Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев ҚР Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновпен, одақ төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы және шығармашылық қауымдастықтың облыстағы өкілдігінің жетекшісі Ержан Тоқтармен кездесті.
Кездесу кезінде Мереке Әбдешұлы облыс әкімін Қазақстан Жазушылар одағының атқарып отырған қызметі мен жобалары жайында хабардар етті. Сондай-ақ жүздесу барысында тараптар облыс қаламгерлерінің мәселелерін талқылап, өңіріміздің әдеби, мәдени, рухани өмірін жаңа белеске көтеру жайында пікір алмасты. Өз кезегінде облыс әкімі Марат Елеусізұлы басқарма төрағасының ұсыныстарына қолдау білдіретінін жеткізді.
«Облыс басшысымен бірге Жазушылар одағының бірлесіп атқаратын ауқымды шаралары жоспарын жасадық. Биыл облыс әкімдігі осы өңірде тұратын ақын-жазушылардың кітаптарын шығаруға қолдау көрсетеді. Сонымен қоса, «Алтын бесік» деген атаумен әр ауданнан шыққан ақын-жазушылардың антологиясы жарық көрмек. Сонымен қоса, облыс әкімдігімен қазақтың дауылпаз дарыны Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай «Нұрғиса Тілендиев және қазақ ақындары» атты музыкалық-поэтикалық фестиваль өткізуге де келістік. Сондай-ақ биыл осындағы қаламгерлер қауымына Алматы облысынан шыққан әйгілі ақындар мен жазушылар атындағы арнайы сыйлықтар табысталады. Үздік қалам иелеріне облыс әкімінің атынан «Ақтаңгер» стпендиясы беріледі. Жалпы облыста 30-ға жуық Жазушылар одағының мүшесі бар. Оларға Одақ пен облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі», – деді Мереке Құлкенов.
Ерзат АСЫЛ