Бүгінде жастардың жаңа технологиялар мен цифрлық құралдарды жетік меңгеріп, әлемдік өзгерістерге тез бейімделе алуы маңызды. Себебі ақпараттық технологиялар – экономиканың ең жылдам дамып келе жатқан саласының бірі. Ол бизнес пен өндірістен бөлек, білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызмет және басқа да салалардың тиімділігін арттырып, цифрландыру үдерісін жеделдетуде. Бұл тұрғыда инновациялық орталықтардың маңызы зор.
Солардың бірі – Қонаев қаласындағы «Alatau hub». Елордадағы «Astana hub»-тың филиалы ретінде құрылған орталық ашылғанына көп уақыт болмаса да, жақсы нәтижелер көрсетуде. Ол стартаперлер, IT-мамандарын, инвесторлар мен осы салаға қызығатын барша жанды бір орталыққа жинап, өзара тәжірибе алмасуға, білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Орталықта робототехника, бағдарламалау негіздері және код енгізу, сайт жасау, 3D-дизайн курстары бойынша білікті мамандар тегін сабақ береді. Оқыту аяқталған соң шәкірттерге арнайы сертификат табысталады. Бұлардан бөлек те өткізілетін шаралар көп. Мысалы, «Speaker talks»-та білікті спикерлер аталған саланың қыр-сырын жан-жақты түсіндіреді. Ал «Digital Elshi» жобасында қарапайым ауылдан шыққан, бүгінде әлемнің озық компанияларында жұмыс істейтін IT-мамандар өзінің өмір жолымен, тәжірибесімен бөліседі. Ал «Bootcamps»-та қатысушылар белгілінген уақыт аралығында бір бағыт бойынша тереңірек білім алады. «Инкубация» жобасында идеяны жетілдіруге, толықтыруға көмек беріледі және «Акселерация» сол идеяның нарыққа шығуына септігін тигізеді. «Хакатон» жобасында үлкен компаниялар өздерінің мәселелерін жеткізеді, ал стартаперлер оны шешу жолдары жайында өз ұсыныстарын айтып, бақ сынайды және оның жүлде қоры да ауқымды. Сондай-ақ курстар онлайн түрде арнайы платформада да өткізіледі.
Қонаев көпсалалы колледжінде «есептеу техникасы және ақпараттық желілер» мамандығында оқитын Раян Бойсаев графикалық дизайн курсын үздік тәмамдағандардың бірі. «Alatau hub»-қа сапалы білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Сабақ барысында қызықты тапсырмаларды орындап, қателермен мұқият жұмыс істедік. Мұғалімдердің қолдауы ерекше болды. Алған білімімді қазірдің өзінде сәтті қолданып, тапсырыстар қабылдау үстіндемін, әсіресе облыстағы түрлі басқармалардан ұсыныстар көп түсуде», – деді ол.
Орталықтағы бірден көңіл аударарлық жоба – робототехника курсы. «Робототехника логикалық ойлау қабілетін дамытады. Оны меңгеру үшін балаларда үйренуге деген талпыныс және төзімділік болуы керек. Алғашқы кезде үлкен шабытпен келген жеткіншектерге кейде тұрақтылық жетіспей, қиындықтарға шыдамай жатады. Қатысушылардың жас ерекшелігі әртүрлі. Негізінен 1-10-сынып аралығындағы балалар келеді. Оларға деңгейіне, жасына сай конструкторлар беріледі. Ең бастысы, жасаған роботтарына түрлі бағдарламалар енгізіп, сайыстарға қатысып, өз жұмыстарын жетілдіруде», – деді робототехника курсының жетекшісі Константин Долгополов
«Alatau hub»-та стартап жобаларға арналған сайыстар жиі ұйымдастырылады. Жарысқа қатысып, жеңімпаз атанғандардың бірі – Максим Макурочкин. Қазіргі таңда мұғалімдер материалдарды әртүрлі сайттар мен дереккөздерден алатыны белгілі. Ал Максимнің «Мұғалімге көмек» қосымшасында бұл материалдардың барлығы кеңейтілген әрі түсінікті түрде жинақталып беріледі. Осылайша сабақ жоспарын құру және тапсырмаларды тексеру барысы жеңілдей түседі.
Жәмилә Төлеуханның «Kozhe» жобасы экологияға қауіп төндіретін азық-түлік қалдықтарынан арылуға көмек береді. «Біз тамақ өнімдерін сатушылар мен тұтынушыларды байланыстыратын мобильді платформа прототипін жасадық. Платформа арқылы мерзімі аяқталуға жақын өнімдерді төмендетілген бағамен сатып алуға болады. Осы арқылы тұтынушылар ақшасын үнемдеп қана қоймай, тағам қалдықтарының азаюына үлес қосады», – деді стартапер.
Осылайша «Аlatau hub» талапты жастарды қолдап, идеясын әрі қарай дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырып, еліміздегі маңызды инновациялық орталыққа айналып келеді.
Гүлзат Байқонысова