«Ж-Қаскелең» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде су құбырлары жүйесін ретке келтірумен айналысатын шебер Бинәлі Біләловті әріптестері ерекше құрметтейді. Ол 30 жылдан астам уақыт осы ұжымда еңбек етіп келеді. Сонымен қатар аталған кәсіпорында оның ағасы Бегәлі, ұлы Бақтияр және күйеубаласы Ахмет те жұмыс істейді.
Бинәлі Баязұлы Қаскелеңде туып-өсті, осында бүкіл ғұмырын өткізді. Әкесі Баяз бен анасы Айшеге Жаратушы сегіз бала – бес қыз және үш ұл берген екен. Ең үлкені Мұрат – кардиохирург-дәрігер. Еңбек жолы Қарасай аудандық ауруханасымен байланысты. Қазір зейнет демалысында. Біздің әңгімеміздің басты кейіпкері, екінші баласы – Бинәлі Біләлов 1964 жылдың 1 тамызында дүниеге келген. Ол саналы түрде жұмысшы мамандығын таңдады.
Бинәлі Баязұлы алдымен Калинин атындағы орта мектептің сегіз сыныбын бітірді. Осыдан кейін тағы екі жыл кешкі мектепте оқып, орта білімді меңгерді. Оның алғашқы жұмыс орны «Ленинский» деп аталған бүкіл елге белгілі көкөніс-сүт кеңшары болды. Бинәлі осында ата-анасына көмектесу үшін келіп, олар зейнетке шыққанға дейін жұмыс істеді. Кейін өз отбасының болашағы үшін еңбек жолын ары қарай жалғастырды. Зайыбы Гүлбаяз екеуі осыдан 38 жыл бұрын отбасын құрған. Бақтияр атты ұл, Ирада есімді қыз өсіріп, немере сүйіп отыр.
– Түрік халқының көптеген өкілі сияқты өткен ғасырдың 40-жылдарында біздің әкеміз бен анамыз Грузиядан Қазақстанға депортацияланған, – дейді Бинәлі Баязұлы. – Мұнда олар ауыр сынақтан өтті. Кейін ұрпақ өрбітті. Анамыз 82 жасқа келіп дүниеден озса, әкеміз 84 жасында бақилыққа аттанған. Ал мен осы кеңшарда 1991 жылға дейін сумұрап болдым және өзіме тапсырылған өзге де жұмыстарды жауапкершілікпен атқарып жүрмін.
Бинәлі Баязұлы «Ж-Қаскелең» ЖШС-на 1992 жылдың наурызында, досы Валера Семченконың ұсынысымен келген. Осылайша жаңа ұжымға қосылады. Әртүрлі учаскелерде су ағызатын тетіктерді қадағалап, қай жерге қанша су қажет екенін ескере отырып. аудандарға берілуін реттейді. Сондай-ақ қай жерде қандай құбыр жатқанын көрсетіп, жұмысшыларға қалай қазу керектігін айтады.
– Бригаданың құрамында үш сантехник-слесарь және бір дәнекерлеуші бар, – дейді Бинәлі Баязұлы. – Оны 14 жылдан бері «Ж-Қаскелең» кәсіпорнында жұмыс істейтін Ислам Мамедов басқарады. 20 жылдан астам уақыт бойы сантехник-слесарь болып еңбек ететін Жасым Воловодзе, дәнекерлеуші Николай Васютин, тракторшы Сергей Федосеенко да міндетін мінсіз атқаруда. Кәсіпорын директоры Жеңіс Бектасов әрқайсымыз үшін алаңдап, жақсы жағдай жасауға тырысады. Мысалы, техниканы толықтай жаңартуға мүмкіндік берді. Бұл біздің жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Мен әріптестеріммен бірге тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз етіп жатқаным үшін өзімді бақытты сезінемін. Сондай-ақ ұлым Бақтияр жолымды қуып, ұрпақ сабақтастығы жалғасып жатқаны қуантады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаны үшін алғыс білдіреміз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы