Перейти к содержимому
Главная страница » Жол азабын жүрген білер

Жол азабын жүрген білер

     Кеген мен Нарынқол арасын­дағы 89 шақырым­дық жолдың сын кө­тер­мейтін күйге түскеніне бірнеше жылдың жүзі бол­ған. Жергілікті тұрғын­дардың жанайқайы жауап­тылардың құлағына жет­ті ме, былтыр қажет­ті қаржы бөлініп, жолға асфальт төселе бастады. Бірақ, әттеген-айы, биыл жол жөндеу жұмысы әлі басталмай тұр.

Кеген мен Тасашы ауылының арасындағы республикалық маңызы бар жол күннен-күнге тозып барады. «Марусия» асуындағы жол тіптен қауіпті. Әнеукүні көз алдымызда осы асуда жолдың нашарлығынан қарама-қарсы бағытта келе жатқан автокөліктер бір-бірімен соқтығысты, абырой болғанда, адам шығыны болмады. Себеп – жолдың нашарлығы.
Байыптап қарасақ, республикалық маңызы бар «Кеген – Нарынқол» автожолына күрделі жөндеу жүргізіл­мегеніне жарты ғасырдай уақыт болыпты. Жергілікті тұрғындар осы жолды жүріп өту үшін сағаттап уақытын жоғалтады. Өйткені, ауыр жүк көліктері жолдың сапасын кетірген, ұңқыр-­шұңқыры көп, тозығы жеткен.
Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандары аумағын басып өтетін республикалық автожолдардың құрылысына былтыр қазынадан 34,5 млрд теңге бөлініпті. Аталған қаржы алдағы екі жылда толық игерілуге тиіс.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Алматы облыс­тық филиалының директоры Ғани Мырзаханов өзінің бір сұхбатында:
– Бұл жолдар 60-70-жылдары салынған. Сол кезден бері күрделі жөндеуден өтпеген, ылғи орташа жөндеумен келе жатыр. Бүгінде бұл жолдың кедір-бұдыры көп, соған орай халықтың наразылығы бар, – деген еді.
Аудан әкімдігінің ақпаратына сүйен­сек, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы арқылы Кеген ауданының автомобиль жолдарына, жалпы ұзындығы 93 км болатын 4 нысанға орташа жөндеу жұмысы (10,9 млрд теңге) мемлекеттік сатып алу порталына берілді. Атап айтсақ, «Көкпек – Кеген – Түп» 26-41 км аралығы, Жалағаш бұрылысынан Ақсайға дейін 15 км жол (1,8 млрд теңге), «Көкпек – Кеген – Түп» 68-88 км аралығы, Кегеннің кіреберісінен Қарқараға дейін 20 км жол (2 млрд теңге), «Кеген – Нарынқол» 0-37 км аралығы, Кегеннен Сарыжазға дейін 37 км жол (4,3 млрд теңге), «Жалағаш – Саты – Көлсай көлі» 3-24 км аралығы, Алғабас бұрылысына жетпей 21 км жолды (2,8 млрд теңге) жөндеу қарастырылған.
Дей тұрғанмен, «Жол азабын жүрген біледі», оған барша жұрттың алаңдайтыны анық. Жол мәселесі қашаннан өзекті. Сондықтан күтеріміз көп. Жыл сайын «жаңбырмен ағып кететін», «желмен ұшып кететін» жолдың жыры ойдағыдай аяқталатын шығар деген үміттеміз.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы