Қандай да бір қызметте болсын, ең алдымен, ұлттық мүддені бірінші орынға қойған, адамдардың абыройын ойлаған азаматтардың еңбегін халық ұдайы айтып, әманда еске алып жүретіні анық. Қалауын тапса, кез келген тірлік өз деңгейінде атқарылады. Әлбетте, оған орасан зор талап, ынта-ықылас, қажыр-қайрат, ерік-жігер қажет. Бұл – өмір заңдылығы. Жұртшылық ішінде «Азат елін сүйген ұл – бақытты» деген сөз бар. Осы тұрғыдан алсақ, тәуелсіздік бастауында тұрған, еліміздің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Омархан Өксікбаевты бақытты азаматтардың қатарына жатқызуға болады. Өйткені, Омархан Нұртайұлы қандай қиын-қыстау заман болса да, қарақан басының қамынан гөрі елдің, халықтың мүддесін жоғары қоя білді. Осындай ардақты да парасатты, қайратты да қажырлы адамдар әрбір істе халқының жанынан табылса, ойға алған істеріміздің бәрі табысты түрде жүзеге асып, еліміздің мерейі үстем болатынына кәміл сенеміз.
Ел экономикасынан хабардар көзіқарақты қауым Омархан Өксікбаевтың есімін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған бақылаушы органның бірі де бірегейі – Есеп комитетімен тығыз байланыстырады. Онысы орынды да. Себебі, ол 1996 жылы Президент Жарлығымен құрылған республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі ретінде алғашқылардың бірі болып тағайындалған-тұғын. Ал 2003 жылы Мемлекет басшысы оған Есеп комитетінің төрағалығын сеніп тапсырғаннан кейін аса жоғары лауазымды аталмыш қызметін Омархан Нұртайұлы тоғыз жыл бойы тапжылмастан атқарып, алыс-жақын шетелдерге сұңғыла саяси қайраткер ретінде танылды.
Омархан Өксікбаевтың өмір жолын бағамдап қарасақ, оның мемлекеттік қызметтегі өсу жолын заңдылық деп ой түюге болады. Ол 1954 жылы 22 желтоқсанда Алматы облысының Балқаш ауданындағы Көктал ауылында зиялы отбасында дүниеге келген. Әкесі Нұртай агроном болған соң ата-әжесінің қолында өскен үлкен ұлының өз ізін басқанын қалайды. Алайда Омархан ойлана келе, құжаттарын жұрт «Нархоз» деп атап кеткен Халық шаруашылығы институтының қаржы-несие факультетіне тапсырады. Бір қызығы, ол аудан бойынша «Нархозға» түскен алғашқы студент болып шығыпты. Сөйтіп, алдына үлкен мақсат қоя білген жас жиырма бір жасында Алматы халық шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша үздік бітіреді. Институтты бітірген соң да ол сол алғырлығының арқасында алғашқы еңбек жолын мейлінше табысты бастап, Алматы облыстық қаржы басқармасына аға экономист болып жұмысқа орналасады. Ал келесі жылы Омархан отандық борышын өтеуге шақырылып, бір жыл бойы Германиядағы Кеңес әскерлері тобының құрамында әскери қызмет атқарады. Әскерден қайтып келгеннен кейін Омархан өзінің алғашқы еңбек жолын жалғастырып, аға экономист қызметін 1979 жылдың наурыз айына дейін атқарады. Осылайша, ұйымдастырушылық, іскерлік қабілетімен һәм тиянақты да тындырымды ісімен көзге түскен Омарханды бар болғаны жиырма төрт жасында Алматы облысының Балқаш ауданындағы «Тыңға – 25 жыл» атты кеңшарға бас экономист етіп жібереді. Кеңшарда жүріп басқарушылық тәжірибе жинақтаған оны енді Алматы облыстық суармалы жерлерді игеру басқармасының жоспарлау-экономика бөлімінің бастығы етіп қояды. Одан кейін Омархан Қаржы министрлігіне шақырылып, онда аға бақылаушы-тексеруші, бас бақылаушы-тексеруші, ұйымдастырушылық-инспекторлық бөлімінің бастығы, басқарма бастығының орынбасары тәрізді лауазымды қызметтер атқарады.
Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы Омархан Нұртайұлы Франция елінің астанасы Париж қаласында «Нарықтық экономикадағы аудиторлық қызмет» мамандығы бойынша білімін толықтырып келеді. Омекең бүгінде осы саладан диссертация қорғап, экономика ғылымының докторы атағына ие. Жүрегі елім деп соққан Омекеңнің үлкен мемлекеттік қызметтерде өсу жолы да осы кезде басталады.
1992 жылы Омархан Нұртайұлы білімді де білікті маман ретінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржылық бақылау комитетінің басқарма бастығы болып тағайындалады. Ал 1996 жылғы ақпан мен сәуір айлары аралығында Қаржы министрлігінің Мемлекетаралық қатынастар басқармасының бастығы болады. Сол жылы ол Президент Жарлығымен құрылған Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің мүшесі болып тағайындалып, осы қызметін 1998 жылға дейін атқарады. Одан кейінгі жылдары Президент Жарлығымен 1998 жылғы 12 қарашада құрылған Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік комиссиясының мүшелігіне өтеді.
Мемлекет басшысының зор сеніміне ие болған Омархан Нұртайұлы 2000 жылдың басында Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болып тағайындалады. Ал 2002 жылғы ақпан айында Президент Әкімшілігіне шақырылып, Бас бақылау инспекциясының басшысы болады. 2002 жылғы шілдеде ол Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалады да, осы аса жоғары лауазымды қызметін келесі жылдың маусым айына дейін атқарады. 2003 жылдың 14 маусымында Мемлекет басшысы оны республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы лауазымына отырғызады.
Омекең аталмыш жоғары лауазымнан кейінгі саяси қызметін бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде жалғастырды. Нақтырақ айтсақ, Омархан Нұртайұлы Парламент Мәжілісінің депутаты болып 2012 жылдың қыркүйек айында партиялық тізім бойынша сайланды. Омекеңнің беделді де белсенді депутат болғаны баршаға белгілі. Ол биік мінберден ел экономикасы үшін, нақтырақ айтқанда, қаржы саласына пайдалы ұсыныс-пікірлерін дүркін-дүркін білдіріп отырды. Сондықтан болар, алтыншы шақырылатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер ретінде бірауыздан қайта ұсынылады. Сөйтіп, Омархан Нұртайұлы 2016 жылғы наурыз айында өткен кезектен тыс сайлауда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутатының мандатына ие болып, бұл қызметін 2021 жылдың басына дейін аса абыроймен атқарды.
Қандай қызмет атқарса да, Омархан Нұртайұлы өз ойын ашық айтудан іркілген емес. «Тура биде туған жоқ» дегендей, ол білікті маман ретінде биік мінберлерден біздің қаржылық жүйеміз дұрыс жұмыс істемей отырғанын талай рет айтқан. Экономистің айтуынша, кезінде екінші деңгейлі банктер туралы жұмсақ заң жасалды да, қаржы жүйесін ерекше етіп қойдық. Ал олардың жұмысын бақылайтын, реттейтін дұрыс жүйе болмады. Бұлар оңай жолмен ғана жүрді, сөйтіп, теңге бағамының құбылуын, мемлекеттің, Ұлттық банктің, ұлттық компаниялардың арзан ақшасын пайдаланып, шаш- етектен табыс тапты. Бірақ, өкінішке қарай, сол көл-көсір табыстың барлығы қайда кеткені уақытылы бақыланбады. Сыбайластыққа батқан, экономикаға зиян келтіріп отырған бірден-бір сала – банк жүйесі. Оған мемлекет дұрыс бақылау жасай алмады. Кезінде Қаржы бақылау агенттігі біраз жұмыс істеп бастағанда, оны «банктер жұмысына кедергі келтірді» деп қысқартып, Ұлттық банкке қосып жіберген.
Жасырары жоқ, біздің қоғамда жемқорлар жетіп-артылады. Омекең айтпақшы, өзіміз азғантай ел болсақ та, министрлер мен әкімдерді, жалпы, басшыларды парақорлық айыбымен соттау бойынша санақ жүргізсек, рекордтар кітабына кіруіміз де кәдік. Зады, сыбайластық қаржы бар жерде, ақша бөлісі жүретін жерде белең алады. «Өмірлік тәжірибемізден түйгеніміздей, – дейді ол, – сыбайластық қазақ қоғамына жайдан-жай келе салған жоқ, импортталды. Сол бір өтпелі қиын-қыстау замандарда лауазымды қызметкерлерді мемлекеттік қамқорлыққа ала алмадық. Міне, осы бір сәтте шетелдік инвесторлар олқы тұсымыздан ұстап, біздің шенеуніктерге көк қағазды көрсетіп, жемқорлыққа үйретті».
Омархан биік мінберден сөйлеген бір сөзінде ұлттық компанияларға триллиондаған қаржы бөлінетіндігін, бірақ, олардан он, тіпті, жиырма-отыз есеге дейін аз ақша түсетінін айтқан еді. Тіпті, мүлдем ештеңе түспейтінін де баса көрсеткен. Ашығын айту керек, ұлттық компаниялар мен холдингтер құрылған кезде мемлекет бөлетін қаржыдан басқа, олар шетелдерден инвестиция әкелуі тиіс еді. Сөйтіп, қосымша құнды тауарлар шығаратын үлкен кәсіпорындар салынып, экономиканың өсуіне үлес қосады деген мақсат көзделген-ді. Басты стратегия сол болатын. Өкінішке қарай, жарғылық қорына бюджеттен қаржы бөлінген бұл ұлттық компаниялар мен холдингтер көк тиын инвестиция әкелген жоқ, керісінше, олар бюджет ақшасына күн көріп отыр. Ал сол ұлттық компаниялар мен холдингтер мемлекеттің бақылауында болуы керек. Оларды тексеретін бақылаушы жетеді. Бірақ осы бақылаушыларға Омарханның көңілі еш толмайды. Өйткені, бақылаудың төңірегінде жалпылама сөз көбейіп кеткенмен, нақты іс жоқ.
«Өзім бақылаушы органдардың материалдарын үнемі қарап отырамын, – дейді Омархан. – Бізде фактілер анықталып, жалпы тиімсіздіктер бағаланып жатады. Бірақ, өкініштісі сол, оның артында тұрған себептер нақтыланбайды және соның алдын алатын шаралар жасалмайды. Ал, ең бастысы, еш жауапкершілік жоқ. Келеңсіздікке, тиімсіздікке кім жол берді, оған не себеп болды? Осының бәрі анықталып, соның алдын алатын және кінәліні жауапкершілікке тартатын шаралар қабылданбайды. Бүгінгі таңда бізде заң жүзінде тиімсіздік үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмаған. Әлеуметтік мәселені шешуге, не болмаса, инфрақұрылымды салуға бөлінген қаржының қайтарымы болуы тиіс дегенді, соған жауапкершілік болуы тиіс дегенді заңдастыра алмай отырмыз. Өйткені, қазір тиімділікке баға беретін механизмдердің барлығын Үкімет те суреттеп бере алмайды, Парламентте де ортақ мәмілеге келген жоқпыз. Бюджеттік кодекске осы мәселені енгізерде талай тартыс, дау болды, бірақ, әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр».
Әлеуметтік мәселеге келсек, бүгінгі таңда елімізде екі миллионнан астам адам әлеуметтік көмек алып отыр екен. Енді осыншама адамның әлеуметтік көмекке зәру болуы ненің көрінісі? Расында да, егер бюджетті сараптайтын болсақ, біздің еліміз құдды бір әлеуметтік мемлекет сияқты болып кетті. Ал экономикасы дамыған елдерде жалақы жоғары, азаматтардың болашаққа деп жиған қоры болғандықтан, әлеуметтік мұқтаж адамдардың саны да аз. Міне, біз осындай деңгейге жете алмай отырмыз. Жарты миллионға жуық отбасының әлеуметтік көмекке мұқтаж болып отырғанының бір себебі – мемлекетімізде жағдай туғыза алмағанымыздан. Екіншіден, біздегі салалар әсте біркелкі дамып отырған жоқ. Мысалға айтсақ, батыс өңірлерге инвестиция көбірек келсе, солтүстік аймақтарға сондай инвестиция салынған жоқ, даму көрсеткіші бәсең. Сондықтан, әлеуметтік жәрдемге мұқтаждыққа осындай қайшылықтар да себеп болып отыр.
Қазақстан отыз жыл бойы «Алдымен, экономиканы дамытып алайық, саясатты содан кейін қолға аламыз» деген ұстанымда болды. Омарханның ойынша, әуелі экономиканы қалпына келтіріп, дұрыс жолға қойып, елге шамалы болса да, табыс табатындай мүмкіндік туғызуды бірінші кезектегі негізгі міндет етіп қою дұрыс болған және осы бағытта көп іс атқарылған. Бірақ, соның өзінде де, диверсификацияны дұрыс жасай алмай, әлі де шикізатқа, мұнай бағасына тәуелді болып келеміз. Ол мұны экономист ретінде ашық айтады. Мұнай бағасы өскенде, келген табысқа біраз шаруа жасадық та, баға түскен кезде, жыртығымызды жамауға жұмсау үшін Ұлттық қорға қол салдық. Ал мұнайлы елдер, мысалы, Норвегия мұнайдан түскен қаржысын жыл сайын үстемелеп көбейтіп жатыр. Бізде де көбейіп жатыр, бірақ, тым ондай көлемде емес. Ұлттық қор құрылған кезде екі портфель – жинақтаушы және экономиканы тұрақтандыру портфельдері жасалды. Біз сол тұрақтандыру портфелінен трансферт ретінде қаржы аламыз. Трансферт бюджет тапшылығының ұлғайып кетпеуі үшін пайдаланылады. Бүгінгі таңда Қазақстан салықтан түсетін қаржының деңгейі төмен елдердің бірі саналады. Өйткені, біздегі бизнес салық төлей алатындай дәрежеде емес. Сондықтан, қаз тұрып, күш жинап алғанға дейін бизнеске салмақ салмай, бәсең салық режимі қолданылып отыр. Оның үстіне, шынын айту керек, бізде осы қаржы саласының локомотиві болады дейтіндей алпауыт мекемелер де жоқ.
Міне, осындай елдік ойларымен алдаспандай жарқ-жұрқ еткен Омархан Нұртайұлы қай қызметті болсын адалынан атқарып келеді. Ол журналистерге берген бір сұқбатында: «Осылайша абыройға бөленіп, елдің ортасында жүруім – адалдығымның арқасы», – деп айтқан еді. Асылы, адалдық – Омекеңнің өмірлік кредосы. Адалдық пен әділдіктің туын биік ұстаған ол қашанда елге, мемлекетке пайда тигізетін істердің бел ортасында жүріп келеді.
2021 жылдың 29 қаңтарында «Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің мәжілісі өтіп, кеңес төрағасы қызметіне мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев сайланды. Бұл қызметте де Омекең қол қусырып отырған жоқ. Бір ғана дерек келтірейік, университеттің активі осы үш жылда үш есе өсіп, 24 миллиард теңгеге жетті және бұл тікелей Омархан Нұртайұлының арқасында болған жетістік екенін бүкіл университет ұжымы біледі.
Омархан Нұртайұлы ұзақ жыл бойы еліне сіңірген елеулі еңбегі үшін мемлекеттік жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, ол 2004 жылы «Құрмет» орденінің иегері атанды. 2012 жылы «Парасат» орденімен, ал 2020 жылдың 3 желтоқсанында III дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, Омекең «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 10 жыл» (2001), «Тыңға – 50 жыл» (2004), «Қазақстан Республикасының Конституциясына – 10 жыл» (2005), «Қазақстан Республикасының Парламентіне – 10 жыл» (2006), «Астанаға – 10 жыл» (2008), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл» (2011) мерекелік медальдарын алған. «Қаржы сақшысы» ведомстволық медалінің үш дәрежесін де өңіріне қадаған.
2017 жылдың 27 наурызында ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Омархан Нұртайұлын парламентаризмді дамытуға және нығайтуға сіңірген еңбегі үшін, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қызметінің құқықтық негіздерін дамытуға және жетілдіруге, халықаралық қатынастар мен парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «ТМД Парламентаралық Ассамблеясына – 25 жыл» медалімен марапаттады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Бүгінде 70-ке толып отырған алдаспан азамат Омархан Өксікбаевтың өнегелі өмірі мен кең-байтақ елімізді өркендетуге қосқан орасан зор еңбегі кейінгі ұрпақ үшін үлкен үлгі болары даусыз.
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі