Өңірлік коммуникация қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Марат Исмаилов тұмау және ЖРВИ-мен сырқаттанудың алдын алу бағытындағы шараларының маңызы жайлы сөз қозғады.
– Тұмау – бірінші кезекте жоғарғы тыныс алу жолдарын, кейде өкпені зақымдайтын жіті вирустық инфекция. Адамдар көп жиналатын жерлерде өте тез таралады. Жыл сайын күз бен қысқы маусымда, әсіресе желтоқсан-ақпан айларында сырқаттанушылардың көбеюі байқалады. Елімізде вирустың жаңа штаммдарын анықтау түрінде тұмау мен тұмау тәрізді ауруларды эпидемиологиялық қадағалаудың жеткілікті тиімді жүйесі қамтамасыз етіледі.
Эпидемияға қарсы жедел шараларды қабылдау мақсатында жыл сайын қазан айынан бастап апта сайын, жіті респираторлық вирустық инфекциялармен және тұмаумен сырқаттанушылық жағдайына, тұмау вирусы айналымына 1 желтоқсан-30 сәуір аралығында күнделікті мониторинг жүргізіледі, – деген Марат Әділжанұлы осы маусымда облыста 150 мыңға жуық адам жедел респираторлық вирустық инфекциялары бойынша медициналық көмекке жүгінгенін, оның 63 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар екенін тілге тиек етті.
Баяндамашының айтуынша, былтыр осы кезеңмен салыстырғанда науқастанғандардың саны 36 пайызға азайған. Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Іле аудандары мен Қонаев қаласында таралу көрсеткіші жоғары. Тұмау вирусының түрлерінің айналымын анықтау мақсатында, ЖРВИ айқын белгілері бар 400-ден астам сырқатқа зерттеу жүргізілгенде 20 пайыз тұмау, 12 пайыз парагрипп, 12 пайыз аденовирус, 10 пайыз риновирус, 28 пайыз коронавирус, 38 пайыз РС вирус анықталған.
– Қытай Халық Республикасында өршіп жатқан метапневмо вирусқа келетін болсақ, бұл – 2001 жылы анықталған типті респиарторлық вирустың бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тек АҚШ-та жыл сайын 5 жасқа дейінгі 20 мыңға жуық бала осы вируспен ауруханаға жатқызылады. Вирус жас балалар, қарттар және иммундық жүйесі әлсіреген адамдар үшін өте қауіпті. Аталған инфекцияның арнайы емі жоқ. Емдеу симптомдарды жеңілдетуге бағытталған. Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін облыс аумағында метапневмовируспен науқастанғандар анықталмады, – деді облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
Одан әрі сөзін сабақтаған Марат Исмаилов тұмау және басқа респираторлық асқынулар егде жастағы адамдар үшін ең қауіпті екенін қаперге салды. Ол 65 жастан асқан науққастарда тұмаудың асқынуы 80-90 пайыз болатынын иммундық жүйенің жасқа байланысты әлсіреуінен және созылмалы аурулардың болатынымен байланыстырды. Иммундық жүйенің жетілмегендігіне байланысты нәрестелерде де асқынулар жиі кездесетінін және жүкті әйелдердің осы қауіпті топқа жататынын айтты.
Тұмау мен оның асқынуын емдеуге қарағанда алдын алудың тиімділігін алға тартқан Марат Әділжанұлы бұл індетпен күресу эпидемиялық маусым басталғанға дейін және симптомдар пайда болған кезде де жүзеге асырыла беретініне баршаның назарын аударды. Бастапқы алдын алу шаралары аурудың даму қаупін айтарлықтай төмендететінін, адамдар көп жиналатын жерлерге баруды шектеу және науқас адамдармен байланыстарды мүмкіндігінше болдырмау, бетперде кию инфекцияның таралуына жол бермейтінін жеткізді. Сондай-ақ екпе алу тұмауға қарсы антиденелердің пайда болуына ықпал ететінін және аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі екенін айта келе, облыста эпидемиялық маусым басталғанға дейін халықтың 10 пайызы тұмауға қарсы вакцинациямен қамтылғанын хабардар етті.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ