Өмір болған соң қым-қуыт ақпараттар ағыны билеген заманда электронды бұқаралық ақпарат құралдарына да көз салып, онда көтерілген мәселелер мен жазылған жайттарға құлақ түріп, назар салып отыруға тиіспіз.
Өткен жылы қараша айының 20-сында «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланған Шәріпхан Қайсар деген әріптес ініміздің жанайқайға толы «Біз неге соншалықты сорлымыз?!» атты мақаласын көзіміз шалып қалды. Әңгіменің әлқиссасы түсінікті болуы үшін қысқаша шолып өтейік. Мақала мектептегі бастауыш сыныптың ата-аналар жиналысындағы орыс тілді ана мен ұстаздың диалогынан басталады. Автор ондағы қазақтың тілі мен ұлттық салт-дәстүрін мансұқтаған бейнежазбаны сынап, «Өз қазағымыз қазақ халқын, оның салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын осындай жеккөрінішті деңгейде насихаттап, сүреңсіз ұлт ретінде көрсетіп жатса, оның тіліне, мәдениетіне, салт-дәстүріне санасы жетіліп, ойы бекімеген жас ұрпақ қалай қызықсын?!» деп түйіндей келе, телі менен тентекті тезге салардағы немкеттіліктен арылуға үндеп, «Осындайларға келгенде неге жалпақшешейлік таныта береміз?!» деп қынжылады. Мақалада біздің қоғамдағы бірқатар мәселе жіпке тізген моншақтай көрсетілген. Түптеп келгенде, осының барлығының салдары әкелер институтының жоқтығынан деген ойға келіп тіреледі. Әйел тираниясы үстемдікке ие болғалы қашан?! Шартты түрде алғандағы осы екі институттың әрқайсысын жеке-жеке алып та, жұптастыра да қарайтын мәселе шаш-етектен. Бірін бірінен бөліп қарастыру да қиынның-қиыны. Десек те, жеке алып қарағанда да талдап-таразылайтын тұсы баршылық. Әке балаға қандай да бір талап (тәрбие тұрғысында) қоя бастаса, «баланың басын ауыртпа» дейтін шешелер табылады. Осыдан соң еркек бәріне әйел жауапты деген оймен көп мәселеге көз жұма қарайды. Жауапкершіліктен жалтару неден, қайдан пайда болады? Бұл да бір жатқан батпан мәселе. Әрі мұның да бір ұшығы бұрымдыларға соқпай тағы өте алмайды. Неге дегенде, мынадай бір мысалды келтірейік. Толық отбасы, әке де, шеше де бар. Бала-шаға саны да алтау-жетеу. Алдыңғылары – кілең ұлдар. Үйдің тұңғышы отызға таяп қалған. Осынша ауызды тойындыру үшін әке мен шеше жатпай-тұрмай еңбектенді. Балалар жұрттан қалған жоқ, тамақтары тоқ, киімдері бүтін болды. Осы аралықта, әлгі айтқан отыз жылдың ол жақ-бұл жағында, бір нәрсе ұмыт немесе күштеп ығыстырылып қалды. Ол не? Бала тәрбиесі. Осының салдарынан балалары өскенде әкенің жағасынан алып, жұдырық жұмсауға дейін барды. Кейінгілері де есейе келе, солардың қарекетін қайталауға әзір тұрады. Өкініш өзекті өртейді. Неге, Құдай-ау, дейсің еріксіз. Шеше – шайпау, балаларының ешқайсысына шаң жуытпай, тіпті, өз әкелерінен көлегейлеп келді. Ал өзінің айтқанын істей қоймаса, жаңа ғана «жаным-күнім» болып отырған сол балалары өз аналарынан оңбай таяқ жейді. Парадокс па? Парадокс! Кімді, қай тарапты кінәлағанымыз жөн? Әрине, «күшік асырап ит еттім, ол өзімді қаптыға» жеткізіп отырған парықсыз шешенің, соның шайпаулығынан әбден беті қайтып қалған әкенің орталарындағы баланың жекеменшік қолғап, орындық, киім сияқты мүлік емес, берісі – ертеңгі өзінің жалғасы, әрісі – тұтас ұлттың ертеңі екенін парықтамағанының салдары деп жалпылай түйе салуға да болады. Мұның сыртында атүсті түсіндіріліп, бұрқ еткізіп қоғамға төбесінен сау ете қалған қардай етіп гендерлік саясат дегенді енгізіп жібергеніміздің де орасан ықпалы болып жатыр. Түбін қуа келсек, кешегі кеңестік дәуір күшіне мінгеннен бастап әйел теңдігі деп ұрандатқанымыздың өзі осы гендерлік саясаттың іргетасы еді ғой. Дегенмен тарихқа үңілсек, кешегі ел қорғаған батырларымызды тәрбиелеген жорықта жүрген әкелер емес, ас-суын қамдап, киімін кигізіп, жыртығын жөрмеп отырған аналар емес пе еді?
Мақсатымыз – бір мақалада сан тарау мәселені талқылап, сараптау емес, «Болары болып, бояуы сіңген ахуалды қайтсек түзейміз?», «Осындай жағдайға қалай, қайтіп тап болдық?» деп көпшілікке ой тастау. Жалпы алғанда, кейінгі ұрпаққа алдыңғы буынның разы болған кезі жоқ шығар? «Бүгінгінің жастары анандай-мынандай» деп өзінен туған балалары да сапында жүрген жастар қауымын айыптап жатамыз. Ау, сонда сол кінәлі санап отырған кейінгі буынды өмірге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеп отырған аспаннан келген әлдебір тіршілік иелері емес қой. Әркімнің отбасында, ошағының қасында, әке мен шешенің ортасында желкілдеп өсіп келе жатқан өз балаларымыз емес пе? Олай болса олардың қисық-қыңыр, көргенсіз, бұзақы болып өсуіне сырттан кінәлі іздеп несіне сабыламыз? Салт-дәстүрімізді мансұқтап, арзан күлкі арқылы оңай ақша табуды ар санамайтын санасыз болуына әке кінәлі ме, ана жауапты ма, жоқ, әлде, мұхиттың ар жағындағы «демократияшыл ел» құныкер ме? Өзіміз ғой. Әрбір әке, әрбір шеше. Бар мәселе – баланы «Кім етіп өсіремін, қандай азамат қылып тәрбиелеймін?» деген сауалдың әр көкіректе жатпауында. Бір есептен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жоқшылық пен тапшылық қысқан кезеңде күнкөріс қамымен ел кезіп кеткен адамдарды айыптау да қиын. Десек те, қазіргі қоғамның мүшелері – әкелер мен шешелер сол алмағайып кезеңнің инерциясымен әлі құлдилап келе жатқаны қынжылтады. Жалпақ қазақ оқу-тоқуды жиып қойғандай. Сәт сайын қысқан қымбатшылық, бағаның аспандауы, қайсыбірін тізбектейік, баршамызға белгілі ахуалды өзімізді ақтаушы аргумент ретінде қалқан қылып ұстап алғанбыз. «Жоқ, жетіспейді» деп жүріп, апта сайын кемінде 15-20 мыңдап тойға шашқышпыз. Мұндайда ешкімге керегі жоқ жалған намысты желеу етеміз. Ал үйдегі баланың түздегі қылығына бас қатыруды жылы жауып қойғанбыз. Бастысы – аман-есен жүрсе, қалғаны бастан құлақ садаға сықпытында. Бүгінгі қазақтың басым көпшілігі ойлануды қойды. Әлемжеліге байланып, арқандалып қалған. Кітап, газет-журнал оқуды кейінге ысырып қойған. Бәрі бірдей жылтырағы мен жалт-жұлты басым әлемжеліге әуес. Ондағы нәрсенің дұрыс-бұрыстығын сараптап жатқан қазақ тағы да саусақпен санарлық. Естісін көріп-тыңдап, есін жиып жатқаны бар, алайда оған ессіз беріліп кеткендер көп. Елдің, ұлттың, қала берді, ауылың мен отбасыңның абырой-атағы, ертеңі қандай болмақ? Өсірген ұл-қызың артыңнан алғыс ергізе ме, қарғыс жетектете ме? Бұл тұрсаң – ойыңнан, жатсаң – түсіңнен шықпау керегін қашан ойланасың, арда қазақ?!
Бәрін түсінгенде кеш болып жүрмесін!
Бейбіт МЕКЕЕВ