселе – Кеңес өкіметінің бұл саясаты уақыт өте келе өзгерген сыңайлы. Әйтпесе өкіметтің өзінің бастамасымен бүкіл ел көлемінде дүркіреп өткен астың содан кейінгі жерде көп аталмай кеткенін басқа қандай себептермен түсіндіруге болады? Ендеше Үмбекеңнің осы аста 17 ақынды жеңгендігі туралы деректердің де осы күнге дейін сөз болмай бүркемеленіп келгенін жаңағыдай саясатпен байланыстырамыз. Олай болса, тарихтың ашылмай келген мұндай беттерін де ақтаратын, шұқшия зерттейтін уақыт келген сияқты.
Осы жерде Үмбетәлі атамыз Кеңес өкіметінің солақай саясатымен көпшілік алдында атылып, арманда кеткен әйгілі сазгер, ақын, әнші Пышан
Жәлмендеұлымен де жақсы таныс болды деп түйіндеуге әбден болады. Жастары да шамалас, көршілес, іргелес жатқан өңірлерде тіршілік еткен қос арыстың бір-бірімен таныс, жолдас, аралас-құралас болмауы тіпті мүмкін де емес қой. Бұл аралас-құраластықтың Үмбетәлі атамыздың өмірбаянына енбей қалуына кінәлі де Пышанның әнін айтпақ түгілі, атының аталуына тыйым салған – жаңағыдай солақай саясат.
Бұл сөзімізге белгілі жазушы Балғабек Қыдырбекұлының естелігіндегі мына бір сөздер де дәлел бола алады: «Пышанның бір әні – «Ақ шәйнек, сары самаурын». Бұл ән ірілі-ұсақты әншілер аузынан естіліп қалып жүретін. Бірақ Кеңес өкіметі кезінде Пышан ақынның атын атауға тыйым салынған. Аты сыбырлап айтылатын. Дүниеде ондай адам болмағандай. Авторы ұмыт қалғандай. «Пышанның әнін айтыңызшы», – деп өтініш жасағаны үшін Шолақ Қарғалы ауылының азаматы (бүгінгі Үмбетәлі ауылы – Н. Ә.), ұжымшар төрағасы Әміре Шырымбаев 1937 жылы атылып кеткен».
Көп жылдар бойы атын атауға да тыйым салынып, әндері де айтылмай келген Пышан Жәлмендеұлы мұрасының бүгінгі ұрпаққа негізінен Әсімхан Қосбасаров атамыз арқылы жеткендігі де – маңызды бір дерек. Мұның өзі де – Әсімхан атамыздың Пышан шығармашылығына негізінен Үмбетәлі атамыз арқылы жақсы қанық болғанын, ақын-жыраулар арасындағы шығармашылық сабақтастықтың көп уақыт үзілмей жалғасқанын аңғартатын жайт.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келетін болсақ, Үмбетәлі Кәрібаев атамыздың өмірбаяны да, шығармашылық баяны да алдағы уақытта қосымша зерттеуді, толықтыруларды қажет етеді. Бұл орайда ең алдымен үлкен міндеттің ақын атамыздың мұражайында қызмет атқаратын азаматтарға, содан кейінгі жерде Жамбыл жырау мен оның ізін басқан ақындар шоғырын зерттеп жүрген әдебиетшілерге жүктелетіні белгілі. Әдебиет зерттеушілері бұл орайдағы міндеттерін ойдағыдай атқарып шығады деп үміттенеміз.
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі