Қос қала
Баршаға мәлім, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың 6 пайыздық өсімін қамтамасыз ету бойынша өңірлерге ауқымды міндет жүктеген болатын. Осы орайда облыс әкімі өзі жетекшілік ететін аймақтың он бір айлық қорытындысын жария етіп, баяндамасының әлқиссасын ел назары ауып отырған Қонаев және Алатау қалаларының даму жоспарынан бастады. Мемлекет басшысы жүктеген міндетті орындау аясында барлық салада оң динамика сақталғанын алға тартқан Марат Елеусізұлы республика көлемінде Алматы облысы өнеркәсіп, сауда, көлік қызметінен үздіктердің қатарында тұрғанын жеткізді. Бұл ретте биыл Алматы облысына 22,5 пайыздық өсіммен 778 млрд теңгенің инвестициясы тартылғанын айтсақ та жеткілікті. Қос қаланың дамуы туралы облыс әкімі: «Соңғы үш жылда Қонаев қаласының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Мәселен, 48 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры ауыстырылып, сыртқы беттері жөнделді. 61 шақырым инженерлік-жол инфрақұрылымы жаңартылып, 41 аула, қоғамдық бақтар мен спорт алаңдары абаттандырылды. Жалпы алаңы 133 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның айтарлықтай көлемін жеке құрылыс компаниялары жүзеге асырып, қаланың тартымдылығын арттыратын заманауи кешендер бой көтерді. 900 орынды мектептің құрылысы аяқталды. Орталық саябақ пен Қапшағай көлінің жағажайы жаңғыртылып, өткізілген ірі халықаралық шаралардың арқасында туристер саны 6,5 пайызға дейін өсті», – деді.
Расында да, Қонаев қаласы облыс мәртебесін алғалы бері қарқынды даму үстінде. Мәселен, қала бюджеті бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір төрт есеге өскен. Тартылған инвестиция көлемі де арта түскен. Инвесторлар есебінен жаңа жұмыс орындары құрылып, балық, алма өңдейтін, шырын шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Айта кету керек, Қонаев қаласын облыс орталығы ретінде дамыту тек өңірдің еншісіндегі дүние емес, Үкімет қаулысымен бекітілген кешенді жоспар аясында жүзеге асуда. Үкімет шеңберінде қазір 187 жоба бекітілген. Оның ішінде 124 нысанның құжаттары әзірленіп, келер 2025 жылдың басынан құрылыс жұмыстары басталмақ. Осылай ойын өрбіткен Марат Елеусізұлы биыл жыл басында құрылған Алатау қаласының Бас жоспары жайлы да әңгімеледі.
– Қала аумағында құрылған Арнайы экономикалық аймақ көлемі жағынан әлемде алғашқы үштіктің қатарында кіретін Орталық Азиядағы ең ірі аймақ екенін атап өту керек. Алатауды заманауи қала ретінде дамыту үшін біз Сингапур мен Қытай елдерінен кеңесшілерді тарта отырып, халықаралық тәжірибеге сүйеніп, жоба жасап жатырмыз. Бұл елдер қала құрылысы, инфрақұрылым, көлік жүйесі және «ақылды» технологиялар арқылы қаланы басқару саласындағы жетістіктерімен танымал. Облыс орталығы мен Алатау қаласын кешенді дамыту Алматы агломерациясының көптеген мәселесін шешіп, әлеуетін ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Жалпы, агломерацияны дамыту үшін Алматы қаласы мен облыс әкімдіктері арасында кеңес құрылып, 2024-2028 жылдарға арналған арнайы жоспар күшіне енді, – деді облыс әкімі.
Мол мүмкіндік
Баяндамада айтылғандай, келесі тақырып айналма жолдың мүмкіндіктеріне арналды. Үлкен Алматы айналма жолының көмегімен облыс үшін жаңа даму көздері құрылған. Әлемге танымал бес халықаралық компания облысқа инвестиция салуды бастап отыр. Олардың ішінде, америкалық «Pepsiсo» компаниясының «Lay’s» чипсілерін өндіру, Ресей мен Оңтүстік Кореяның логистикалық кешен, қойма салу, темекі зауыты сияқты ауқымды жобалары бар. Бұдан бөлек, отандық компаниялар да белсенділік танытып отыр. Осылайша, Алматы облысында бой көтеретін бірегей кәсіпорындардың әлеуетін сөз еткен аймақ басшысы құрылыс материалдарын өндіруде де, кен орындарын игеруде де көш басында тұрғанымызды айтты. Сыртқа өнім шығаруда да Алматы облысы алда. Мәселен, әлемнің 60-қа жуық мемлекетіне облыс өнімдері жөнелтіледі. Биыл «Baoxin Metall», «Datang», «Dayu Irrigation» сияқты көршілес елдің компанияларымен металлургия, инфрақұрылым, ирригация салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы келісімдерге қол қойылған. Облыс өкілдері «Орталық Азия – Қытай» ынтымақтастық форумына қатысып, өңірдегі жасыл даму мен тұрақты инфрақұрылым үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан.
Ары қарайғы сөзін индустриялық аймақтармен сабақтаған Марат Елеусізұлы еңбек ресурстарын үйлестіру, жаңа жұмыс орындарын құру, экспортты одан әрі өркендету, инвестиция көлемін арттыру істерінде бұл қадам таптырмас мол мүмкіндік екенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда бірнеше компания жобасы толық аяқталған индустриялық аймақтарда жұмысын жемісті жалғастырып жатыр. Сондай-ақ, Алматы облысы аграрлық секторда да ресупбликада алғашқы бестікке кіреді. Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарынан кейін біздің өңір алғы шепте тұр. «Ет, көкөніс пен жеміс-жидек, картоп, жүгері, соя және күріш өндіруден республикада жетекші орындардың бірін алып отырмыз. Бүгінгі таңда су үнемдеу технологияларын қолдану көлемі 23 мың гектарға ұлғайды», – деген облыс басшысы өз кезегінде суару желілердің тозғанын да жасырмады. Облыста желілердің 60-70 пайызға дейін ескіруі су шығының көбейтіп жіберген. Осы түйінді мәселені шешу үшін соңғы үш жылда он миллиардтан аса қаражат бөлінген. Нәтижесінде, біршама шақырым желі жаңғыртылып, су шығыны азайған.
Жер – халық байлығы
«Ауыл шаруашылығы саласындағы тағы бір маңызды бағыт – пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтарып, айналымға қосу. Бүгінде анықталған 399 мың гектардың 86 мыңы қайтарылды. Бұл – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің белгілеген жоспарының 123 пайызы, – деген облыс әкімі мал шаруашылығында атқарылып жатқан игі істер жайлы да баяндады. Соның ішінде үлкен жобалардың бірі – қуаттылығы жылына 3 мың тоннаға жететін, құны 2 млрд теңге болатын «КегенМясПром» ет комбинатының құрылысы. Бұл кәсіпорын толық іске қосылғанда етті өңдеу деңгейін 63,3 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы, жыл басынан бері бұл салада 8 нысан іске қосылып, 130 жаңа жұмыс орны құрылған. Осылай деген облыс басшысы ауыл тұрғындарына арналған мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын, шағын және орта бизнес үлесін, кәсіпкерлік және олардан түсетін салық мөлшерлерін де атап көрсетті.
– Алматы облысы үшін тағы бір орны ерекше бағыт – туризм. Біз шетелден келетін туристік ағын бойынша Алматы және Астана сияқты ірі қалалардан кейін 3-орында тұрмыз. Соңғы екі жылда келушілер саны екі есеге өсті. Оның ішінде, 128 мың турист – шетелдік қонақтар, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 12 есе артық. Сонымен қатар, Қазақстан туризмінің Қытай Халық Республикасындағы жылының аясында шығыстағы көршімізден келген туристер ағыны 1,5 есеге жуық өсті. Туристер ағынын ұлғайтуға ықпал ететін жергілікті және шетелдік қонақтарға бағытталған «Tengri ultra» Ұлы дала марафоны, Іле-Балқаш регатасы, «Қымызмұрындық», «TAKLIMAKAN RALLY – 2024», «Race Nation Kazakhstan – 2024» сияқты ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Биыл жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын бірқатар нысандар іске қосылды. Олардың ішінде саумал терапиясына баса назар аударылатын таулы шатқалдардағы сауықтыру кешендері бар. Бұған қоса, шатқалда инвестиция құны 1,5 млрд теңге болатын демалыс орнын салу, 58 млрд теңгеге «Ой-Қарағай» курортын кеңейту сияқты ауқымды бастамалар бар. Қонаев қаласында аквапарк салу жоспарлануда. Мұндай жобалар аймақтың туристік тартымдылығын арттыруға, мәдени және іскерлік әріптестікті кеңейтуге ықпал етеді, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Баспана бақыты
Облыс әкімінің айтуынша, тұрғындардан түсетін өтініштердің басым бөлігі тұрғын үйге, жолға және аулаларды абаттандыруға қатысты болады. Талдау нәтижесі солай көрсеткен. Баспана жайына тоқталсақ, өңірде тұрғын үй кезегіне тұрғандар саны күн санап өсуде. Бүгінде облыста үй кезегіне жазылғандар саны 40 мыңнан асып жығылған. Олардың ішінде әлеуметтік осал топтағы азаматтар саны 30 мыңның төңірегінде. Ал 35 жасқа дейінгі азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін «Алатау жастары» өңірлік бағдарламасының мүмкіндігі мол. Оның аясында өткен жылдан бастап 84 жас отбасы жеке тұрғын үй сатып алу үшін жеңілдікпен несие алған.
Баспасөз мәжілісінде облыс тұрғындарын газбен, таза ауызсумен қамту, инженерлік желілер тарту, халықты әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлікке оқыту, жұмыссыздықты жою, көші-қон, демография, әкім грантын тағайындау мәселелері де сөз болды. Қонаев тұрғындарын қуантатын тағы бір жаңалық – қалада кәріз тазарту нысанын салу бойынша шарт жасалғаны. Әкім бұл нысанға 20 млрд теңгеден астам қаражат қаралғанын айтты. «Облыста демографиялық және көші-қон өсімімен бірге білім беру қызметтеріне де сұраныс артып келеді. Мысалы, биылғы оқу жылында 14,2 мың түлек мектеп бітірсе, бірінші сыныпқа 37,6 мың оқушы қабылданды. Сондықтан үшауысымды оқыту мәселесі өзекті болып отыр. Облыста осындай 37 мектеп бар. Бұл мәселені шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 26 мектептің құрылысы жүруде. Жыл басынан бері облыста 9 мектеп, оның ішінде Б.Өтемұратов қоры есебінен екі білім ордасы, Еңбекшіқазақ ауданында 1,5 мың орынды «ALTYN ADAM» жеке инновациялық мектептері ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 мектепті қолданысқа беру жоспарлануда. Жалпы, соңғы үш жылда білім беру саласына қомақты қаржы бағытталды», – деді аймақ басшысы. Ары қарайғы сөзінде Марат Сұлтанғазиев білім берумен қатар сапалы медициналық көмек көрсету де негізгі басымдық екенін айтып, өңірде бүгінде елуге жуық медициналық нысан салынып жатқанын жеткізді.
Мәдениет мәйегі
Әкім баяндамасының келесі бөлігі мәдениет пен спорт тақырыбына арналды. Бұл жерде бірінші кезекте айтарымыз, әрине, қазақ әдебиетінің классигі, белгілі қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық тойының туған жерінде аталып өтуі. Мерейтой қорытындысы Париж төрінде ЮНЕСКО деңгейінде ұйымдастырылды. Туған ауылы Нарынқолда жазушыға ескерткіш орнатылып, орталық саябаққа есімі берілді. Сондай-ақ, шығармалары шет тілдеріне аударылды. Тағы бір басымдық беріп айтар дүние – зағип балаларға арналған, Брайль шрифтімен басылған, қазақ тіліндегі «Айналайын» кітабының жарық көруі. Кітаптың жарық көруіне белгілі ақын Мақпал Мыса мұрындық болды. Бұл жинақ балалардың дамуына тең мүмкіндіктер беріп, толыққанды өмір сүруіне ықпал етеді. Ал спортты дамыту мақсатында Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру және спорт кешендері және Іледе облыстық дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері ашылды. Бірнеше өңірде Мәдениет үйлері жаңғыртылды.
Облыс әкімі баспасөз мәжілісінде ел намысын қорғаған спортшыларды мақтанышпен атап өтті. «Әлемдік ареналарда шеберліктің жоғары деңгейін көрсете отырып, соңғы үш жылда 22 спортшы алтын медаль иегері атанды. Биылғы Олимпиада ойындарында балуанымыз Демеу Жадыраев күміс медальді жеңіп алды, – деді Марат Елеусізұлы. – Ал «Ирбис-Алатау» командасы баскетболдан ерлер командасы арасындағы Қазақстан Республикасының 32-чемпионатында 1-орынды, «ALATAU» жастар командасы еліміздің құрама командалары арасында ҚР жастар чемпионатында 3-орынды, ҚР күзгі чемпионатында 2-орынды иеленді. Спорт сүйер қауым үшін Қонаев қаласында 26 мамырда «Qazaq Marathon» командасы ұйымдастырған жарысқа 1500 адам қатысты. Сондай-ақ, облыста үшінші жыл қатарынан «Oceanman Kazakhstan» танымал халықаралық ашық суда жүзу жарысы өтуде. Мұндай жарыстар бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, халықтың салауатты өмір салтын ұстануында маңызды рөл атқаратыны сөзсіз».
Бейне бақылауда
Аймақ басшысы баяндаманың соңғы бөлігінде полиция қызметкерлері мен төтенше жағдай саласының жұмысына тоқталды. Әкімнің айтуынша, өңірде полиция жұмысын күшейту мақсатында қаржыландыру екі есеге дейін өскен. Материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен нығайтылып келеді. Мысалы, биыл отыздан астам қызметтік автокөлік пен арнайы құралдар сатып алынған. Өткен жылы ғана тұрғын үймен біріктірілген полицияның 12 учаскелік пункті пайдалануға берілген. Полиция органдарындағы кадр тапшылығы 600-ден 200-ге дейін қысқартылған. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде облыста 9100 бейнекамера, 325 «Сергек» зияткерлік кешені, 10 мобильді кешен және 10 жедел басқару орталықтарын орнату бойынша жоба іске асырылуда. Қабылданған шаралардың арқасында полиция департаменті салған әкімшілік айыппұлдар өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге өсіп, 9,2 млрд теңгені құрады. Алайда жалпы қылмыстар саны өңірде артқан, ауыр қылмыстар 8,8 пайызға азайды. Кәмелетке толмағандар арасында 10 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, олардың жолы кесілді. Нәтижесінде, қылмыстардың 11,5 пайызға төмендеуі байқалды», – деді облыс әкімі. Төтенше жағдай бойынша да жұмыс күшейтіліп, өрт қауіпсіздігі, су тасқыны, өңірдегі басқа да оқыс оқиғаларды болдырмау шаралары қатаң бақылауға алынғандығы айтылды.
Сұрақ – сізден, жауап – бізден
Облыс әкімінің баяндамасы аяқталғаннан кейін телеарна мен газет-сайттардан онлайн және оффлайн түрде барлығы 30 шақты журналист сауал жолдады. Әр тілшіге екі-үш сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Алматы облысы ел көлемінде тұрғындары тығыз орналасқан, өндірісі өркендеген маңызды аймақ саналады әрі географиялық аумағында ең ірі мегаполис жатқандықтан, бұл өңірдің дамуы тек отандық инвесторларды ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығын тудырады. Осы ретте облыстың экономикалық дамуына, әлеуметтік, мәдени-рухани бағытына қатысты 50-ге жуық сұрақ қойылды. Сұрақтардың ішінде ең өзектісі әрі көп қайталанғаны Талғар ауданы, оның ішінде, әлі де тергеу жұмыстары жүріп жатқан Шерзат әулетіне, оның отбасы мүшелерінің жауапқа тартылуына, үйі отқа оранып, қиын жағдайда қалған шаңыраққа жан-жақты қолдау көрсету шараларына байланысты болды. Облыс әкімі Талғардағы ауыр қылмыстық оқиғаға қатысты қойылған сауалдарға: «Алдымен, Шерзаттың отбасына қайғырып көңіл айтамыз. Отбасына ауылдан, ауданнан, облыстан мемлекеттік құрылым өкілдері барды, жағдайды көрді. Тиісті көмектер көрсетілуде. Жалпы, бұл мәселе біздің назарымызда, құқық қорғау органдары өз жұмысын атқарып жатыр. Қазіргі таңда бұл іс Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында. Бұл ретте сабыр сақтап, құқық қорғау органдарының берген бағасына сүйенуіміз керек. Қазір бұл іс бойынша ашықтық толық қамтамасыз етілген. Ресми дереккөздерде, құқық қорғау органдарының парақшаларында барлық материал жарияланып отыр», – деп жауап берді.
Баспасөз мәжілісінде Шерзат отбасын баспанамен қамту, әулетіндегі кейбір отбасы мүшелерінің жауапқа тартылуы, депортация мәселесі, Талғар ауданында қылмыстық топтардың бар-жоғы, өңірдің бүгінгі ахуалы туралы да сөз болды. Бұл мәселелер бойынша облыс әкімі: «Талғар ауданында жағдай тұрақты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жаман емес. Облыста ғана емес, еліміз бойынша Талғар өңірінің әлеуеті жоғары. Тұрғындар саны 250 мыңнан асады. Жалпы, облыс бойынша қылмыс көрсеткіші азайып келеді. Депортация ісі, қылмыстың сипаты, құқықтық бағасы туралы тиісті жауапты органдар ақпарат ұсынуда. Ашықтық бар. Бұл бойынша желіде іске қатысы жоқ кез келген азамат өз пікір-ұстанымын жариялап жатыр. Әрине, бұл хабары жоқ басқа да азаматтардың шынайы ақпарат алуына кедергісін тигізеді. Бауыржан Момышұлы атамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей, тәртіпке бағынып, құқық органдарына жүгінуіміз керек», – деді. Ал баспанамен қамту жайлы сұраққа облыс әкімі тағы да арнайы тоқталып, көмек көрсетілетінін, демеушілер де бұл орайда қолдау жасауға дайын екенін, қазіргі таңда құжаттары реттеліп жатқанын жеткізді.
Брифингте мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт перзенті Заманбек Нұрқаділовтің ескерткішіне, Алатау және Қонаев қалаларының болашақтағы даму жоспарына, Ұзынағаш және Өтеген батыр елдімекендеріне қала статусын беру, үшауысымды мектептерді жою, Алматы мен облыс аудандарын жалғайтын автобустар бағытын жандандыру, мемлекеттік қызмет талабы, бағынышты лауазым иелерінің қызметке сәйкестігі, жалақы, ономастика, жасыл энергетика, «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне жағдай жасау, өңірде жоғары оқу орындарын ашу, атом электр стансасы, казино, салық, жастар ісі, сумен қамту, көшелерді жарықтандыру, өңірдегі санитарлық талаптар, Сібір жарасының алдын алу мәселелеріне, сондай-ақ әйгілі «Lays» чипсілеріне қандай картоп қолданылатыны жөнінде көптеген сұрақ қойылды. Облыс басшысы барлық сұрақ пен ұсыныстарға толымды жауап беріп, кейбір қозғалған тақырыптарға байланысты қосымша жазбаша мәлімет жолдайтынын айтты.
Қуаныш ТҰНҒАТАР,
Астана қаласы