Әуелі ресми тарихқа бір шегі- ніс жасап алайық. «Желтоқсан» – қоғамдық-саяси ұйым. 1989 жыл- дың жазында құрылған. Ұйымның мақсаты 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысқандарды ақтау, көтеріліске әділ саяси баға беру болған.
1990 жылы 10 қаңтарда ұйым өкілдері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-хатшысы Н.Назарбаевтың қабылдауында болады. Осыдан соң «Желтоқсан» ұйымы ашық түрде жұмыс істей бастайды. 1990 жылы 29-30 маусым аралығында Қазақстанның 6 облысы мен Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан қо- ғамдық ұйымдарының 80 өкілі қатысқан съезде «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партия болып жарияланады. Сол жылғы күзден бастап «Желтоқсан» газеті шығарылады. 1991 жылғы 29 қаңтарда Алматыда «Желтоқсан» партия- сының 2-съезі өткен. 1992 жылы 27 қазанда «Желтоқсан» адам құқығы мен бостандығын қорғау комитеті болып қайта тіркеуден өтеді. 1994 жылы «Желтоқсан» комитеті жабылып, «Желтоқсан» саяси ұйым ретінде өз жұмысын тоқтатады. Иә, бұл – ресми ақпарат. Десек те, қазіргі таңда тәуелсіз Қазақ станда желтоқсаншылардың бір емес, 7 ұйымы бар (кейбір мәліметтер бойынша 10-нан асады) және олардың арасында бітіспес қарама-қайшылықтар тағы бар. Бір қарағанда, адам күлерліктей жағдай. Илегендері бір терінің пұшпағы, былай қарасаңыз. Бірақ әрқайсысы өздерін қаһарманбыз дейді.
Тағы бір шегініс жасап жіберейік. Үш күнге созылған көтерілістен кейін адамдарды мекемелерден, кәсіпорындардан, оқу орындарынан ұстау, қамау белең алды. Алғашқы соттар 87-жылдың қаңтар айының орта кезінен басталған еді. Белсенділердің жинаған арыз-шағымдары бойынша 21 томнан асатын материал жиналған. Желтоқсан көтерілісінен кейінгі жаппай қудалаулар мен қамауға алуларды көріп, өзінің ойын батыл айтып, жастарды жаза- лауға қарсылық білдірген халқымыздың айтулы тұлғалары шықты. 1989 жылдың мамыр айында белгілі киногер Қалдыбай Әбенов өзінің «Қазақфильмдегі» кабинетінде түрмеден келген бір топ желтоқсан- шылардың басын құрап, алғашқы «Желтоқсан» ұйымын астыртын түрде ашады. Алғашқы төрағасы Бақытбек Иманқожаев деген азамат болды. Өкінішке қарай, Желтоқсан көтерілісі әлі күнге саяси баға ала алмай келеді.
Осы тұста уақыт өте келе пайда болған мынадай аталымға назар аударуға мәжбүрміз. Кешегі Желтоқсан мен бүгінгі желтоқсаншылар. Желтоқсаншылар тек 1990 жылдардың басында ғана халық майданын құратынын мәлімдеді. Мұндай дербес ұлттық саяси күш құруға қажетті алғышарттар болған да сияқты. Қарап отырсақ, қазақ жастарының 1986 жылғы толқуынан кейін арада бір жарым жыл өтпей жатып, 1988-89 жылдары Кавказ және Балтық бойы республикаларында, Украина мен Молдовада, өзге одақтас республикаларда «Халық майданы» сияқты ұлттық немесе әсіреұлтшыл қозғалыстарпайда болып, олар көп ұзамай-ақ дербес ұлттық әрі қуатты саяси күшке айналды. Ал бізде бұл оқиғаның саяси мәртебесі әлі айқындалмай, бір өшіп, бір тұтанған шаладай, созбаққа салынып келеді.
Хасен Қожа-Ахмет ағамыздың естелігіне қарасақ, сотталып кетіп, бұйрық өзгеріп, бостандыққа шыққанға дейін ешқандай ұйым, қозғалыс болмаған екен. «Түрмеде қалған азаматтарды шығарамыз, ақиқатын ашамыз» деп, «Желтоқсан» атты адам құқығын қорғау комитетін өздері құруға тура келген. Сөйтіп отырғанда Үкімет жағы комиссияны құра қояды. Ол кезде түрмеде сегіз адам қалған. Ал желтоқ- саншы Аманғазы Кәріпжанов сонау 2009 жылы «Желтоқсан көтерілісі мен құрбандарының құқықтарын қорғау жолындамыз» деп жүрген жеті ұйымның үйлестіру кеңесін құрғандарын, бір- бір адамнан шығарып, оны бір жылға сайлайтын болып шешкендерін айтады. Қоғам қайраткері, марқұм Жасарал Қуанышәлі: «Бұрынғы Кеңес одағы ауқымында Желтоқсан оқиғасы Кеңес одағының ыдырауына түрткі болған оқиғалар қатарында аталмай қалады. Тбилиси аталады, Баку аталады, тағы басқа жағдайлар аталады да – ал біздікі аталмайды. Неге? Сол кедергі жасау күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр», – деп күйзеле айтып кеткен болатын. Кеңестік дәуірде-ақ диссидент атанған, белгілі желтоқсаншы Хасен Қожа-Ахмет:
«Қазір кім көрінген «желтоқсандық» болып кетті», – деп күйзелсе, «Біз де аз жапа шеккен жоқпыз, клоун болып біттік» деп республикалық «Желтоқсан-86» қозғалысының басшысы Гүлбаһрам Жүніс те, «Желтоқсан көтерілісі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлнәр Лепесбаева да, «Желтоқсан рухы» ұйымының белсендісі Талғат Рысқұлбеков те қосыла күңіренуде. Жалпы, осы мақаланы әзірлеу барысында іздегенімізде жоғарыда сөз болған 7 яки 10-нан астам желтоқсаншылар қозғалысы мен ұйымдарының толық тізімін таба алмадық. Алайда түрлі мақала, сұхбаттарда айтылып қалған жерлерінен теріп алғанымыз мынадай болып шықты. Әуелгі ресми түрдегі ұйым «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасы» деп аталса, одан кейін республикалық «Желтоқсан-86» қозғалысының басшысы Гүлбаһрам Жүністің ұйымының аты «Тәуелсіздік қырандары, халық қаһармандары» деген атпен де кезікті. Сондай- ақ «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі, Төлеген Әлжанның «Желтоқсан жаңғырығы» ұйымы, «Желтоқсан қарлығаштары», «Желтоқсан» республикалық халықтық-патриоттық қозғалысы, «Желтоқсан ақиқаты» патриоттық қозғалысы, «Тәуелсіздік 1986 желтоқсан» ұйымдары бар.
Қасиетті де қасіретті Желтоқсан көтерілісі, оның төңірегіндегі мәселелер, қатысып зардап шегіп, денесіне зақым келіп, психикасына ауыр соққы тигендерге сеп болып, құқықтарын қорғау жолында «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармаған соң» айтылған сөздің, келтірген уәждің салмағы қаңбақтай да әсер етпей, құзырлы органдарға өтпей, далаға маңып кеткен жаңғырықтай болатынын бұл қазақ қашан ұғар екен деп, орныңда қаққан қазықтай шаншыласың. Соншалықты ел алдына шығып, қызылды-жасылды сөзді көпіртіп, беттің арын шүперекке түйгенде көздегендері қалта томпайту, «Пілге де үріпті» деп көзге түсу сияқты қарақан бастарының қамы ғана ма? Сұрақ ауыр, жауап одан да зілмауыр.
Бейбіт МЕКЕЕВ