Тегінде адам баласы өскен орта, туған жерінен тамыр алатыны ақиқат. Жыр алыбы Жамбылдың жерінде, айтыс өнерінің алтын діңгегі Сүйінбай ақынның елінде туып-өскен Марат Ешмұхамбетовтің бойында туған жерінің құтты топырағынан дарыған қасиеттердің болуын заңдылық деуге хақымыз бар.
Әкесі Топантай, анасы Шайымхан да тұңғыш ұлдарын бетінен қақпай, мәпелеп өсірді. Шайымхан ана Маратты босанарда түс көрген екен. Сонда сәбидің басында біресе Ай, біресе жұлдыз жарқырап тұрған көрінеді. Бұл түсін жорыған адам: «Маңдайында бағы бар, қасқыр мінез ұл туасың», – деген екен. Міне, сөйткен Марат бала жастан-ақ қағылез, қай істің де жөнін білетін әрі алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезді болып өсті. Әкесі Топантай ұлын аттың алдына отырғызып алып, туған жердің ой-шұңқырын кезіп, оның қадір-қасиетін бойына сіңірді. Ал анасы өте көпшіл, тірлікке пысық, сөзге шешен, мейірбан жан еді. Алты баланы тәрбиелеп өсірген аяулы ана әрқайсысын қатарынан қалдырмай оқытуға мән берді. Азаматтық міндетін Байқоңыр ғарыш айлағында атқарып қайтқан Марат Алматыдағы Спорт және дене шынықтыру институтына оқуға түсу үшін емтихан тапсыруға барған кезін күліп есіне алады. «Баласы атқа шапса, анасы тақымын қысады» деген сөздің шындығына көзім сонда жетті. Мен көріп қойса намыстанады деп, маған айтпай мамам менен бұрын стадионға барып алыпты. «Мен бала емеспін ғой, несіне келдіңіз? Ешкімнің анасы сіз сияқты жүгіріп жүрген жоқ», – деп ренжігенім бар. Сөйтсем: «Балам-ау, сенің жүгіргеніңді көрмеймін бе, сен сынақ тапсырып жатқанда қалай үйде жайбарақат отырамын?» – деген еді.
Бала кезден доп қуып, футболға жақын болып өскен ұл оқу бітірген соң Iшкi iстер министрлiгiнiң МАИ басқармасы арнайы мамандандырылған тiкұшақ батальонында аға инспектор қызметін атқарды. Сонда талай мәрте қылмыскерлерді ұстау операциясына қатысады. Одан бөлек тікұшақпен ауылына келіп, өзі оқыған мектебінің үстінен айналып ұшатыны, ал сынып жетекшісі Күләш Әбдрасилованың үйінің төбесінен гүл жаудыратыны ауыл адамдарының аузында әлі күнге аңыз болып жүр. Ширек ғасыр «Алматы – Бішкек» республикалық жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметінде және Алматыдағы техникалық бақылау стансасында мемлекеттік аға автоинспектор міндетін мінсіз атқарып, талмай еңбек етіп, Қазақ ССР Ішкі істер министрлігінің мақтау, марапаттарына талай мәрте ие болды. Подполковник дәрежесінде зейнетке шықты.
Ауыл-аймағы үшін қадірі ерекше, биік тұлғалы азамат Марат Топантайұлы – өмір бойы ішкі істер саласында қызмет етсе де, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын жан. Сыйласатын дос-жарандары да – ақын, жазушы, әнші, күйші, суретші, актер сынды ел алдында жүрген өнер иелері. Бұл қатарда Асанәлі Әшімов, Иран-Ғайып, Исрайыл Сапарбаев, Нағашыбек Қапалбекұлы сынды ағаларынан бастап, өнерде жүрген талай саңлақтар бар. Тірлігінде Құман Тастанбеков ағасымен ерекше сыйласып құрмет тұтса, бүгінде қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешовамен, басқа да танымал өнер адамдарымен араласып тұрады.
Қызмет бабында жүріп, көптеген өнер адамдарымен танысқан Марат Топантайұлы қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовты қалай кездестіргені туралы былайша сыр шертті: «Бiздiң жұмысымыз көбіне жол үстіндегі оқиғалармен байланысты болған соң, басымыздан небiр қызықты да қиын жайттар өтті. Бiрде «Алматы – Бішкек» жолын кезекті бақылау кезінде, жолда тоқтап тұрған бір ақ «Жигулиді» көріп қалдым. Не себепті тұрғанын білу үшін жақындап келіп, амандасып, өзімді таныстырдым, иесі егделеу адам екен, құжатын сұрадым. Куəлiгiн ашып қарасам, Шəмшi Қалдаяқов деген жазу тұр! Иісі қазаққа аты аңыз болған, әнін күнде аузымыздан тастамайтын кәдімгі Шәмші Қалдаяқов! Жерден жеті қоян тапқандай қуанғанымды көрсеңіз. «Менiмен бiрге шай iшпесеңiз, жiбермеймiн, аға!» – деп жата жабыстым. Сөйтсем, ол кiсi де əзiлiмдi дұрыс түсiнiп: «Ой, аппақ бала, гаишниктер де шайға шақырады екен ғой!» – деп өтiнiшiмдi құп алды. «Сабақты ине сəтiмен» дегендей, тура Наурыз мерекесi болатын. Дастарқанда бауырсақ та, наурызкөже, қазы-қарта да бар едi. Осылайша ағамен жақын танысудың сәті түсті. Бұйырған дəмнен ауыз тиген соң Шəмшi аға бата берді, қазақы қалжыңға жүйрік ағамыздың батасы да керемет болды. Ағаны шығарып салар кезде көлiгiнiң жүрмей қалуының себебін білдім: моторы тозып, істен шыққан. «Аға, сіз қайта беріңіз, ертең екi-үш күн демаламын. Сонда үйге келiңiз. Моторист көршім бар. Бiз шай iшiп, ет жеп болғанша жаңа моторыңыз ауыстырылып дайын болады. Үйiм – Таулы қыратта», – деп мекенжайымды, телефонымды жазып бердiм де, ағаны жеткізіп салатын көлікке отырғызып жібердім. Уəделi күнi келдi. Жанында Қасым деген баласы бірге келді. Кейін Қасыммен де араласып кеттік. Үйде дастақаннан дәм татып, біраз әңгімелесіп отырып, жан-жағына қарап: «Өзің өнерді жақсы көресің, өнер адамын сыйлайсың, үйiңде пианино жоғы қалай?» – деп тосын сұрақ қойды. Қапелімде жауап таппай қалып: «Жақында аламын, аға», – деп ақталған болып жатырмын. Содан не керек, сол күнi Шəмшi ағаның көлігінің моторы сәтті ауыстырылып, аға дән риза болып, батасын берiп кеттi. Содан бiрер жыл өткен соң Шəмшi ағам қайтыс болды. Бiр күнi Шəкеңнiң Қасым деген баласы келiп: «Аға, папамның ескi моторы бар ма? Бар болса досыма сатайын деп едiм», – дейдi. Мен ыңғайсызданып қалып: «Гаражда тұр. Оны қаншаға сатасың?» – дедiм. Құнын айтты. «Ақыры сататын болсаң, бұл моторды мен алайын», – дедiм де, есеп айырыстым. Сол моторды Шəмшi ағаның көзiндей көрiп, әлі күнге сақтап жүрмін. Туған жеріндегі музейден хабарласып сұрап жүр. Ал мен уəдемде тұрып, пианино сатып алдым. Қызымды республикалық дарынды балаларға арналған К.Байсейітова атындағы музыка мектебiнің пианино класына бердiм. Пианинодан алғашқы ұстазы Шəмшi ағамның келіні Светлана Алмабайқызы болды».
Ұлы композитор, күй перісі Нұрғиса Тiлендиевпен де бауырдай араласып, батасын алған. Өзінің туған атасы Ешмұхамбет – аңшы, ақын, сал-серi болған адам. Әкесі Топантай 99 ауыз терме жазып қалдырған, той-томалақта айтыстың да көрігін қыздырған, өнерге ерекше жақын жан болды. Жездесi Қыдырқожа айтулы күйшi еді. Тiлендi, Шортанбай, Шаштай сынды атақты күйшiлердiң күйлерiн тыңдап өскен соң, Марат та өнерден қалайша алыс болсын?!
Марат Топантайұлының бойындағы ерекше қасиеттері – қайсарлығы, уәдеге беріктігі, досқа адалдығы, туған-туысқа жанашырлығы. Отбасындағы баланың үлкені болғандықтан, жауапкершілікті ерте сезініп, іні-қарындастарына, олардың бала-шағаларына қамқор болып, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Бірін оқытты, бірін жұмысқа тұрғызды. Ауылдан оқу, жұмыс іздеп қалаға келген туыстың көбі Марат ағаның үйін паналады. Қашанда қабағы ашық Ханшайым жеңге де келіп-кетіп жататын туған-туыс, ауылдастарды бар пейілімен қарсы алып, шығарып салып жатады. Марат аға студент кезінде қоныстанған сол құтты шаңырағында бүгінде немерелерінің ортасында еңбегінің зейнетін көріп отыр.
Марат Топантайұлының тағы бір атап айтарлық қыры – ұлтжандылығы, үйіне Мемлекеттік Туды іліп қоятыны, домбыраны ерекше қастерлейтіні. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары алғашқылардың қатарында бауырларына жеке шаруа қожалығын ашып беріп, әке ісін жаңғыртуды қолға алған еді. Сонда арғы жағын қырғыз ағайындар жайлайтын Жіңішкесай тауына киіз үй тігіп, Мемлекеттік Туымызды желбірете іліп қойған еді. Туға қатысты әңгіме барысында Марат аға мына бір оқиғаны есіне алды:
«Осыдан біраз жыл бұрын Алматыға Американың Верджиния штатының бір генералы іссапармен келген екен. Қырғыз шекарасына жақын таудың ішіндегі шаруа қожалығыма арнайы дастарқан жайып, қадiрлi қонағымызды күтіп алдық. Ең алғашқы сөз тiзгiнiн де сол кiсiге бердiк. Сонда ол: «Мен əлемнiң бiрнеше елiнде болдым. Бiрақ дəл қазақ халқындай қонақжай елдi кездестiрмедiм», – дедi ағынан жарылып. Туымыздың төрімізде тұрғанын көрiп: «О, сіздер де Ту iледi екенсiздер ғой!» – деп таңырқап қалды. «Сiздер сияқты бiз де елiмiздi, Отанымызды сүйемiз. Ұлтымызды қадiр тұтамыз», – дедiм. Ол риза болып, арқамнан қақты. Қоштасар сəтте генерал М.Қасымов екеумiз иығына шапан жауып, астына ат мiнгiздiк. Ат болғанда да қандай едi?! Тыпыршып тұрған сұлу жануарды көргенде генералдың көзі жанып кеттi. Сəйгүлiкке қарғып мiнiп еді, асау ат мөңкіп қоя берді, генерал намысына тырысып қасарысса да, тулап-тулап, лақтырып кеттi. Бір жері майып болды ма деп қорқып, тұра жүгiрдiк. Сөйтсек, әйтеуір аяқ-қолы аман екен. Тұрып, үстi-басын қағып жатып: «Қазақ халқының өзі ғана емес, жылқысына дейiн ақылды екен. Менiң бөтен екенiмдi бiлiп, әдейі сынап алды», – деп қарқылдап күліп алды. Оның тауып айтқан сөзіне бiз де мəз болып, күлiсiп алдық», – деді аға.
Марат ағамыздың өмірден ерте озған достарын ұмытпай, олардың отбасының қуанышына бірге қуанып, қайғысын бөлісіп жүретін қасиеті достыққа адалдықтың үлгісі болуға тұрарлық. Одан бөлек, ата-бабалар аруағына тағзым етіп, Қарақыстақ ауылының Октябрь ұжымшары кезінде осы елдің малы мен жаны үшін қарақшылардың қолынан құрбан болған атасы Ешмұхамбет Дүйсебайұлы мен Фин соғысын тәмамдап, Отан соғысының алғашқы күнінен ерлікпен соғысып, Берлинге дейін жеткен Қасымқұл Ешмұхамбетұлының, Калининград түбіндегі шайқаста ауыр жараланып, елге оралған Жабалы Әмзеқұлұлының құрметіне қанатты барыстан ескерткіш қойды. Ал Марат Топантайұлының ата-анасының мазары әкесі мен анасына деген ерекше құрметін айғақтап, Сүйінбай ақынның кесенесіне қарама-қарсы жотада алыстан көз тартып тұр. Сондай-ақ «Сұраншы, Саурық батырлар ізімен» ғылыми-танымдық экспедициясына да атсалысып, осы мекенді зерттеген ғалымдарды туған жер тарихымен таныстыруға үлесін қосты.
Марат ағаның мәрттігі – өз алдына бөлек әңгіме. Ауылды көркейтуге, өнер адамдарын қолдауға ерекше үлес қосып, демеушілік жасады. Өзінің соңынан ерген жастарға да қамқор болды. Айтулы айтыс ақыны, марқұм Оразалы Досбосынов, жерлес інісі Ақан Әбдуалиев асыл ағаның жанында жалау болып жүріп, талай шапағатын көрді. Ал қазақтың дүлдүл ақыны Есенқұл Жақыпбековпен замандас, дос, сыйлас, сырлас болды. Сол сыйластықтың арқасында әкесінің асына Есенқұлдың өзі бастаған бір топ айтыс ақындары келіп, айтыстың көрігін қыздырған еді. Олардың ішінде айтыстың ақтаңгері О.Досбосынов, Ж.Омаров та болды.
«Есенқұл емес қазақтың жай баласы,
Бірақ Марат – Есеннің қайынағасы.
Айқымдар әу бастан-ақ Ай баласы,
Жарқырап жүреді ғой айналасы», – деп суырып салған еді сонда ақын Ермек Жұматаев Мараттың мәртебесін бірауыз өлеңімен аспанға көтеріп.
Марат аға техникалық байқау стансасында қызмет атқарып жүрген кезінде кабинетінде домбыра тұратын, арыз-шағым журналына Иран-Ғайып, О.Досбосынов, Е.Жұматаев, И.Иса, тағы басқа ақындар Маратқа арнау өлеңдер жазып кететін. Соның бірінде Есенқұл Жақыпбеков:
«Біздер түгіл Нұрғисамен дос болған,
Шаттанса, егер әншілермен шаттанған.
Аттанса егер, қарасайлап аттанған,
Қайынағамсың басына нық бақ қонған.
Өзін ғана ойламай,
Өзгені де мәз қылған,
Біреулер құсап сақтанбай,
Айналасын жаз қылған.
Арыз жазар кітапқа
Алғыс өлең жаздырған.
Ер қайынағам – Маратым!
Маратым егер болмаса,
Кімге қайтып, барасың?
Өзің сондай болған соң,
Өлең жазбай қайтеді,
Кітабыңа бар ақын», – деп жазған екен.
Иә, айналасына жарық нұрын шашып жүретін Марат Топантайұлы бүгінде жетпіс деген жастың желкенін керіп, аталық, абыздық жолға аяқ басты. Жапырағын жайған үш бұтағы – Мөлдір, Айерке, Айсана есімді қыздары мен Медина, Батыр атты немерелерінің қызығын көріп отырған Марат аға мен қолына қаламды серік еткен, баспа ісінің ардагері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, өмірлік қосағы Ханшайым Зиаданқызымен бақытты да бақуатты ғұмыр кешуде. Асыл ағаның осынау мерейтойын Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылдық әкімдігі мен осы жердің азаматтары қолдап, футболдан турнир әрі көкпардан жарыс өткізбекші. Өнер, спорт десе жаны бөлек ағаның шапағатты, өнегелі жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.
Алма ЕСЕНБАЙ
Жамбыл ауданы