Перейти к содержимому
Главная страница » Ұрпақ сабақтастығы жалғасады

Ұрпақ сабақтастығы жалғасады

       Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында облыстық мәслихаттың төрағасы Қуат Байғожаев пен мемлекет­­тік емес ұйымдар, түрлі эт­нос бірлестіктері өкілде­рінің қатысуымен «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» қо­ғамдық жобасын жүзеге асыру жөнінде дөңгелек үстел отырысы өтті.

Басқосуды облыстық ішкі саясат бас­қармасының жанындағы «Қоғам­дық келісім және даму» орталығының басшысы Елбосын Абай ашып, жүр­гізіп отырды. Ол сөзінің басында Алматы облысында 105 этнос өкілі, ал Қарасай ауданында 35 ұлт пен ұлыстың тұратынын айтты. Өңірде түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті өмір сүруі үшін ауқымды шаралар атқарылуда. «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасы – осы бағытта қолға алынған ірі жобалардың бірі.
Келесі кезекте сөз алған Қуат Сұлтанұлы аталған жоба жайында баяндады. Жоба Парламент пен барлық деңгейдегі мәслихат депу­тат­тарының, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасауына негізделген. Ол арқылы болуы мүмкін этно­саралық қақтығыстарды анықтап, түсінбеу­шіліктердің алдын алып, қоғамды толғандырған мәселелерді шешіп отыру көзделген. Ұрпақ сабақтастығына да ерекше көңіл бөлінбек.
– Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталық органдармен қатар жергілікті билік өкілдері де өзара бірлесе іс-қимыл жасауы керектігі жайлы ескертіп өтті. Міне, сондықтан бұл мәселеде «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасы өте маңызды рөл атқарады. Осы жоба аясында біз Ассамблея мен атқарушы билікке қатысты кезек күттірмейтін мәселе­лерді анықтап, мәслихаттар мен этномәдени орталықтар жұмысын үйлестіруге мүмкіндік аламыз, – деді облыстық мәслихат төрағасы. Сонымен қатар ол мемлекеттік билік пен Қазақстан халқы Ассамблеясы тұрғындардың бірлігі мен татулығын қамтамасыз ету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын, біздегі бірегей институтты өзге елдер де зерттеп, өздерінде пайдалануға мүдделі болып отырғанын жеткізді.
Дөңгелек үстел отырысында ел қадірлейтін ақсақалдар да өз ойларын ортаға салды. Солардың қатарында аудандық аналар алқасының төрағасы Ақылия Бекбаева, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов та бар. Сонымен қатар этномәдени орталықтардың жетекшілері өз тәжірибелерімен бөлісіп, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы әңгімеледі.
«Ахыска» түрік этномәдени орталығы Қарасай аудандық бөлімінің жетекшісі, заңгер Илимдар Камилов Жаңа Қазақстан еңбекқор, әділетті, тату қоғам құруды меңзейтінін тілге тиек етті. Себебі ұлтаралық келі­сім мен қоғамдық бірлік еліміздің басты құндылықтарының бірі болып саналады.
Өз бірлестіктерінде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы ұйғыр этномәдени орталығының жетекшісі, кәсіпкер Айшам Нурузова, «Ахыска» халықаралық бірлестігінің өкілі, ком­позитор, дирижер Сабир Гусейнов, Қаскелең гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті, «Ассамблея жастары» бірлестігінің жетекшісі Ясми Мчедлидзе де жан-жақты әңгімелеп берді.
Басқосу барысында сөйлегендердің барлығы еліміздегі ең басты құнды­лық – достық, татулық, бейбітшілікті мақтаныш ететіндіктерін айтты. Жиын­ды қорытындылаған Қуат Сұлтанұлы мұндай шараларға жас­тарды көбірек тарту қажеттігіне тоқталды. Бұл елі­міздің болашағы саналатын қыз-жігіттердің бір-бірін терең түсініп, бейбітшілік пен келісімді бағалауына мүмкіндік бермек. Ал «Ассамблея. Парламент. Мәслихат» жобасы аталған шараларды жүзеге асыруға негіз болмақ.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы