Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Әрі техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажеттігін айтты. Президент тапсырмасына сәйкес, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Еңбекшіқазақ ауданында болып, ондағы Шелек политехникалық колледжінің базасын аралады. Оқу орнының басшылығымен және оның әлеуметтік серіктестерімен кездесті.
Іргесі сонау 1956 жылы қаланған Шелек политехникалық колледжі – Алматы облысында орналасқан техникалық және кәсіптік білім беретін 40 мекеменің бірі де бірегейі. Бастапқыда ұжымшарларды механизаторлық кадрлармен қамтамасыз ету үшін Малыбай ауылында механизаторлар мектебі болып құрылған. Кейін бірнеше рет кәсіптік-техникалық училище, кәсіптік мектеп, кәсіптік лицей болып өзгерді. Ал 2013 жылдан бастап Шелек политехникалық колледжі ретінде мамандарды даярлап келеді. Жетпіс жылға жуық терең тарихы мен теңдессіз тәжірибесі бар оқу орны еліміздің білім беру саласында өзіндік орынға ие. Мұнда жоғары кәсіби және шығармашылық әлеуеті зор педагогикалық ұжым қалыптасқан.
Колледж жалпы 630 орынға шақталған екі оқу корпусынан тұрады. Онда оқу кабинеттерінен бөлек, акт залы, спортзал, асхана, емхана пункті орналасқан. Сондай-ақ оқу-өндірістік шеберханалары мен 240 орынды жатақханасы да бар. Бүгінде колледж қабырғасында білім алып жатқан 431 студенттің алыс ауылдар мен шет аудандардан келетін 90-ы жатақханаға орналасқан. Жатақханада тұру да, оқу орнындағы білім де тегін. Сонымен қатар студенттер 40 мың теңгеге жуық шәкіртақы алады. Қазіргі уақытта оқу орны тамақтандыруды ұйымдастыру, дәнекерлеу ісі, автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану бойынша 6 түрлі маман даярлайды.
Бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлау ісінде тек теория ғана емес, практика да үлкен маңызға ие екені сөзсіз. Оқығанын іс жүзінде байқап көру үшін болашақ кәсіп иелері оқу-өндірістік шеберханаларда көп уақытын өткізеді. Осы орайда облыс басшысы колледждің заман талабына сай жабдықталған шеберханаларын аралап көріп, ондағы материалдық-техникалық базаның жай-жапсарымен танысты. Оқу-өндірістік шеберлері шет елден алынған әр техниканың тілін түсіндіріп, олардың қай кәсіпті үйрену үшін қандай маңызы барын жан-жақты баяндады.
Іссапар барысында аймақ басшысы Шелек политехникалық колледжінің әлеуметтік серіктесі – «Жетісу Вольфрам» ЖШС өкілдерімен кездесіп, оқу орны мен серіктестік арасындағы жұмыстар жайын талқылады. Еңбекшіқазақ ауданының Сөгеті ауылдық округіне қарасты аумақтағы Бұғыты тауларында вольфрам кенін байыту және қайта өңдеу бойынша жүзеге асырылатын бұл ірі инвестициялық жоба басшыларымен былтыр кездескенде де Марат Елеусізұлы халықты жұмыспен қамту мақсатында тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейтін жергілікті тұрғындардың арасынан мамандар даярлау қажеттігін ескерткен еді. Бұл жолы да оның маңызына ерекше тоқталды. Қазіргі уақытта 3 айлық курс негізінде 19 жұмысшы маман, оның ішінде дәнекерлеуші, электромонтерлер колледж базасында білімін жетілдірген. Екі жыл бұрын «Жетісу Вольфрам» ЖШС мен Шелек политехникалық колледжі арасында меморандум жасалған. Соның нәтижесінде колледжде жаңа мамандықтар ашу мүмкіндіктері де бар. Кәсіпорын базасында колледждің студенттері өндірістік тәжірибеден өте алады. Осы жылдың қаңтар айынан бастап «Жетісу Вольфрам» ЖШС-ның тапсырысы бойынша колледж жұмысшы мамандарын даярлау ісіне кіріседі. Колледж директоры Қуат Дүйсебаев, оқу орны әкімшілігі және дәнекерлеуші, электромонтер мамандықтарында оқып жатқан студенттер «Жетісу Вольфрам» ЖШС тау-кен байыту кәсіпорнында экскурсияда болып, болашақ жұмыс орындарымен танысып қайтқан. «Басты мақсатымыз – қоғамда үлкен сұранысқа ие кәсіби білікті маман даярлау және түлектеріміз бірден жұмысқа орналаса алуы үшін әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыста жұмыс істеу. Бүгінде өңіріміздегі ірі инвестициялық жоба – «Жетісу Вольфрам» ЖШС-нан бөлек, 33 әлеуметтік серіктеспен қарым-қатынастамыз. Студенттеріміз онда тәжірибеден өтіп қана қоймай, тұрақты жұмысқа да қабылданып жатыр. Мысалы, биыл оқуын аяқтайтын 120 студенттің 30 пайызы «Жетісу Вольфрам» ЖШС-сында маман ретінде жұмысын жалғастырмақ», – дейді колледж директоры Қуат Дүйсебаев.
Алматы облысы қарқынды дамып келе жатқан ірі өндірістік аймақтар қатарында. Ендеше, бұл бағытта белгілі биікке жету үшін де түрлі салада кәсіби мықты мамандар керегі сөзсіз. Өз ісін жақсы білетін жұмысшы мамандарға қашанда сұраныс жоғары. Осы тұрғыда кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшы мамандықтарын даярлайтын Шелек политехникалық колледжі өзіндік маңызға ие.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы