Жамбыл ауданында Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні аталып өтті. Саланың жылдық жұмысы сараланып, үздіктер марапатталды. Облыста ауыл шаруашылығы өнімін өндіру бойынша аудан көш бастап, мал саны жағынан алдыңғы орында тұрғанын айғақтайтын көрсеткіштер тарқатылды.
Шараға жиналғандар алдымен Мыңбаев ауылындағы Қилыбай Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының жанындағы асыл тұқымды қойлар көрмесін аралады. Мұнда етті-жүнді бағыттағы Еділбай, Гиссар, Сарыарқа қойлары көпшілікке таныстырылды. Сала жетекшілерінің айтуынша, ауданда асыл тұқымды қойдың үлесі жыл өткен сайын көбеюде. 1 миллион 200 мыңнан астам қой мен ешкінің 120 мыңы асыл тұқымды. Әсіресе, биязы жүнді меринос тұқымын өсіруге ден қойылып отыр. «Алуа Агро», «Мұрынбай» шаруа қожалықтарының иелері ет өнімдерін шетелге экспорттауды қолға ала бастады. Сондай-ақ көрмеге «Ажар», «Жеңіснұр», «Ақтайлақ», «Жетіқоңыр», «Құсайын», «Еспе», «Көкқайнар» сияқты шаруашылықтардың малдары әкелінген.
Бұдан кейін ауылдық Мәдениет үйінің кіреберісінде өңдеу өнеркәсібі тауарларының көрмесі тамашаланды. Онда ет пен сүттен, дәнді дақылдардан дайындалған азық-түліктер қойылды. Мәдениет үйінің көрермен залында ауыл шаруашылығының тыныс-тіршілігі туралы бейнебаян көрсетіліп, салтанатты жиында саланың жетістіктері мен даму бағыты сараланды. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Ақниет Тұматаев баяндама жасады. Жамбыл ауданы бүгінде облыста ауыл шаруашылығының көшбасшысы болып, ел экономикасына айтарлықтай үлес қосып отыр. Мал шаруашылығында ірі қараның – 19, қой мен ешкінің – 44, жылқының – 22, түйенің 23 пайызы осында. Жыл басынан бері 13,5 мың тонна ет, 29,6 мың тонна сүт, 99,6 миллион дана жұмыртқа өндіріліп, тұрақты өсім байқалды.
Егін шаруашылығында ауданның егістік алқаптары 104,6 мың гектарды құрап, облыстың өсімдік шаруашылығы өнімінің 36,6 пайызын өндіруге мүмкіндік беруде. Биыл 120 мың тонна астық, 33 мың тонна көкөніс, 5,7 мың тонна майлы дақыл жиналды. Сонымен қатар су үнемдеу технологиялары 7,7 мың гектар жерге енгізіліп, тиімділік артты. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында 429 млн теңгеге 33 жаңа техника сатып алынды. Шаруаларды қолдау мақсатында 19 мал бордақылау алаңы мен 6 тауарлы-сүт ферма жұмыс істеп тұр.
Жиында көпшілік алдында «Бақбол», «Алмас» шаруа қожалықтарының төрағалары Қуанышбек Нұрмұқан мен Марат Салпиев, «Жетісу Алматы» құс фабрикасының жоба жетекшісі Бауыржан Құдабаев бизнеске мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды айтты.
Сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтау сөзінде Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас ауыл шаруашылығы халықтың тұрмыс-тіршілігінің негізі, экономиканың тірегі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөйлеген сөзін еске салды. «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламаларының маңызына тоқталды. Иен далада бел шешпей еңбектенетін малшы, егінші, механизатордың еңбегі ерен. Фермерлердің тынымсыз тірлігінің арқасында отандық аграрлық сектор нық дамып келетінін жеткізді.
Салтанатты шарада еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне үлес қосып, ырысын арттырып, дастарқанды молшылыққа толтырып отырған еңбеккерлерге құрмет көрсетілді. Бірқатар азаматқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс, аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты табысталып, заттай сыйлықтар берілді.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы