Этностардың бірлігі мен татулығы, табысты медиация кейстерін қалыптастыру және насихаттау мақсатындағы «Елдесу және татуласу» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномедиация кеңесінің отырысы өтті.
Жиынды ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Абитов басқосудың мақсат-міндетіне тоқталып, тәжірибе алмасу мақсатында Маңғыстау облысынан келген қонақтарды таныстырды. Облыс бойынша реестрда тіркелген 2 кәсіби, 17 қоғамдық медиатор жұмыс істейді. Медиаторлардың жұмысының нәтижесінде аудан тұрғындары тарапынан келіп түскен арыздардың 12-сі сотқа дейін шешіліп, екі тарап бір-бірімен келісімге келгенін айтқан басқарма басшысы этномедиация бағытын дамытуда атқарылған жұмыс нәтижесі туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Одан кейін сөз алған облыстық мәслихат төрағасы, ҚХА мүшесі Қуат Байғожаев биылғы 16 қазанда өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі отырысында айтылған тапсырмаларға сәйкес өзінің облыстық Ассамблея құрамына енгізілгенін атап өтті. Сондай-ақ Алматы облысының этномедиацияны дамытудағы осы уақытқа дейін жинақтаған тәжірибесін өзге өңірлермен бөліскеніне қуанышты екенін жасырмады.
– Қазіргі таңда Алматы облысының мәслихаттарында 228 депутат жұмыс атқарады. Оның ішінде орыс, ұйғыр, әзербайжан, кәріс, украин этностары бар. ҚР Парламенті Сенатының 2024 жылғы маусымдағы хатына сәйкес 2024-2025 жылдарға арналған облыстағы этномәдени бірлестіктер, қоғамдық құрылым өкілдерімен кездесу кестесі әзірленді. Облыстық мәслихат жанынан Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы құрылды. Оның құрамына 7 облыстық мәслихат депутаты енді, – деген мәслихат төрағасы Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномедиация кеңесімен атқаратын жұмысты жоғары бағалайтынын және алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Келесі кезекте Маңғыстау облысының мәслихат төрағасы, Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномедиация кеңесінің төрағасы Жаңбырбай Матаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясындағы баяндамасында этномедиация бағытындағы жұмыстарды жүйелі атқарған Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының тәжірибесін өңірлерде кеңінен тарату туралы тапсырмасына сәйкес келіп отырғандарын тілге тиек етті. Ақтау қаласының салынуы мен Маңғыстау облысының ашылуына Д. Қонаевтың себепкер болғанын айтқан мейман екі облысты заңғар тұлғаның байланыстырып тұрғанына көпшіліктің назарын аударды.
Әрі қарай жалғасқан жиында сөз кезегі облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Гүлнар Жошыбаеваға берілді.
– «Елдесу және татуласу» жобасы – қоғамдағы татулық пен келісімді сақтап, нығайтуға арналған үлкен қадам. Аналар кеңесі әрқашан қоғамдағы бейбітшілік пен келісімнің сақталуына бар күшін салады. Этномедиацияның арқасында біз жанжалдардың алдын алып, түрлі этнос өкілдері арасындағы қатынастарды нығайтып, бейбітшілік пен ынтымақтастықты сақтауға үлес қосамыз. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңестерінің жалпы мүшелерінің саны 1081 адамды құрайды. Биыл барлық деңгейдегі аналар кеңесі 10520 адамды қамтыған 250 шара ұйымдастырды. Аналар кеңесі этномедиация үдерісінде белсенді түрде қатысу арқылы жастарды бір-бірін сыйлауға, әртүрлі мәдениеттерді құрметтеуге үйретеді, келісім мен татулықты сақтауға атсалысады, – деген Гүлнар Сағатқызы облыс көлемінде этномедиация бағытында жүзеге асырылған жұмыстар жайын сөзіне арқау етті. Сонымен қатар Маңғыстау облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Аманкүл Әбдіғалиқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Достлуг» әзербайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, этномедиатор Таги Зираддин оглы екі облыстың айырмашылығын сөз етіп, этномедиацияны дамытудағы тәжірибелерімен таныстырып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Алқалы жиынға қатысып отырған Ұйғыр аудандық аналар кеңесінің төрағасы, кәсіби медиатор Гулжахан Аликеева сөз алып, 2011 жылдан бері заң талаптарына сәйкес медиация қызметі жүзеге асырылып келе жатқанын айтып, облыс көлемінде «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында Ассамблея құрылымдарын тарта отырып, қоғамдық медиаторлардың қызметі жайлы сөз қозғады. Сонымен бірге Алатау қалалық мәслихатының төрағасы Роза Абилова мен Іле ауданы Өтеген батыр ауылының ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғамдық медиатор Мақсат Сейдалиұлы этномедиация жайындағы ойларымен бөлісті.
Кеңес отырысын қорытындылаған Ерік Абитов Алматы облысының этномедиация саласындағы үздік тәжірибелерімен бөлісуге әрқашан дайын екенін, басқосу барысында айтылған ұсыныстар мен кеңестердің этносаралық қатынастар бағытындағы жұмыстарға пайдасы тиетінін айтты.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ