Нарынқолдағы Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйі жанынан 2020 жылы өнер қайраткері Асқар Наймантаевтың тікелей қолға алуымен «Хан Тәңірі» деген атпен халық театры ашылған болатын. Содан бергі төрт жыл уақыт ішінде өнер ошағында драмалық жанрдағы біршама шығарма сахналанып, өркенді өнер өрге жүзіп үлгерді. Облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Бұрынғы Нарынқол аудандық халық театры өткен ғасырдың 60-90 жылдары жұмыс істеп, көрерменін өнермен сусындатуда өз міндетін мінсіз атқарған. Театр әртістері 1963 жылы Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын» мен Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» драмасын республикалық деңгейде сахналап, «халықтық» деген құрметті атақты жеңіп алған. Мұнымен шектелмей, 1970 жылы Мәскеудегі бүкілодақтық байқауға қатысып, лауреат атанған. Әрине, мұндай жоғары дәрежеге жетуіне өнер ошағының ең алғашқы режиссері Мақай Нұрқасов бастаған жергілікті өнерпаздардың ізденістері мен шеберліктері арқау болғаны ақиқат. Еркін Ібітанов, Тұрсынбек Тілемісов, Жазушы Нұрғалиев, Тұрақан Сыдықова, Алтынкүл Ысқақова, Майдан Әлімбаев, Клара Қалиева, Нұрлыбек Жылқайдаров сияқты тума таланттар өнер ошағының маздауына негіз қалаған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Алдаберген Нұрбеков, Жанұзақ Құрманшиевтер режиссерлік еткен тұста да абырой биігінен түскен жоқ. Халық театры 1978 жылы «Крупская» атындағы ұжымшардың қарамағына өтіп, жұмысын Қайнардағы қазіргі Мәдениет үйінде жалғастырды. Талантты режиссер Әбдіғалым Наймантаев басқарған шақта Рәпия Райжанова, Екен Әбділдаев, Бақытжан Атагелдиев, Несіпқан Бектемірова, Света Базарбаева, Амангелді Төлебаев, Еркін Әбдіқалов секілді арнайы маманданған өнер иелері драмалық шығармаларды сахналап, киелі өнерді бұрынғыдан да асқақтатқанын аудан тұрғындары ұмыта қоймағаны анық. Амал не, 90-жылдардан басталған қиын кезеңдер халық театрының аяғына да тұсау салып, ғұмырын қысқартты. Содан бергі отыз жылда театр ауданда жұмыс істеген жоқ.
Бұған дейін Нарынқол ауылдық Мәдениет үйінің өнерпаздары сахнада ән салып, би билеп, көрермен көңілін демдеумен ғана шектелетін еді. Аудан үшін бұл өнердің жеткіліксіздігі ендігі жерде анық байқалды. Мәдениет саласының өрісін кеңейту үшін театр ашудың қажеттілігі туындады. Өзінің туып-өскен мекеніне өнер сапарымен жиі келетін Асқар Наймантаев бұл іске білек сыбана кірісіп, халық театрының қайтадан шаңырақ көтеруіне мұрындық болды. Театрдың алғашқы тұсаукесері М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахналаумен ашылды. Бұдан кейін Бейімбет Майлиннің «Неке қияр» пьесасын көрерменге ұсынды. Өнер ұжымы облыстық халық театрлары фестиваліне қатысып, шеберліктерін сынға салды. Қорытындысында жүзден жүйрік шығып, лауреат атанды.
2020 жыл бүкіл дүниежүзі үшін қауіпті індетке қарсы күрестің қайнаған кезі болғаны жұрттың есінде. Шараның бәрі жабық күйінде жүзеге асырылып жатты. Осы кезде «Хан Тәңірі» театры спектакльдерін онлайн түрде көрерменге тарту етті. Германияның Франкфурт-На-Майне қаласында өткен халықаралық онлайн фестивальде бірінші орынды жеңіп алды. Осы жетістіктердің басы-қасында өнер десе ішкен асын жерге қоятын Асқар Наймантаевтың өзі жүргенін ыстық ықыласпен айтуға тиіспіз. Өкініштісі сол, өнердің отын маздатамын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимеген асыл азамат өткен жылы өмірден озды.
Театрда бүгінде екі штат қана бар. Қаралмаған басқа штаттың жұмысын Мәдениет үйінің өнерпаздары ақысыз-пұлсыз атқаруда. Сонымен қатар сахнаны безендіретін декорация, әр қойылымдағы рөлдерге арналған киімдер жоқтың қасы. Қандай да пьесаны сахнаға шығаратын сәтте Алматыдағы театрлардан жаңағы аталған дүниелерді уақытша сұрап алып жүрген жайы бар. Қаражат тапшылығы да өзіндік қиындығын алға тартып отырғаны жасырын емес.
– Материалдық базамен, толыққанды штатпен қамтылуы үшін театр «халықтық» деген атауға ие болуы қажет. Бұл мәселе театрдың құрылған уақытына 5 жыл толған соң барып қана шешімін табады. Демек, халық театры атағына ие болатын күн де алыс емес. Қазір сол мәртебелі атақты қорғау үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Мына бір жайтты айтпай кетуге болмас. Театрдың ашылғанына ризашылығын білдіріп, көрімдігі ретінде осы өңірден шыққан меценат Серік Сұлтанғалиев ағамыз «Газель» автокөлігін сыйға тартты, – дейді Мәдениет үйінің директоры Медет Байжұма.
Театр дегеніміз өмірдің шынайы бет-бейнесі арқылы қалың қауымның рухани жандүниесін байытатын асқақ өнердің ордасы саналатыны анық. Сондықтан өнер ошағы өзінің отын маздадатын арнайы мамандармен қамтылуы тиіс екені айтпаса да түсінікті. Мәселен, театр режиссері Ербақ Құрметжан Түркістандағы Өнер университетін бітірсе, театр әртісі Ақбота Думанның тәжірибесі де осы мамандыққа сай. Ал берілмеген штаттың жұмысын атқарып жүрген Мәдениет үйінің өнерпаздары театр сахнасына арнайы маманданбаса да, драмалық жанрға бірте-бірте төселіп, қазіргі таңда талап деңгейінен көрінуде. Сахнада ән салып, би билеу өзіндік ерекшелігімен дараланатыны белгілі. Ал образға кіріп, кейіпкердің бет-бейнесін, болмыс-бітімін сомдау оңай шаруа емес. Бұл орайда, өнер иелеріне артылатын жауапкершілік жүгі де жеңілге түспейтіні анық. Дегенмен, мәдениет қызметкерлері драмалық шығармаларды меңгеруде ұдайы ізденіспен еңбек етіп, ұлық өнердің қыр-сырына төселіп келеді. Еркін Рақымжанов, Нұрмұханбет Сатымбаев, Мұрат Шорман, Айбек Уәлихан, Алмас Жұмаділов, Абзал Нұрақын, Нартай Шымырбаев, Алтынай Сапар, Жанат Нұрлин, тағы басқа да өнерпаздардың образ сомдаудағы шеберліктері театрдың қанатын кеңге жаюына деген сенімді нығайтып келе жатқанын айрықша айтуға болады.
Биыл қыркүйек айында қазақ балалар әдебиетінің бәйтерегі, жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойының аудандық Мәдениет үйіндегі шымылдығы жазушы шығармаларынан театрландырылған қойылыммен ашылды. Бекжан Тұрыс, Бауыржан Қаптағаев, Ерлан Біләл, Еркебұлан Дайыров сияқты республикаға танымал сахна саңлақтары «Менің атым Қожа», «Қайдасың, Гауһар?!», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат» сияқты шығармаларын көрермен назарына ұсынды. «Хан Тәңірі» театры да бұл шарадан тыс қалмай, мерейтойға тарту ретінде Б.Соқпақбаевтың «Бозтөбеде бір қыз бар» атты үш актілі, бес суретті комедиясын дайындаған еді. Жақын күндерде сол спектакльді сахна төрінен тамашалайтынына өнерсүйер жұрттың сенімдері нық.
Жұмабек Тұрдиев
Райымбек ауданы